• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Тамыз, 2015

Білім беру мазмұнына жаңа көзқарас

668 рет
көрсетілді

 *Мұғалімдердің тамыз мәслихаты Кеше Конгресс-Холлда Астана қаласы педагогтарының дәстүрлі тамыз кеңесі болып өтті. Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында өткенді саралап, алдағы оқу жылына жоспар құратын дәстүрлі басқосуға Парламент депутаттары, Білім және ғылым министрлігінің, елордадағы барлық деңгейдегі білім мекемелерінің өкілдері, білім саласының ардагерлері қатысты. Онда қалалық білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева «Білім беру мазмұнын жаңарту: болашаққа бағыттау» атты тақырыпта баяндама жасады. «Мемлекетіміз қашанда білім мен тәрбие беру мәселесіне ерекше маңыз беріп келеді. Оның нақты дәлелі – Елбасымыз белгілеген «100 нақты қадам» бағдарламасы. Аталған Ұлт жоспарының әрбір жолының мазмұнында «Біздің ел, біздің ұлт, біздің болашақ» атты жасампаз бағдар айқын көрініс тапқан. Ендеше, білім беру жүйесі жаңартылады. Яғни, білім – әлемдік, тәрбие ұлттық деңгейде болуы тиіс. Бұл ретте сіз бен бізге жүктелер міндет жүгі де ауыр екендігі анық», деп бастады баяндамасын қалалық білім саласының басшысы. Одан әрі Эльмира Амангелдіқызы осындай үлкен мақсатты жолды жүктелген жауапкершілікті ойдағыдай атқару үшін әрбір ұстазға жан-жақты ізденіс, қазіргі заманымызға сай жаңа технологияларды игеру, жалпы терең білім ауадай қажет екендігін атап көрсетті. Астана қаласында соңғы жылдары мектеп жасына дейінгі мекемелердің жұмысын жақсарту мақсатында кешенді шаралар жүргізілуде. Жыл сайын бірнеше мектеп жасына дейінгі мекемелер салынып, пайдалануға берілуде. Алайда, астаналық бүлдіршіндерді балалар бақшасымен толық қамту мәселесі үлкен проблема күйінде қалуда. Бүгінде қала бойынша 83 582 бүлдіршін балалар бақшасының кезегінде тұр. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен алдағы уақытта бұл мәселені толық шешу мақсатында кешенді шаралар іс жүзіне асыруда. Елорданың ауқымы өсіп, керегесі кеңей­ген сайын білім мекемелеріне деген сұраныс та артуда. Бас қаламыз дамыған сайын бі­лім саласы да қанат жайып, өсу үстінде. Жыл сайын жаңа мектептер мен балалар бақшалары есігін айқара ашады. Қалалық білім беру мекемелерінде инновациялық жобалар жүзеге асырылып, олардың мате­риалдық-техникалық базасы нығаюда. Қала мек­тептерін компьютерлендіру толық көле­мінде жүзеге асырылды. Міне, осындай зама­науи технологияға сай білім беру нәти­же­сінде оқушылардың үлгерімі де жыл­дан-жылға жақсарып келеді. 2014-2015 оқу жы­лы­ндағы ҰБТ-ға 3 399 түлек қатысты. Қала мектептері бойынша, 2015 жылғы ҰБТ балы 86,8 пайызды құрады. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Қала мектептерін «Алтын белгімен» бітірген түлектердің 64,7 пайызы алған білімдерінің деңгейін қуаттады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 5 пайызға жоғары. Өткен оқу жылында қала мектептерінің 399 оқушысы халықаралық олимпиадаларға және ғылыми жарыстарға қатысты. Біздің түлектер олимпиадалық жарыстарда 239 медаль­ды жеңіп алды. Елорданың олим­пиадалық командасы республикалық олимпиадада бірінші орынды иеленді. Қаламызда дарынды балалар оқитын мектептер жүйесі кеңейтілуде. Биылғы жылғы қазан айында математика бағыты бойынша дарынды балалар оқитын арнайы мектеп ашылмақ. Жаңа оқу жылының басында барлық пәндер ағылшын тілінде оқытылатын жаңа мектеп есігін айқара ашады. Баяндамашы атап көрсеткендей, елордалық білім саласының қол жеткізген жетістіктері үлкен, алайда, алда тұрған міндеттер ауқымы одан да жоғары. Бүгінгі басқосудың тақырыбында атап көрсетілгендей, білім беру мазмұнын жаңарту күн тәртібіндегі басты міндет болып табылады. «Ұрпақ тәрбиесі – кешенді түрде жүзеге асырылатын аса жауапты іс. Сондықтан да, біз бүгін бәріміз, көп болып жастарымыз­ды тәлімді де тәрбиелі етіп баулуға тиіспіз. Өмір­ге келген сәби отбасында өнегелі тәр­бие алса, өскенде де әдепті, ақылды болып, қоғамда лайықты орнын алады. Бүгінгі күрделі проблеманың бірі – түрлі діни секталарға енген отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар болып отыр. Олар мектеп ережесін мойындамай, өз «заңдарымен» жүр­гісі келеді. Қоғам тарапынан бұл мәсе­леге айрықша мән берілуі керек», деді баян­дама бойынша жарыссөзге шыққан Әл­кей Марғұлан атындағы №40 орта мектеп­тің директоры Ербол Іргебай. Ол өзінің сөзін­де ата-ана мен мектеп ара­сындағы ынты­мақ­тастық байланысты ны­ғай­туға арнал­ған кешенді ұсыныстарды орта­ға салды. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа әлем­дегі жаңа Қазақстан» атты Жол­дауында «Қазақ­стан әлемдегі бәсекеге барын­ша қабі­летті 50 елдің қатарына ену үшін білімді де зер­делі, жан-жақты дамыған дарын­ды, қабі­лет­ті ұрпақ керек», деген бола­тын. Бәсе­кеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – бүгін­гі мектеп­тің алдында тұрған ұлы мін­дет», деп түйін­деді ол сөзін. Бүгінде қаламызда 7 968 мүмкіндігі шектеулі мектеп жасындағы балалар бар екен. Олардың әрқайсысы үшін білім жолы ашық та жеңіл болу үшін не істеуіміз керек? Міне, нақ осы мәселе төңірегінде қала­дағы №1 сауықтыру орталығының мұға­лім-дефектологы Жансұлу Бұқабаева қорда­ланған мәселелерді ортаға салып, бірқатар нақты ұсыныстар айтты. Астаналық мектеп оқушыларының білімін нығайтып, дүниетанымын кеңейтуде Оқушылар сарайында тұрақты жұмыс істейтін үйірмелердің маңызы зор. 2014-2015 оқу жы­лында Оқушылар сарайында тұрақ­ты жұмыс істеген 118 әртүрлі үйір­ме­лер мен секцияларда 9 500 бала дәріс алды. Көп­балалы және аз қамтамасыз етіл­ген от­басы­ларынан шыққан балалар, ­же­тім бала­лар бұл үйірмелерге тегін барады. Оқу­шылар сарайы «Музыкалық қабілетті ерте дамыту» үйірмесінің жетекшісі Бронислав Бугинастың айтуынша, үйірмелер мен секция­ларды өз ісіне берілген нағыз тәжірибелі мамандар жүргізетін көрінеді. Мәселен, «Жас ғарышкер» үйірмесін сынақшы-ұшқыш, ғарышкер Айдын Айымбетов жүргізеді. Оқушылар сарайында тәрбиеленушілер тек өткен оқу жылында ғана халықаралық және республикалық дәрежедегі жарыстарда 391 рет дипломдарды жеңіп алған. «Мемлекет үшін білім мен тәрбиенің орны қашанда ерекше. Елімізде жастардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Әлемдік экономикалық дағдарыстарға қарамастан, бүгінде елордамыздың экономикасы қарқынды дамуда. Сонымен бірге, білім саласында да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеміз. Оның дәлелі – биыл астаналық түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең үздік нәтижеге қол жеткізді», деп бастады елордалық ұстаздардың тамыз кеңесінде сөйлеген құттықтау сөзінде Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков. Әкім өз сөзінде қала мектептерінде енгізілген жаңа технологиялар мен инновациялық жобалар «Астана – ақылды қала» дәрежесіне сәйкес дамытылып отырғандығын атап көрсетті. Оның айтуынша, астаналық тұрғындар саны үнемі өсу үстінде. Қала халқының табиғи өсімі жылдан-жылға көбейіп келе жатқандығы да қуантады. Мәселен, 2014 жылғы сәйкес мерзімде қала бойынша 11,8 мың нәресте дүниеге келсе, үстіміздегі жылы дәл осы мерзімде 12,5 мың сәби дүние есігін ашты. Осыған байланысты қаламызда мектеп жасына дейінгі мекемелерде орын тапшылығы сезіледі. Әкім бұл проблеманың таяу жылдарда толық шешілетіндігін мәлімдеді. Тек үстіміздегі жылы 3 жаңа балалар бақшасы салынып, 2 мектеп жасына дейінгі балалар мекемесі пайдалануға берілген. Қазіргі кезде елордада 10 мектеп жасына дейінгі балалар мекемесінің және 1 қосымша ғимараттың құрылысы салынуда. Сонымен бірге, қала әкімі келесі жаңа оқу жылын «Астана қаласы білім беру саласының инновациялық жаңару жылы» деп жариялауды ұсынды. Әкім ұсынысын тамыз кеңесіне қатысушылар қызу қолдады. Астана қаласы мектептері мұғалімдерінің дәстүрлі тамыз кеңесінің жұмысына қатыс­қан Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов алдағы жаңа оқу жылы еліміз бойынша мектептерді жаңа білім стандарттарына көшіру кезеңі болып табылатындығын атап көрсетті. Ол бұл ретте мұғалімдерге қойылатын талаптың жоғары болатындығын айтты. Мектеп мұғалімдерінің кәсіби білімін жетілдіру мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылмақ. Осы уақытқа дейін Назарбаев Университет базасында 40 мыңнан астам ұстаз білімін жетілдірген. Алдағы уақытта бұл үрдіс одан әрі жалғасатын болады. Елорда ұстаздарының дәстүрлі тамыз кеңесінің қорытындысында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов қалалық білім беру саласының бір топ қызметкерлерін марапаттады. Атап айтқанда, Астана қаласы білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, Астана қаласы №9 «Зерде» дарынды балаларға арналған мектептің география пәнінің мұғалімі Гүлназия Байулова, №60 мектеп-лицейдің биология пәні мұғалімі Эльмира Мұханбедина, медициналық колледж директоры Ақбала Саржанова «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.