• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2015

Алимент қарыз емес – парыз

1009 рет
көрсетілді

«Қазақ­стан-2050» Стра­тегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Н.Назарбаев «Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті. Ал болған іс болған екен, онда әке алимент төлеуге тиіс. Мемлекет жалғызбасты аналарды қолдауы және алимент төлемегені үшін жазаны күшейту керек!» деген болатын. Сол рас, бір кез­дері өз баласының тағдырына жауапсыз қараған әкесымақтарға «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмады. Соңғы жылдары «Неке және отбасы» туралы заңға өзгерістер енгізіліп, алимент мәселесі шындап қолға алына бастады. Бүгінде өз туғанына тапқан-таянған нәпақасын бөліп беріп, алимент төлеуде әртүрлі себептерді алға тартатын немесе жауапты істің үдесінен шығуды кейінге қалдырудан шаршамайтын «көкек әкелердің» бұл ездігі қаншама аналарды «жүдетіп», жүйкесін жұқартып жатқаны шындық. Мұндайда амалы таусылған, жігері жасыған сол әйелдер сот актілерін орындау департаментінің есігін жағалап, қызметкерлерден көмек сұрайтыны жасырын емес. Ал оларға көрсетіліп жатқан көмектің нәтижесі қандай? Сот орындаушылар қайда қарап отыр? Бүгінде өз ұрпағын өзектен тепкен аналардың сұмдық ісіне, енді «көкек әкелердің» қайырымсыз әрекеттері қосылып, қоғамда өте үлкен дау тудырып отыр. Статистикаға жүгінсек, еліміз бойынша 100 мыңнан астам балаға қарыз 90 мыңға жуық «қашқын әкелер» бар екен. Бұл жүз мыңнан астам ана мен баланың құқығы тапталып, шарасыз күйде екендігін көр­сетеді. Жауапкершіліктен жалтарған әкелермен, заңның солқылдақтығы және сот орындаушылардың салғырттығы жалғызбасты аналардың жүгін ауырлатып, оларды әр есікті қағуға мәжбүр етуде. Екі жастың дәм-тұзы жараспай, ойлары мен ортақ мақсаттарының бір арнаға тоғыспай, екіге бөлінуіне, олардың «бауыр еті – балалары» кінәлі емес екені сөзсіз. Сондықтан да, ана қолында қалған сәбиге әкесінің мо­ральдық-материалдық көмек беруі міндетті. Заңмен белгіленген тәртіп бойынша балаларына алимент төлеуге келгенде кежегесі кейін тартып, жалтарып, қала берді жасырынып жүреді. Ер азаматтарымыздың мұндай ерсі әрекеттерге баруы «көкек әке» деген тағы бір сипаттағы сөздің кең қолданысқа енуіне әкеп соқтыруда. Бірақ еліміздің заңына сәйкес алимент төлеуден жалтарған, берешегі көп борышкер әкелерді бас бостандығынан айыру жазасы енгізіліп отыр. Әрине, алимент балаға әке бола алмас. Дегенмен, мұның өзі ер адамның жауапкершілігін аз да болса сезіндіреді. Алимент төлеу ардың ісі болса да, бәзбіреулер баласы 18-ге толғанда қарыздан құтыламын деп ойлайды.Тіпті де олай емес. Бала он сегізге толып кетсе де, төленіп бітпеген қарыз әкенің мойнында аманат болып қала береді.Түрмеде отырғандар да, науқас жандар да алименттен жалтара алмайды. 2, 3 топтағы мүгедек әкелер де алимент төлеуге міндетті екенін естен шығармайық! Бұрын алименттен әлдебір себептермен бас тартқан аналар кейін оны қайта талап ете алмайтын. Қазір заңдағы өзгерістер аналарға алимент қайта талап етуге мүмкіндік беріп отырғаны белгілі. Сонымен қатар, он сегізге толған бала оқу оқып жүрген болса, онда да анасы сотқа қайта талап арыз беріп, али­ментті баласының оқуы біткенше өндіре алатынын біреу білсе, біреу білмес. Алайда, ай сайынғы жалақының аз ғана бөлігі әкенің қамқор алақанын қайдан алмастырсын?! Әйтсе де, өз қанынан жаралған перзентті керек қыл­май,тас-бауырлық таныту – қай азаматқа болсын жараспайтын қылық! Гүлмира Бақтыбаева, Ә.Жангелдин атындағы  орта мектеп мұғалімі. Ақтөбе облысы, Шалқар қаласы.