• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2010

“ТОҒЫЗЫНШЫ ТІЛЕК ТІЛЕҢІЗ!”

995 рет
көрсетілді

Биылғы жылы, бәрімізге белгілі, Қазақстанға тағы да бір үлкен міндет жүктелді. Шынын айтқанда, бұл да Елбасымыздың көреген саясатының арқасы деп білемін. 2010 жылы Қа­зақстан Республикасы 56 елдің басын біріктіріп отырған беделді халық­ара­лық ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Мұның біздің елге көрсетіліп отырған зор құрмет пен сенім екенін әрқай­сымыз терең түсінуге міндеттіміз. Әлемдік қоғамдастықтың бола­шақ­қа бет түзеген ұлы көші ХХІ ға­сырдың оныншы жылына да қадам басты. Осы көштің құрамында өз алдына дербес жеке керуен ретінде Қазақ елі – Қазақстан Респуб­ли­касы да бар. Қаншама қиындықтар, қан­шама кедергілер, “тар жол, тайғақ кешулер” кездессе де, біздің ұлы көшіміз алған беттен таймай, сенімді түрде жарқын келешегіне келе жатыр. Әлем сан алуан реңкке толы. Қай тұсқа қарасаң да әйтеуір бір қарама-қайшылықтарға көзің түседі. Бір елде төңкеріс болып жат­са, енді бір елде қиян-кескі қыр­ғын­ның кесірінен қарапайым халық қан­ға боялуда. Енді бір ел аштық құр­сауының салдарынан босып кеткен хал­қының басын біріктіре алмай әлек. Осындай қиғаштықтардың бәрінен Қазақ елі  дін аман. Осының бәрі ел Прези­денті белгілеген халықтар достығы мен бірлігі саясатының    арқасы деп ойлаймын. Қай кезде де елімді қалай алға бастаймын деген Елбасының басты ойын мына сөзінен анық байқауға болады. Н.Назар­баевтың: “Өзім үшін емес, елім үшін толғанамын: бір басыма керекті қай күнде де табармын. Халқыма керекті қалай табамын, қайдан табамын деп қам жеп жүру тек қана менің емес, әр азаматтың ісі мен жадында болуы қажет”, дегені халықтың жүрегінен орын алды. Тәуелсіздіктің елең-алаңында  Н.Назарбаевпен бірнеше мәрте жүздескен Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер Алматыға келген сапарында Қазақстан Пре­зи­ден­тімен өткізген кездесуі жө­нінде өз мемуарында былай деп  жазады: “Менің Назар­баев­пен сұхбат бары­сын­да өткізген үш сағатым бұған де­йін болған жүздесулерімнің ішіндегі ең бір ерекше есте қалғаны болды. Ол сұхбаттасушысына үлкен әсер қал­дыра білетін көшбасшы”, дей ке­ліп, елді басқарудағы, өзге елдермен ын­тымақтастық орнату­дағы ұста­нымдарына соншама таңданыс білдіргенін жасырмады. Басшылық тізгіндегі тәжіри­бенің молдығы мен тәуелсіз еліне деген орасан сүйіспеншілік Н.Назар­баев­тың бойында алғашқы сәттерден-ақ ба­тыл қадамдар жасауға деген құ­л­шыныс қалып­тастырды. Тап сол уақытта дүние сәт сайын өз­ге­рістерге толы болды ғой. Түртіп қал­саң құлағалы тұрған қирандыдай күйге түскен Одақ бір-ақ күнде со­ғыс­сыз қаусап түсті. Енді осы үйін­дінің бір бүйірінен зәулім сарай тұр­ғызу айтарға оңай шығар, іс жүзінде қиямет-қа­йымның нағыз өзі болатұғын. Бұл туралы Президенттің өзі “Ғасырлар тоғысында” атты кітабында былай дейді: “Біз бірнеше проблеманы шешуге тиіс болдық. Біріншіден, біздің мемлекетіміздің шын мә­нін­де қандай мемлекет екенін көрсету керек еді. Екіншіден, Қазақ­стан­ның халықаралық тұрғыда та­нылуын ғана емес, сонымен қатар оның қауіпсіздігін, территориялық тұтастығын қамтамасыз ету керек болды. Үшіншіден, дүниежүзілік шаруа­шылық-экономикалық байла­ныстарға қосылу керек еді”. Міне, дәл осындай алмағайып тұста біздің Елбасымыз өзі айтқан үш бағытта да еш жаңылған жоқ. Тиісті уақытта тиімді шешімдер қабылдай білді. Қиындықтар мен қарсылық­тарды еш шиеленіссіз еңсере білді. Аспаннан түскендей көрінген тәуелсіздігіміздің алғашқы тол­қынды күндерінде сан алуан пікір­лердің бір арнаға тоғыса қоймағаны да рас. Алдымызда сан тарау соқпақтар мен сүрлеулер бар еді. Қай жолды таңдау керек? Бұл тұста да Елбасымыз өзінің сарабдал сая­саты мен терең ой, салқын ақылына жүгінді. Сол тұста Жо­ғарғы Кеңестің таратылуы жы­ғылған үстіне жұдырық бол­ған­дай еді. Елбасы тығырыққа тірелген жоқ. Жоғарғы Кеңес таратыла сала ел бағытын белгілейтін сан жүз­деген заң күші бар Президент Жар­лықтары жарияланды. Әркім әр жаққа тартқан даурықпамен бір күнде бір заң қа­былдай алмаған сол Жоғарғы Кеңес сол кездері ел тағдырын шеше алар еді дегенге өз басым сенбеймін. Дәл сол тұста тәуелсіз Қазақстан үлкен жол­ай­рықта тұрған болатын. Есімізге тү­сіріп көрейікші. “Грузия тек гру­зин­дер үшін” деп әйгілі Гам­сахурдия ұрандатқан соң не болды? Оңтүстік Осетиясы бар, Абхазиясы бар, Аджа­рия­сы бар – қаншама проблемалар құмырадан босатыл­ған жындай болып, өзінен-өзі шыға келді. Молдовадағы Приднестровье шиеленісі, мына иек астында тұр­ған шағын Тәжікстандағы жағдай, президенттік таққа таласқан азамат соғысында миллионға жуық тәжік өз елінен тысқары жерлерге босып кетті. Осыған ұқсас сепа­ра­тис­тік қозғалыстар бұрынғы одақтас республикалардың қай-қайсысында да орын алды. Тіпті мына ірге­міздегі Қырғыз еліндегі жағдайдың өзін қараңыз. Президенттік билік жүйесін уы­сында нық ұстаған біздің Ел­басымыз Қазақстанда саяси тұрақ­ты­лықты сақтауға қол жеткізе алды. Дәл осы тұстағы қалыптасқан күрделі әлеуметтік-саяси ахуал мен елдегі саяси жағдайлар туралы Прези­ден­тіміз өзінің “Әділеттің ақ жолы” деп аталатын кітабында жан-жақты әрі қызғылықты баяндағаны көп­ші­лікке белгілі шығар деп ойлаймын. Франциялық ғалым Алекс Мос­ко­вич осыдан он бес жыл уақыт бұ­рын былай деп пікір білдірген екен. Ол: “Н.Назарбаевтай басшыны қа­зақ халқына тағдырдың тартқан тамаша сыйы ретінде қабылдау керек. Бұ­рынғы Одақтың басқа пре­­зи­дент­теріне қарағанда, Қа­зақстанның айы оңынан туған. Өйткені, бұл басшы адамгершілігі ұшан-теңіз кісі бо­лу­мен қатар, шын мәніндегі мемлекет қай­раткеріне қажет: кеңінен ой­лайтын терең ақыл, баурап алар біре­гей дарын, іс-қимылға бейім қабілет сияқты үш қасиеттің үшеуі де бір бойынан түгел табылатын жан”, деді. Шетелдік ғалым біздің Прези­ден­тіміздің бірегей, қалыптасқан тұлға екенін тап басып танып отырғанын қалай мойындамасқа! Және еліміз сан түрлі өткелдерден сәтті өткен бүгінгі күні емес, осыдан он бес жыл бұрын айтылған пікірдің құндылығы әлі де сол қалпында. Елбасымыздың астананы Ақмо­ла­ға көшіру туралы ойын іс жүзіне асырып, Еуразия төрінде келбеті күн нұрындай жаңа қала тұрғызуы теңдессіз ерлік ретінде бағаланды. Шы­нында да әуелгіде шенеу­ніктердің бәрінің де қобалжығаны, жүрек­сінгені, тіпті кейбіреулерінің іштей қарсы болғандары ақиқат қой, шын мәнінде “көз – қорқақ, қол – бат­ыр” екенін, Елбасымыз іс жүзінде тама­ша дәлелдеп шықты. Прези­ден­тіміздің Астана туралы, көшу үдерістері туралы жазған “Еуразия жү­регінде” кітабын асқан қызығу­шылықпен оқып шық­қан­дар­дың бірімін. Сол кітапта мы­нандай бір жолдар бар: “Иә, суық. Боран да бол­май тұрмайды. Бірақ көшіп келу бізді тек аязға шынығуға жұмыл­дырып қана қойған жоқ, көшіп келу шенеуніктердің көп­шілігін әлдеқайда жауапты болуға жұмылдырды. Оларды мемлекеттік басқару мәсе­ле­леріне әлдеқайда жауапты қарауға итермеледі. Тура солай”. Алып-қо­са­ры жоқ нақты ақиқат, міне, осы емес пе?! Аста­на­ның аязы бар­лы­ғымызды да оят­қаны, барлығымызды да шират­қаны, сөйтіп, жауапты істер­ге жұ­дырықтай жұмылдырғаны рас қой. Осындайда ойға көмекей жырау атанған әйгілі Бұқар жырау баба­мыз­дың мына бір жыр жолдары оралады: Бағаналы орда, басты орда, Байсал орда қонған жұрт. Мамырасып ел болып, Байсалды жайлау табылды, Көлдей қамқа төсеніп, Көрікті ханым түскен жұрт. Иә, бүгін бағаналы орда, басты ордамыз – арайлы Астана қаласы Сары­арқаның төрінде күн сайын жаңарып, сағат сайын құлпырып, жасарып, жайнап өсіп келеді. Бұл – Елбасының да, елдің де қуанышы. Астанамызға қарап асқақ ойымызды, Бәйте­регімізге қарап байтақ мақ­с­а­ты­мызды түзесек, бұл да Нұрекеңнің арқасы. Ұлы көштің алғашқы легін бастап Президентіміздің Алматыдан Ақмолаға аттанғаны күні бүгінге дейін көз алдымда. Алматы әуе­жа­йына Елбасын шығарып салуға бұрынғы астанадағы игі жақсы­лар­дың басым көпшілігі жиналды. Мекеме, кә­сіпорын басшылары, аудан әкімдері, белгілі қалам иелері – бәрі осында. – Құрметті отандастарым, қадірлі жерлестерім! – деп Пре­зидент өз сөзін тебіреніп бастады. – Мен де өз­деріңіз сияқты мына келбетін күн сүйген Жетісудың түлегімін. Әрине, менің осы әре­кетіме кей азамат­тар­дың таңырқай әрі тосырқай қарап отырғанын тү­сінемін. Сіздер де мені тү­сініңіздер. Алматыдан ауа кө­шетіндей менің отырған жерімнен су шық­қан жоқ. Бірақ тәуелсіз елі­міздің, егемен Қазақстан Рес­публ­и­ка­сының жарқын болашағы үшін осы қа­дамға баруға тура келді. Бұл біздің ішкі үлкен стратегиялық әрекетіміз екенін ел-жұрт дұрыс ұғынады деп ойлаймын. Президент бұдан әрі астананы көшіру туралы ойларын тарқата айтып, түбінде өзінің осы шешімінің аса зор тарихи мән-маңызға ие боларына, қазір солқылдақ саясат ұстанып жүргендердің ертең осы тоқтамға риза боларына сенетінін білдірді. Енді бір сәтте, көпшілік бай­қады ма, байқамады ма біл­мей­мін, Нұрекеңнің дауысына әлдебір діріл енгендей болды. Сөзін аяқтай келе Елбасы назарын әнші Нұрлан Өнербайға аударды да: “Нұрлан, кәне, “Ауылым” әнін шырқашы”, – деп өтінді. Жеңіл қалықтаған әннің әуеніне тебіреніп біраз тұрды да, тез бұрылып, трапқа көтерілуге бет алды. Президент те ет пен сүйектен жарал­ған адам емес пе, шығарып салып тұрған қауымға, сәл босаңсыған сезімін білдіргісі келмеген шығар деп ойладым. Қоштасудың осы бір сәті әсер етті ме, менің де жүрек тұсым бір шым ете қалды. Қалай күрсініп жібер­ге­німді өзім де аңғармадым-ау деймін. Биылғы жылы, бәрімізге белгілі, Қазақстанға тағы да бір үлкен міндет жүктелді. Шынын айтқанда, бұл да Елбасымыздың көреген саясатының арқасы деп білемін. 2010 жылы Қа­зақстан Республикасы 56 елдің басын біріктіріп отырған беделді халық­ара­лық ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Мұның біздің елге көрсетіліп отырған зор құрмет пен сенім екенін әрқай­сымыз терең түсінуге міндеттіміз. Көпшілікке белгілі, жыл басында Пре­зи­дентіміз Нұрсұлтан Назар­баев­тың “Известия” газетінде мақаласы жа­р­ияланды. Осы мақаласында Ел­басы: “Егемен мемлекеттің басшысы ретінде мен Қазақстан Респуб­ликасының ЕҚЫҰ-ға төрағалығын жай стра­тегиялық ұлттық жоба және елдің халықаралық беделі өскен­дігінің дәлелі деп қана емес, соны­мен бірге Ұйымға жаңа тыныс, жаңа серпін берудің мүмкіндігі деп бағалаймын”, – деді. Яғни, Қазақ елі аса беделді Ұйымға төрағалық ету арқылы бедел ғана жинап отырған жоқ, дүние­жүзілік өркениеттің дамуына жаңа тыныс беруге тал­пы­ныс жасауда. Мұның айқын айғағы және еліміз бен Елбасыға деген зор құрметтің көрінісі күні кеше ғана 56 елден келген министрлер мен мәртебелі өкілдердің биылғы жылы Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы Қазақстан ұсынысын түгелдей қолдауы болды. Қазақстан әлемдік қаржы дағдарысының ықпа­лы­нан аман-есен шығып келеді. Елде эко­номикалық тұрақтылық орнату жо­лында негізгі іс-шаралар жүзеге ас­ты. Жеңістің бәрі бірлікпен келе­тінін білетін Н.Назарбаев туған хал­қына: “Тарихтың барлық кезеңін­де даудан да, жаудан да қазақ ұтылса, тек бірлік пен татулықтың аздығынан ұтыл­ды”, деген ой тастайды. Біздің қол жет­кізген барлық табысы­мыздың н­егізі – бірлік пен ынтымақ. Алдағы уа­қытта да елге керегі осы – бірлік. Елба­сы да әрбір сөйлеген сайын бір­лігі жарасқан елдің айы оңынан туа­ты­­нын, ісі алға басатынын айтып келеді. Биыл Қазақстан Республи­касына сапары барысында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун былай деді: “Қазақстан Президентінің осынау сынақ алаңын жауып қана қоймай, тұтас өңірде ядролық қарудан ада аймақ құрға­ны­на зор қолдауымды білдіремін. Оның бұл қадамы біздің ядролық қарусыз әлем құру ісіміздің ең берік іргетасы іспетті. Барлық елдердің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтан үлгі алып, оның жолымен жүруі тиіс. Мен БҰҰ-ның Бас хатшысы ретінде ядролық сынақ алаңының қақ жүрегінде тұрып, барлық әлем елдерін Қазақ­стан­нан үлгі алуға шақырамын”. БҰҰ Бас хатшы­сының бұл айтқаны бүкіл әлем елдері басшыларының құлағына жеткені айдан анық. Үстіміздегі жылы сәуірдің 12-13-і күн­дері Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһан­дық саммиттің бірінші сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Елбасы ядролық сынақтардың сорақы сұмдығын барынша көріп білген, Семей ядролық полигонын жапқан және әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартқан Қазақстан МАГАТЭ-мен тығыз ынтымақтас­тықта ядролық қатерді таратпау және азайтудың жаһандық үдерісінің табанды жақтаушысы екенін айтты. “Біз жаңа ядролық қарусыз аймақтар қалыптас­тыруды, соның ішінде Таяу Шығыста қалыптас­тыруды жақтаймыз. Орталық Азия аймағы аясында Қазақстан ядролық қауіпсіздікті нығайту, ядролық материал­дардың тара­луына жол бермеу және ядролық лаң­кестікпен күрес жөнінде өңірлік іс-қимыл жоспарын әзірлеуге бастамашы болды. Осы тәжірибені әлемнің басқа өңірлеріне де тарату орынды болар еді”, – деді Н.Назарбаев. Прези­ден­тіміз осы алқалы басқосуда дүние жүзіне атом қаруынан бас тарту жөніндегі өз үндеуін жария етті. Күні кешегі тарихқа көз салсақ, ұлы Бұқар жырау өле-өлгенше хан Абылайдың тілеуін тілеумен өткенін көреміз. Бірде кемшілігін бетіне басса, бірде асқақтата мерейін үстем етеді. Соның бәрі ханның емес, елдің ертеңін ойлаудан туған мүдде. Сол Бұқар бабамыз “Тілек” атты тол­ғауында былай деп көсіледі: Тоғызыншы тілек тілеңіз, Төреңіз тақтан таймасқа, Тоқсандағы қарт бабаң Топқа жаяу бармасқа! Данышпан баба алысты көздеп, төресінің тақтан таймауын тілейді. Дәл бүгінгі алмағайып кезеңде қазақстандықтардың да бірден-бір тілегі әлем таныған Елбасымыздың ел тізгінін өз қолында ұстай беруі болса керек. Тұрарбек АСАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.