1945 жылдың 24 маусымы күні Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысты
Ұлы Отан соғысы кезінде жауға қарсы қолданылған әрі гитлершілердің зәресін ұшырып, естерінен тандырған ең жойқын әрі ең отты қару қайсысы екенін білесіз бе? Меңжан аға маған бұл сұрақты қойған кезде сәл тосылып қалғаным рас еді. Бұл – америкалық студебеккер машинасына орнатылған БМ-13 қондырғысы. Бұл атау көпшілікке беймәлім болғанымен, аталған қондырғы «Катюша» деген атпен барша отандастарымызға кеңінен мәлім, деп жалғастырды майдангер өз әңгімесін менің жауабымды күтпестен.
Меңжан Абдрахманов соғысқа 1944 жылдың аяғында шақырылып, Солтүстік-батыс майданы құрамындағы маршал Мерецков қолбасшылық жасайтын 7-армияның 52 гвардиялық минометшілер полкінде жүргізуші ретінде ұрыстарға қатысқан. Ол Карелия мен Балтық бойы мемлекеттерінде соғыстың ауыр жүгін басынан өткереді. БМ-13 қондырғысының ерекшелігі – мұнымен жау шептері мен экипаждарын атқылаған кезде біздің өзіміздің өмірімізге де қауіп-қатер төнеді. Бұл сәттерде қазылған окоптар мен шұңқырларға тығылып үлгермесек, «Катюша» бәрімізді жермен-жексен қыла алады, дейді отты күндерді тағы бір ой санасынан өткізген соғыстың қарапайым жүргізуші жауынгері.
Меңжан Ғабұлұлының 52 гвардиялық минометшілер полкі Балтық мемлекеттері азат етілгеннен кейін, 1945 жылдың сәуір айында, күтпеген жерден Мәскеудің түбіндегі Железнодорожное елді мекеніне ауыстырылады. Осы кезде минометшілерге су жаңа студебеккер машиналары беріледі. Бұл қалай, деп бұған бәрі аң-таң қалысады. Өйткені, олар мұның бәрі алдағы Жеңіс шеруіне әзірліктің басы екенін сол сәтте білген жоқ еді.
1945 жыл «Катюшаның» жүргізушісіне екі бірдей қуанышын ала келеді. Алдымен оған Жеңіс күнін 9 мамырда Мәскеуде қарсы алу бақыты бұйырды. Сол күнді ол былайша еске алады. Біреулер қуаныштан жүздері жайраңдап күліп жүрсе, екінші бірі қорыққан мен қуанған бірдей дегендей, дәл осы қуаныштан еңкілдеп жылап жүрді. Үшінші бір әскери құрамалардың өкілдері жеңістің құрметіне аспанға тарс-тұрс еткізіп оқ атып жатты. Танысын, танымасын бірін бірі құшақтап, бірін бірі беттерінен сүйіп жүрген тұрғындардың санында есеп жоқ еді.
Меңжан Абдрахмановтың бұдан тұп-тура 70 жыл бұрынғы екінші бір бақыты – 1945 жылдың 24 маусымы күні Мәскеуде, Қызыл алаңда өткізілген Жеңіс шеруіне қатысқаны.Бұл жағымды хабарды оларға дәл сол Жеңіс күні полк командирі, гвардия подполковнигі Пушкарев жеткізді. Ол ең алдымен полктің жеке құрамын көптен күткен Жеңіс күнімен құттықтады. Содан кейін полк бөлімшесіне айрықша құрмет ретінде жеңімпаздар шеруіне қатысу мүмкіндігі берілгенін жеткізді.
Ұрыста – тұрыс жоқ дегендей, келесі күннен бастап Мәскеудегі әскери жаттығу жұмыстарын жүргізетін арнайы плац – алаңда әзірлік басталып кетті. БМ-13 қондырғылары орнатылған студебеккерлер Қызыл алаңнан жүріп өткен кезде бір-бірінің арасындағы белгілі бір қашықтықпен аралықты дәл әрі мұқият сақтауға тиіс. Шерудің тәртібі осындай. Түйіп айтқанда, «Катюшалардың» арасы бір-бірінен көп те емес, аз да емес – бес метр болуы қажет. Студебеккер жүргізушілеріне қойылған екінші талап – тазалық. Егер қондырғыларға шаң қонып тұрғаны байқалса, бұл үшін берілетін ескертудің салмағы өте ауыр болды.
Ақыры, 1945 жылдың 24 маусымы келіп жетті. Дәл сол күні Меңжан Абдрахмановтың бөлімшесі таң сібірлеп ата бастағанда сап құрып, өз аяқтарымен Қызыл алаңға қарай бағыт алды. Шеру күндізгі сағат тұп-тура 11.00-де басталды, дейді тоқсанның төріне шықса да еңкеймей, таяқ ұстап көрмеген майдангер аға. Реактивті қондырғы шеруінің алдыңғы қорабы алынып тасталған жеңіл автокөлік машинасының үстінде подполковник Пушкарев келе жатты. Ол бұйрық беру бағытындағы ерекше екпінмен минометшілер бөлімшесі жүргізушілеріне тиісті бағыт-бағдар беруінен бір танған жоқ. Оның жан-жақтарына, оңдарың мен солдарыңа бұрылып алаңдамаңдар, тек алдағы жолдарыңа қараңдар деген бұйрық сөздері бұларға ап-анық естіліп тұрды.
Сол күні Мәскеудің ауасы бұлыңғыр тартып тұрды. Ендігі бір сәтте Жеңіс шеруіне қатысушылардың бет-жүздеріне жаңбырдың майда тамшылары тиіп өтті. Осылайша бізге арқа тұсымыздан жан-жақтарыңа бұрылмаңдар деген тәртіп түсіп тұрса да дәл Қызыл алаңның ортасына келгенде Лениннің мавзолейі жағына көзімнің қиығын тастап үлгердім. Әйтсе де көзді ашып-жұмғандай бұл қысқа сәтте Кеңес өкіметі басшыларының сұлбаларынан басқа анық ештеңе байқай алмадым, деп еске алады 1945 жылдың 24 сәуірі күні Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысқан қазақстандық майдангер М.Ғ.Абдрахманов.
Келесі күні олардың полкі жапон милитаристеріне соққы беру үшін Қиыр Шығысқа аттанып кетеді. Сөйтіп, ол мұнда әскери қызметін одан әрі жалғастырып әрі екінші рет соғысқа қатысып, елге тек 1950 жылы ғана оралады. Меңжан аға күні бүгінге дейін өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келеді. Ол қазіргі күні зайыбы Шакура Нұрмұхамбетқызымен бірге он бала, жиырма немере, он егіз шөбере сүйіп отырған бақытты әулеттің бас иесі.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.
Суреттерде: tмайдангер Меңжан аға. Орал. 2015 жыл. tЖүргізуші М.Абдрахманов. Прибалтика. 1945 жыл.