• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2015

Шаңырақ шаттығын шыңдаған шаһар

354 рет
көрсетілді

Қазір қайда жүрсем де мені астаналық дейді. Себебі, Астана астана болғалы бері Астанада жүрмін. Астанада азамат болып қалыптастым. Ару қаладағы еңбек жолымды құрылыста қарапайым жұмысшыдан бас­тап, шүкір бүгін, мемлекеттік қызметтің бір тұтқасын ұстаған қайраткерлікке қадам басып барамын. Мені бұл құтты қадамға бағыттаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Қаймана Қазақстан халқы тұңғыш рет 1991 жылы өз қалауы мен таңдауын жасап, Нұрсұлтан Назарбаевты Президенті етіп сайлағанда, Тұңғыш Президентпен кездесуге қатысқан тұңғыш студенттер қатарында болу бақыты бұйырды. Кездесудегі Елбасының ел туралы толғаған өрелі сөздері санамды кескілей отырып, жан-жүрегіме өшпестей болып кестеленді. Тұңғыш Президенттің қоштасарда берген көркем қолтаңбасы арман-қиялыма қанат бітірді. Елдіктің мән-маңызын, ғұмырдың мазмұнын сонда ұқтым. Елбасы  елімізді өркендетудің тетігі тек қана білімді жастардың қолында екенін терең ұңғып түсіндірді. Осы иманды жолда аянбай ілім-білім жинап, елімізді дамыған елдердің қатарына қосып, мемлекет әлеуетін көтеру үшін тыным таппай еңбек ету керектігін миымызға мықтап шегеледі. Сол мадақты кездесуде жүрекке қонған, санаға сіңген қоңыр әуенді сөздер әлі күнге алға жетелеп келеді, дейді Байтақ Төреханов. Қазір Астана десе бүкіл ғалам назар аударатын күн де  жетті. Себебі, Астана  аз ғана уақыттың ішінде бүкіл әлемдегі соны жаңалықтарды бойына жинап, оларды саралай келіп, тұшымды пікір білдіретін іргелі астаналар қатарынан өз орнын алған қуатты қалаға айналып үлгерді. Еліміздің мәдени-рухани ордасы ғана емес, жалпы адамзаттық мәселелердің мәнісіне мәнерлеп талдау жасайтын, әлемдік тұлғалардың бас қосатын орталықтарының бірі болып отыр. Адамзаттың игілігі үшін жасалатын сан аулан келісімдер мен тұжырымдарды түзіп, мемлекеттер ұстанымында мәмілегерлікті ұстын еткізген Астана бұл деңгейге бір демде көтеріле қойған жоқ. Қысқа, бірақ мазмұны ғаламат кең тәуелсіздік тарихына тереңдеп барып зер сала қарасақ, Елбасымыздың ерен көрегендігінің куәсі боласыз. Осыдан, сол «тар жол, тайғақ кешуде» төгілген еселі еңбектердің өлшемін қалай бағамдаймыз деген айпара ой әрдайым толғандырады. Елбасы біреу – халқы ті­реу болып бастаған сан алуан ізгі істердің соқпақтарында мың­даған қарапайым қазақ­стан­дықтардың, ұлтжанды, ұлағатты  азаматтардың қолтаңбасы мен­мұндалап тұр. Олардың қатарында Байтақ Әдепханұлы да жүр. Оның үш бірдей жоғары білімі бар. Әуелі жас жаны қалаған Қазақ мемлекеттік сәу­лет-құрылыс академиясының «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» факультетінде білім алды. Мамандығы бойынша қызмет ете жүріп, Дінмұхамед Қонаев атындағы университеттің «Заңгер» бөлімінде оқуын жалғастырды. Білімге құштар жан екі бірдей дипломды місе тұтпай, Қазақ қатынас жолдары университетіндегі «Тасымалдауды, жол қозға­лысын ұйымдастыру және көлікті пайдалану» бойынша оқып, үшінші мамандықты да меңгеріп шықты. Еңбек жолын әдепкі мамандығы бо­йын­ша «Алматықалақұрылыс», «Ақмолақалақұрылыс» компанияларында бастады. Әділет органдарындағы қызметіне 2000 жылы Әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитетінің «Астана қаласы бойынша жылжымайтын мүлік орталығы» РМК-ның жылжымайтын мү­лікті тіркеу бөлімінің бас маманы ретінде кірісті. Содан бері әділет саласының қиын да қызықты қызметінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеп келеді. Білікті маман қайда да қажет. Дәл осы мемлекеттік және қоғамдық қызметті Алматы облысы бойынша атқарып отыр. Бізбен сыр бөліскендегі себебі, туған өңірінде жүрсе де азамат болып қалыптасқан Астананы қатты сағыныпты. «Бұрын қалай байқамағанмын, азаматтар айтып жататын, Алматыға келіп бір ай аялдасақ, Астананы сағына бастаймыз деп. Жер жәннаты Жетісуға келсем де Астанаға аңсарымның ауа беретіні несі!», деп қояды Байтақ. Азаматтың бойындағы бұл іңкәр сезім ананың сүті, әкенің тәрбиесімен сүйекке сіңген қастерлі қасиет болар бәлкім. Әкесі Әдепхан Төреханұлы белгілі қаламгер, ақын, этнограф, ұлағатты ұстаз. Анасы Рысжан да ұзақ жыл педагогика саласында еңбек еткен ардагер. Осы ізгі тәлімгер жандардың тәрбиесін ғұмырлық қағидатына айналдырған Байтақ Астана күніне орай Астанаға деген іңкәр сезімін астаналықтарға жолдап отыр. Жары Ғалия екеуі бүгін­де үлгілі отбасы. Олардың  шаңырақ шаттықтары да  Астана қаласымен тығыз байланысты. Күн сайын түлеген қаламен бірге Байтақтың да отбасында дүркін-дүркін  қуаныштар болып жатады. Ұлдары Толағай мен Толым  Астана қаласындағы Жамбыл атындағы  қазақ гимназиясын үздік бітіріп, бүгінде қоғамымыздың дамуына өз үлестерін қосып жүр. Ал Шұғыла деген қыздары Селезнев атындағы Алматы хореграфия училищесінде білім  алып, талай халықаралық байқауларда бағын сынап, ата-анасының көз қуанышына айналған. Өнер жолындағы оның алар асулары әлі алда. Арман қуған жастардың  бақытының бастауы болған Астана  қазақ халқының өр рухы мен дарқандығының сипаты сынды. Бүгінде кешегі арман қуып ауылдан аттанған бала Байтақ сынды сан мыңдаған қазақ жастарының бар мақсаты мен мүдделері тоғысар нүктесіне айналған арман қала Астана уақыт легімен бірге асқақтап, тәуелсіздігіміздің мәңгілігін паш етіп, еңселене беретіні ақиқат. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».