АСТАНА. 16 мамыр. Еліміздегі әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кеткен видеоролик көрген жанның жағасын ұстатты. Онда екі кішкентай баланың төбелесіп жатқаны түсіп қалған. Бұл туралы today.kz хабарлады.
Ең сорақысы, жанжалға араласқан ересек ер адам балалардың бірін көтеріп алып, жерге алып ұрды. Жерге басымен түскен бала орнына көтеріле алмай қалды. Ал екі жеткіншекті «ажыратқан» ер адам оған мән берместен, өз жөніне кете барды.
Осы жайттан кейін жерде жатқан баланы өзге біреуі келіп тепкілей бастады. Осыншалықты қатігездікті көре тұра, сол маңнан өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің бірі де бұрылып, оқиғаның мән-жайын анықтауға асықпады. Қазіргі таңда бұл жайт қазақстандықтардың ашу-ызасын тудыруда.
Facebook әлеуметтік желісін пайдаланушылардың бірінің айтуынша, оқиға Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында болған. Видео алғаш жергілікті тұрғындар арасында тараған. Олардың кейбірі бейнедегі ер адамның Аягөздегі «Оңтүстік» әскери қалашығында тұратынын және келісімшарт бойынша сол салада қызмет ететінін айтуда.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: today.kz.