Елімізде 2 шілдеден бастап докторантураға түсуге арналған емтиханға қатысуға өтініш қабылдау басталды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді. Құжаттарды 3 тамызға дейін тапсыруға болады, деп хабарлайды Egemen.kz
Өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының сайтында тіркеу қажет. Үміткерлер докторантураға түсу үшін тек бір жоғары оқу орнын және бір білім беру бағдарламалары тобын таңдай алады.
Өтінішті жеке кабинет арқылы 3 тамызға дейін өңдеуге немесе жоюға болады. Ал емтиханның өтетін орны мен уақыты туралы ақпарат талапкердің жеке кабинетінде 9 тамызда жарияланады.
Қабылдау емтиханына не кіреді?
- әңгімелесу;
- эссе жазу;
- білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша емтихан сұрақтары.
Емтиханның ең жоғары бағасы – 100 балл. Оның ішінде: Әңгімелесу - 30 балл, эссе - 20 балл, бейіндік емтихан - 50 балл.
Мемлекеттік білім беру гранты бойынша да, ақылы негізде де конкурсқа қатысу үшін шекті балл – 75.
Докторантураға түсу үшін талапкерлер ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификатты, сондай-ақ кемінде В1 деңгейіндегі шет тілін меңгергенін растайтын сертификатты ұсынуы қажет.
Бұл талап «Дене шынықтыру педагогтерін даярлау», «Музыка педагогтерін даярлау», «Қазақ тілі мен әдебиеті педагогтерін даярлау» және «Орыс тілі мен әдебиеті педагогтерін даярлау» білім беру бағдарламалары топтарына түсуге ниет білдірушілерге қолданылмайды.
Ал TOEFL ITP сертификаты бар талапкерлер қабылдау емтиханы басталғанға дейін ағылшын тілі бойынша қосымша тестілеуден өтуі тиіс.
2026 жылдан бастап талап етілетін құжаттар тізімі:
Ғылыми зерттеу жобасы (Research Proposal);
Соңғы үш күнтізбелік жылдағы ғылыми жарияланымдар тізімі (бар болса);
Зерттеу жүргізу жоспары;
Эссе.
Сонымен қатар талапкерлер бейіндік докторлар бағдарламаларына, оның ішінде Industrial PhD және DBA (Doctor of Business Administration) бағдарламалары бойынша да түсе алады.
Бұл бағдарламаға түсушілерден шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттың белгілі бір деңгейі талап етілмейді. Сондай-ақ олар қабылдау емтиханында эссе жазбайды.
Бейіндік докторантураға арналған емтиханның ең жоғары бағасы - 80 балл:
- әңгімелесу - 25 балл;
- бейіндік емтихан - 50 балл;
- кәсіпорындар мен ұйымдардың ұсыным хаты (болған жағдайда) – 5 балл.
Бұл бағдарлама бойынша шекті балл – кемінде 50 балл.
Докторантураға түсуге арналған өтініштерді қабылдау 3 тамызға дейін жалғасады. Ал қабылдау емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді.