• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2015

Қоғам мен мемлекет үшін басты сынақ

278 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының мұрындық болуымен «Қазақстандағы президенттік сайлау – 2015: ғаламдық сынақтардың алдын алу» атты дөңгелек үстел өтіп, онда кезектен тыс президенттік сайлаудың өтуіне себеп болған жаһандық экономикалық, геосаяси ахуалдар мен ішкі қоғамдық саяси жағдайлар барысы кеңінен сөз болды. Аталған ғылыми шараға отан­дық сарапшылармен қатар, мемлекеттік мекемелердің жау­апты қызметкерлері қатысты. Шараны үйлестіріп отырған Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер инс­ти­тутының директоры Ерлан Қарин кезектен тыс сайлаудың өтетіні туралы әңгіме осыдан біраз бұрын айтыла бастағанына назар аудартты. Бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде сайлау өткізу қажеттігі, саяси науқанның өтетін уақыты мен өзге де тұспалдар сол кезде көрініс таба бастағаны белгілі. Мұндай қоғамдық пікірлер депутаттар мен саяси партиялар өкілдеріне идеяның құқықтық шеңберде туындағаны туралы мәлімдеме жасауларына алып келді. Сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлауды өткізу ұсынысы күтпеген оқиға болған жоқ. Алдағы Мемлекет басшысын таңдаудағы бұл бесінші электоралдық науқан  болғалы тұр, деді ол. Тәжірибе көрсеткендей, бар­лық сайлау науқаны жай тех­ни­калық ресім емес, ал Қазақ­стан тәуелсіздігін нығай­тудың жүйелі драйвері, қазақ­стан­дық мемлекеттілік пен қо­ғам­­ның дамуына, ал 1991 жылы Қазақ­стан Президентін сайлау қазіргі Қазақстан мемлекеті іргета­сының қалануына негіз болды, деп сабақтады сөзін Ерлан Тұр­ғымбайұлы. Ал 1999 жылғы сайлау жаһандық экономикалық дағ­дарыстан өтуде жұмсақ өткел­дің рөлін атқарып, еліміз  тәуел­сіздігін нығайта түсті. Бұл ретте 2005 жылғы электоралдық нау­қан пост­кеңестік кеңістіктегі геосая­си жағдайдың ушығуына қайта­рылған жауап болды. Сайлаудан кейін үлкен саяси жаңғыртулар жүргізіліп, еліміздің тұрақты дамуына жол салынды, деді Е.Қарин. Институт директорының пайымынша, 2011 жылы өткізілген президенттік сайлау экономикалық және саяси үдерістердің үндес­тігін қалыптастыра отырып, еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуына сер­пін берген Президенттің Жаңа Эко­номикалық Саясаты өмірге келді. Сондықтан әрбір президенттік сайлау тәуелсіздікті нығайтудың жаңа кезеңі болып саналады. Үстіміздегі жылы өтетін саяси науқан да бұл үдерістің үдесінен көрінуі тиіс. Е.Қарин сөз ретінде әлемдік саясат турбулентті аймаққа кіргендігін тілге тиек ете кетті. Қазіргі кезде орын алып жатқан Украина, Ауғанстан мен Сириядағы қақ­тығыстар, сауда-экономикалық тартыстар, өзара санкциялар және өзге де келеңсіздіктерді қамтитын геосаяси жағдайлар ушығып отырғандығын, олардың жоғары өршіп кетуі мүмкіндігі зор екендігін де атап көрсетті. Оның үстіне, посткеңестік өңір жаңа электораттық кезеңге тап келіп отыр. Әсіресе, бұл Орталық Азия өңіріне қатысты. Өткен аптада Тәжікстанда парламенттік сайлау өтсе, көршілес Қырғызстанда күзде өтетін парламенттік сайлауға саяси партиялар қазірден кірісіп те кеткен. Ал Өзбекстан мен Белоруссияда президенттік сайлаулар өтеді деп күтілсе, Әзер­байжанда да саяси науқан орын алатыны белгілі болып отыр. Жа­­­­­һандық геосаяси және геоэко­но­микалық жағдайдың қалайша қалыптасатыны белгісіз жағдайда Қазақстанның биыл өз сайлауын өткізіп алғаны орынды болмақ. 2015 жылғы сайлауға әсер ететін жаһандық және өңірлік аспектілер жөнінде сөз қозғаған ҚСЗИ директорының орынбасары Санат Көшкімбаев Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлау Орталық Азиядағы электораттық кезеңнің бөлінбес бір бөлшегіне айналып отырғанын алға тартты. Ауғанстанда қалыптасқан жағдай айналасындағы елдерге де өзіндік ықпалын тигізетін болады. Ауғанстаннан өзге, Ирак пен Сириядан келетін қауіп-қатерлер де еліміздің ішкі  және сыртқы саясатына өзіндік әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан үстіміздегі жылғы кезектен тыс сайлаудың өткізілуі сол қауіп-қатерлердің алдын алудың бір тетігі ретінде қарастырылады, деді ол. Ал «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев өткен жылдардың электораттық кезеңінің ұтымды тұстарына шолу жасады. Сондай-ақ, сарапшы Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған он қауіп мәселесін де айналып өтпеді. Оның айтуынша, қазір сол факторлар біртіндеп көрініс табуда. Сол кездің өзінде Елбасы шикізатқа деген бағаның құлдырайтынын көре білді әрі сол қауіп-қатерлерден өту үшін бір мақсатқа жұмылуға шақырды. А.Чеботарев саясат пен экономикадағы тұрақсыздықтарды болдырмас үшін бірқатар шаралардың қолға алынғанын да ортаға салды. Сарапшы өздерін оппозиция­лық партиялар санатына қосып келген ЖСДП мен ҚКП әлеует­тері­нен айырылып қалғанды­ғын да атап кетті. Оның үстіне, олардың қатарында жекелеген қоғамдық-саяси тұлғалардың және бірлестіктердің көптігі сайлау науқаны барысында өзіндік теріс әсер беретін болады. «Абай-ақпарат» қоры президентінің орынбасары Айдос Сарым әрбір сайлау науқаны жаңадан қосылған жас сайлаушылармен толығып отыратындығына, олардың өзіндік сарын әкелеріне назар аудартты. Оның пікірінше, қазіргі таңда қазақстандық сайлаушылардың орташа жасы 30 шамасында болса, 90-шы жылдардың аяғына таман қалыптасқан саяси-партиялық жүйе ескірген. Сондықтан жаңа саяси-партиялық жүйенің архитектурасын келесі парламенттік сайлауға дейін қайта құру маңызды. Еліміздің қазіргі кездегі саяси-партиялық көрінісін ҚСЗИ аға ғылыми қызметкері Юрий Булуктаев аталған институттың алматылық офисінен онлайн режімінде баяндап берді. Оның сөзіне қарағанда, кез келген сайлау қоғам мен мемлекет үшін басты сынақ болып табылады. Сондықтан да саяси партиялар міндетті түрде бұл сайлауға қатысулары міндетті. Егер олар сайлауға түспесе, онда өздерінің билікке деген таласын және саяси партия деген мәртебесін сақтап қала алмақ емес. Қорыта айтқанда, дөңгелек үстелге қатысушылар халықаралық президенттік сайлау өткізудің тәжірибесін, тұрақтылық пен келісімнің мемлекетті дамытудағы негізін, еліміздегі президенттік сайлаудың ерекшелігін, сая­си партиялардың жағдайын, әлеуметтік зерттеулер барысын және өзге де сайлау өткізудің қырлары мен сырларын жан-жақты талқыға салды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».