• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2015

Көктем сайын құрылыс құлайтыны неліктен?

250 рет
көрсетілді

Қазақстанда көктем сайын құрылыс құлайтын әдетке айналып бара жатқандай. 2012 жылдың 6 сәуірінде Қарағандыдағы «Бесоба» кешеніндегі үй құлаған еді. Ондағы пәтерлердің құны 330 миллиондай болса, тұрғындар 545 миллион шамасындай шығынға ұшыраған болатын. Ал, биылғы көктемде екі құрылыс құлады. 2015 жылдың 25 наурызында Қызылордада мем­лекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан үй құлады. БАҚ-тар бір жұмысшы қаза тауып, 2 адам жарақат алды деп хабарлады. Таяуда ғана, 2015 жылдың 24 сәуірі күні Алматының Рысқұлов даңғылы мен Ахрименко көшелерінің қиылысында салынып жатқан жолайрық көпірі құлап қалды. Жұмыс уақытында еңбектеніп жатқан 52 жұмысшының 21-і зардап шегіп, 11 адам ауруханаға жатқызылып, бір адам опат болғаны хабарланды. Қарап тұрсақ, көктем сайын құрылыстар құлап жатыр. Тағы қай жерде қандай құрылыстың құлайтынын бір Құдайдың өзі біледі. Мүмкін, құрылысқа қатысты адамдар білетін шығар. Әрине, құрылыстың құлауы біріншіден, оның сапасыз салынуынан екені белгілі. Екінші жағынан, тендер мен жемқорлық та әсер етіп жатқандай. Бір кезде Ғани Қасымов депутат болып жүргенде: «Тендерді ұтып алу үшін компаниялар сол ақшаның 40 пайызына дейінін тендерді ұйымдастырушыларға береді» деген еді. Бөлінген ақшаның біраз бөлігі пара ретінде жоқ болса, қалған қаржы сапалы құрылыс салуға қайдан жетсін. Жоба бойынша қолданылуға тиісті материалдардың орнына арзан, көбіне қытайлық материалдар салынып, құрылыс сапасыз болып шығады. Соның салдарынан құрылыстар бітпей жатып құлауда. Біткеннің өзі қабылдау комиссиясына пара беру арқылы өткізіледі. Жалпы, қазір бізде, қай сала болса да парасыз іс бітпейтін болып барады. Мысалы, «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауылды жерлерді таза сумен қамтамасыз ету жобасы бар. Бірақ ауылға құбыр тартылса, су шығаратын насосына қаржы жетпей қалады. Насос қойылса, құбырға қаржы жетпей қалады. Сонда смета бойынша бөлінген ақша неге жетпей қалады? «Ақ бұлақ» бағдарламасының біраз қаржысы да шенеуніктердің ұры қалталарына түсіп кетеді-ау деген ой келеді. Бізде қазір неше түрлі бағдар­ламалар көп. Оларға миллиардтап қаржылар бөлініп жатады. Бірақ, көбінің нәтижелері көңіл көншітпейді. Істің соңында жұмыстар сапасыз. Не аяқталмай қалады. Не аяғына жетпей бағдарлама тоқтатылады. Ал қаржының қайда кеткені тексерілмейді. Бөлінген қаржының есебін сұрап отыратын ешкім жоқ. Сондықтан, бөлінген қаржының қайда, қалай жұмсалғанын ізін қуып отырып тексеретін, әртүрлі ұйымдар мүшелерінен құралған мемлекеттік комиссия құру керек. Әйтпесе, құрылыс қана емес, одан зордың да құлап қалуы мүмкін. Назрахмет Қали, зейнеткер. АЛМАТЫ.