Шілде айының 12-16 күндері аралығында облыс орталығында республикалық VІ Дельфийлік жастар ойындары болып өтті. Аталмыш жастар мерекесі “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының, Мәдениет, Білім және ғылым министрліктерінің, Ұлттық дельфийлік комитеттің қолдауымен ұйымдастырылды. Сенбі күні салтанатты түрде қорытынды шарасы өткізілген бұл ойындарға еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ге жуық өнерлі жас дарындар келіп қатысты.
Жалпы, Дельфийлік ойындар деген не, көпшілік жастарға, былайғы қауымға аты өзгешелеу, түсініксіздеу естілетін осы сөздің біздің елімізге қатысы қаншалықты? Сонымен, дельфий деген сөз гректің көне тілінен аударғанда “сыры терең”, немесе “сырлы” деген мағынаны білдіреді екен. Біздің Қазақ еліне де келіп жеткен әдет-ғұрпы бөлек өзге елдің тарихы бұл ойынды Аполлон батырдың атымен байланыстырады. Міне, осы батырыңыз Пифон деген айдаһардың көзін жойып, жеңіске жетеді.Әлгі батыр сол жерде жеңіс әнін шырқайды. Әннің соңы өнердің сан түрлі аспаптарында жалғасып шырқалады. Биге ұласады. Аполлон батыр жеңіске жеткен сыры терең жердің аты Дельфий деп аталады екен. Бұл б.д.д 582 жыл болса керек. Кейіннен бұл ойынға тыйым да салынған көрінеді.
Енді, міне, соңғы жылдары бұл өнерлілер сайысы қайта жаңғыра бастаған. Сахнаның да Грекияның стилінде безендіріліп көрініс тауып тұрғаны да сондықтан.
Бұл ойынның басталу рәсімінің туын бейнелеу өнері номинациясы бойынша бірнеше рет жүлдегер атанған облыс орталығындағы №8 мектеп-лицейдің оқушысы Әлімжан Мұса көтерді. Бұл тудың қатарынан қалыспай “Бірлігіміз жарасқан!” деп алаулаған ұрандар, жалаушалар желбіреді.Осы жерде Дельфийлік ойындардың қазы-төрешілері әділетті ойындар үшін ант береді. Биылғы ант беру рәсімін скрипка номинациясы бойынша бірнеше рет жүлдегер атанған Астана қаласындағы №24 мектептің оқушысы Назгүл Жаназарова айтты. Жастар өнерін бағалайтын қазылар алқасының қатарында Д.Әлі (фортепиано), А.Байсақалов (скрипка), М.Әйнеков (бейнелеу өнері), С.Құсайынова (қобыз), Г.Жолымбетова (эстрадалық ән салу), О.Дүйсен (домбыра), Т.Нұркенов (дәстүрлі ән салу) сияқты тағы да басқа өнер салаларының өкілдері болды. Облыс орталығында еліміздің әр жерінен келген талантты дарынды ұл-қыздар бір жеті бойы өз өнерлерімен жұртшылықты, құрбы-құрдастарын тәнті етті. Таланттарын ұштаған кішкентай өнерпаздар өсіп келе жатқанының куәсі болдық. Ойыннан гөрі өз тілімізше, өз ұғымымызша айтқанда, кәдімгі өнер, достық мерекесі салтанат құрды.
Дегенмен, мыңнан тұлпар дегендей, өнерлілер байқауда, сайыста анықталады. Сырлы әуенмен, сырлы үнмен осы ойындарға ілесе білген өнерпаздар байқаудың соңына дейін қалып, өнер мәресіне жетті. Сөйтіп, жұма 16 шілде күні облыс орталығындағы Естай атындағы мәдениет сарайында Дельфийлік ойындардың қорытындысы шығарылды. Жеңімпаздар анықталды. Еліміздегі Дельфийлік ойындар комитетінің төрағасы Ұлар Мұқажановтың айтуынша, биыл да бұл ойындар өз дәрежесінде өтті. Қатысушылар саны көп болды. Жаяу Мұса, Естай, Майра сияқты әншілер дүниеге келген өңірде өнерлі ұл-қыздар жетеді. Сондықтан да талантты жастардың көпшілігі өңірдің атын шығаруға атсалысты.
Мысалы, баянда құйқылжытып ән орындаған Мәди Ботагөз атына заты сай болып бірінші орын иеленсе, Алма Мейірханова қобызда ойнап, Әлімжан Мұса бейнелеу өнері бойынша жеңімпаздар атанды. Сонымен қатар, ұлттық өнер көрмесі де ұйымдастырылды. Мұнда көбінесе Оңтүстік Қазақстан облысынан келген жастардың ұлттық қолөнер еңбектері қойылды.
Еліміздің Білім және ғылым министрлігі жастар саясаты және тәрбие жұмысы департаментінің директоры Қожахмет Мәдирдің айтуынша, өнер байқауына қатысқан жеңімпаз өнерпаздар өнердің әр саласы бойынша енді әлемдік деңгейде ел намысын қорғайды екен. Яни, бірінші орынды иеленген өнерпаздар Халықаралық дельфийлік ойындарға қатысады.
Облыс орталығында өткен осындай қызықты өнер мерекесінің соңы қорытынды гала-концертке ұласты. Өнер бәйгесінде талантын көпке таныта білген жас әнші-бишілер биіктен көрінді.
Фарида БЫҚАЙ, ПАВЛОДАР. Суреттерді түсірген В.Бугаев.