• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
18 Шілде, 2010

86 ЖАСТАҒЫ ЖАСАЛҒАН САПАР

579 рет
көрсетілді

Киевтегі қаруластарыммен қауышуға мүмкіндік берді Менің Украинада өтетін мере­ке­лік шараларға қатысқым келге­нінің өзіндік сыры бар еді. Оны баяндап айтсам былай. Жеңіс ме­рекесінен көп бұрын Мәскеу қа­ла­сында өтетін парадқа баратын, сон­дай-ақ еліміздің астанасы Астана қаласындағы ұлы Жеңістің 65 жыл­дығына арналған мерекелік ша­ра­ларға қатысатын майдангерлердің тізімі өзіміздің облыстық бұқара­лық ақпарат құралдарында жария­ланып, айтылып жатты. Бірақ ме­нің фамилиям біреуінде де атал­ма­ды. Содан оңаша отырып ойланай­ын. “Соғысқа бастан-аяқ қатыс­қа­ным рас. Елге офицер болып орал­дым. Алған орден-медальдарым да бір басыма жетерлік. Жасым 90-ға қарай кетіп барады. Ұлы Жеңісті бұдан былай дүрілдетіп тойлағанын енді қайтып көремін бе, көрмеймін бе?” – дедім ішімнен. Ақыры Ук­раина елінде өтетін мерекелік ша­раға баруға әрекет жасадым. Неге? Өйткені мен І және ІІ Украина майдандарындағы 30-шы инженер­лік-саперлік батальонда байланыс бөлімшесінің командирі есебінде 1943 жылдың 6 қарашасы күні Ки­ев­ті азат етуге қатысқан едім. Ба­тальон 6-шы инженерлік-саперлік бригаданың құрамында болатын. Ал ол Бас Қолбасшының есебіндегі арнаулы әскери құрама саналатын. 6 қарашада Киевті жаудан азат еткеннен кейін біздер қаланың бас алаңы Крещатникті жау қойып кет­кен миналардан тазарттық. Сол кү­ні Үкімет үйі, драма театры сияқ­ты халық жиналуға тиіс орындарды да жарылғыштардан қауіпсізден­дір­дік. Сол күні кеште драма театрында Ұлы Октябрь социалистік револю­ция­сы­ның 26 жылдығына арналған сал­­танатты жиналыс өтті. Оған қа­ру­лас­тарыммен бірге мен де қатысқан едім. Келесі күні қала­дағы мәде­ниет, оқу орындарын, шіркеулерді минадан тазарттық. Содан кейін алға жылжып, Украи­на жеріндегі талай жойқын ұрыс­тар­ға қатыстым. Сондағы жауын­герлік тапсырма­лар­ды орындаға­ным үшін “За от­вагу”, “За боевые зас­луги” медаль­дарымен наградтал­ған едім. Ук­раина елі мені кейін де ұм­ытпай, даңқ­ты мерекелерде құттық­­тау, юбилейлік медальдар жіберіп тұрды. Сөйтіп, жоғарыдағы жайларды ой елегінен өткізе келіп, Украина Президентінің Әкімшілігіне, сол елдің Жоғарғы Радасының қабыл­дау бөлмесіне 30 сәуір күні телефон шалдым. Ондағы қызметкерлер ме­німен өте жылы шырайда сөй­лес­ті. Тек Украина еліне, Жеңісті той­­лауға келу ТМД елдерінің Сырт­­қы істер министрліктері ар­қылы ше­ші­летіндігін айтты. Тура сол күні түс қайта еліміздің Сырт­қы істер ми­нис­трлігіне телефон шалып, Ук­раинада соғысқанымды айта келіп, сол елге баруға ынталы екендігімді жеткіздім. Арада 30-40 минут өт­кен­де бұл ведомство­да­ғылар Қор­ғаныс министрлігіне ха­барлас­қандарын, енді менің ша­руам­мен олардың айналысып жат­қан­дығын жеткізді. Бір сағаттың төңірегінде өзіміздің қорғаныс жө­ніндегі облыстық департаменттің офицері арнайы келіп, менімен әңгімелесті. Арасында ұялы теле­фон­мен Қор­ғаныс министрлігіндегі жауапты қызметкермен де сөй­лестірді. Сосын бас-аяғы 4-5 күнде ме­нің Киевке баратын сапарымның мә­селесі шешілгені бар емес пе. Құ­жаттарым әзір болды да 5 ма­мыр күні Астанаға ұштым. 7 мамыр күні Киевте елшіліктің қызмет­кер­лері қарсы алып, “Украина” қо­нақ­үйіне орналастырды. Қазақстанның осындағы елшісінің орынбасары Қу­андық деген азамат бізге онда ар­найы дастарқан жайып, қонақ етті. Алдағы келе жатқан Жеңіс мей­­­­рамымен құттықтады. Елші­лік­тің ауласында киіз үй тігулі тұр екен. Болашақта мұндағы бір гек­тар жерге арнайы үй салынбақ көрінеді. Жеңіс мерекесіне байланысты барлық шаралар сол біз барған күні басталды десе де болады. Тарихи ор­ындарды, мұражайларды арала­тып, аяғымызды жерге тигізбеді. Украинамен танысуды елдің та­рихи-мемлекеттік мұра­жайынан бас­тадық. Он­да әр қиырдан жинал­ған майдангерлердің басы қосылған салта­нат­ты жи­ын өткізілді. Мен бі­рінші болып сөйлеп, Ұлы Отан соғысы кезін­де І, ІІ Ук­раи­на майдан­да­ры әс­кер­лерінің құра­мын­дағы жауынгер жол­дас­та­рымның ерліктері ту­ра­лы әңгі­ме­леп бердім. 86 жасымда Киевтегі ме­рекелік ша­раларға қаты­сып отыр­ғаныма қуа­ныш­ты екен­дігімді, май­дангерлерді ерекше ықы­ласпен, құр­метпен қарсы алғандары үшін украин­дықтарға бек риза болып тұрға­ным­ды жет­кіздім. Ме­нен кейін Ре­сейден, Бе­ларусьтен, Әз­ір­бай­жан­­нан, Өзбек­стан­нан кел­ген арда­гер­лер сөй­леп, ризашы­лық­тарын айтып жатты. Сол күні Украи­на­ның мем­ле­кеттік концерт залында үлкен жи­ын болды. Оған Пре­зи­дент В.Яну­кович қатысып, ардагер­лерді ме­рекемен құттықтады. Театр­лан­дырылған концерттерін ке­ремет әзірлепті. І, ІІ, ІІІ, ІV Ук­раи­на май­­дандарының тулары сахнаға әке­лінгенде, зал тікесінен тік тұрып қол соғып, ұзақ овация жасады. Келесі күні Украинаның Премь­ер-Министрі қонақтарды қа­былдап, ел Президенті В.Януко­вичтің бір топ соғыс ардагерлерін марапаттау жөніндегі Жарлығын оқыды. Менің кеудеме ІІІ дәрежелі “За му­жество” ордені қадалды. Содан кей­ін Украина Рес­публикасы Қорғаныс министр­лі­гінің және осы елдің ха­лықаралық соғыс арда­герлері ұй­ы­мының ме­дальдарымен де наград­тал­ғанымды айта кетейін. Соңғы ме­даль өзінің атынан кө­рініп тұрға­нындай, соғыс ардагер­лерінің ха­лықаралық жиы­ны қай мемлекетте болса, соған баруға, қатысуға мүм­к­індік береді екен. Айтпақшы, Ук­раи­на еліне бару­ым­ның тез ше­ші­луіне, бір жағынан, кезінде “В па­мять 1500 летия Киева” меда­лімен марапат­талуым­ның да көмегі бол­ға­нын айта кетуім керек. Оны кезінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Прези­диумы шығарған. Содан 1983 жылы 31 қаңтарда мен Киев қалалық ха­лық депутаттары кеңесі атқару ко­ми­тетінің шешімімен осы медаль­мен наградталған едім. 9 мамырдағы Киевтегі Жеңіс ше­руін Украина Президенті В.Яну­ко­вич қабылдап, мереке керемет өтті. Тілмен айтып жеткізе ал­май­тын әсерге бөлендік. Бұл сапардан мен кәдімгідей сергіп, қуаттанып қайттым. Алыстағы елді көруіме мүмкіндік жасап, жағдай туғызған азаматтарға мың рақмет! Қосаман ОРЫНБАСАРОВ, Ұлы Отан соғысының ардагері, Украина Республикасының ІІІ дәрежелі  “За мужество” орденінің иегері. ОРАЛ.