АСТАНА. 31 наурыз. Енді екі сағаттан кейін футболдан Ресей мен Қазақстан құрамалары арасында жолдастық кездесу басталады. Аталған ойынды стадионнан 9 мыңнан астам жанкүйер тамашаламақ. Бұл туралы sport-express.ru хабарлады.
Ойынның Химки қаласында өтетіні белгілі. Астана уақыты бойынша сағат 23:00-де басталатын ойынды «Хабар» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Ресей құрамасының бас жаттықтырушысы Фабио Капелло бүгінгі кездесуге ерекше мән беріп отыр. «Бұл матч ойыншыларымыздың шама-шарқын анықтауға мүмкіндік береді. Бізді алда 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы шешуші ойындар күтіп тұр. Сондай маңызды кездесулердің алдында дайындықтарымызды пысықтау үшін бүгінгі ойынға ерекше мән беріп отырмыз», – деді Капело мырза.
Өз кезегінде, Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Юрий Красножан алдағы кездесуді тәжірибе алмасу және өз ойын өрнегімізді жетілдіру үшін берілген мүмкіндік деп бағалады.
«Екі мемлекеттің достық қатынаста екені белгілі. Сондай-ақ, екі команданың да болашағы жарқын деп білемін. Ресей 2018 жылдан зор үміт күтеді. Бүгінгі ойынға байланысты қарсыластарымыз алдағы матчтарда алаңға шығатын құрамасын жасақтамақ. Ал біздер 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарына қатыспаған кейбір футболшыларымызға мүмкіндік бермекпіз», – деді Юрий Красножан.
Еламан Қоңыр.
Дерек: sport-express.ru.
Сурет: eurosport.ru.