Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының қажеттіліктерді бағалау жөніндегі мүшелері – ЕҚЫҰ/ДИАҚБ кеңесшілері Ричард Лапинмен және Радивое Груичпен кездесті.
Ортсайлауком басшысы халықаралық сарапшыларды Орталық сайлау комиссиясының 2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі жұмысымен таныстырды. Ол сарапшыларды сайлаудың құқықтық базасы, сайлау науқанының негізгі кезеңдерінің мерзімдері, оны ақпараттық сүйемелдеу және сайлау үдерісіне қатысушыларды оқыту туралы ақпараттандырды.
Сондай-ақ, Қ.Тұрғанқұлов ЕҚЫҰ/ДИАҚБ ұсынымдарын іске асыру жөніндегі жұмыс және Қазақстанның қазіргі уақытта халықаралық стандарттарға толықтай сәйкес дерлік сайлау заңнамасы дәйекті түрде жүйелі жетілдіріліп отыратыны туралы айтып берді.
Кездесу барысында президенттікке кандидаттарды қолдап қол жинау үдерісі мен мерзімдеріне, лингвистикалық комиссия қызметінің құқықтық негіздеріне, сайлауды ұйымдастырушыларды оқыту, сайлау үдерісіне қатысушыларды әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету жөніндегі Ортсайлаукомның жұмысына, үгіт науқаны кезеңіндегі БАҚ-тың іс-әрекеттеріне, барлық кандидаттардың БАҚ-қа тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге, шағымдар мен апелляцияларды беру және қарау рәсімдеріне қатысты мәселелер талқыланды.
Қ.Тұрғанқұлов, сондай-ақ, халықаралық сарапшыларға Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы сайлау үдерісін ұйымдастырудың барлық мәселелері мен қырлары бойынша ынтымақтастық үшін ашық екенін және ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сарапшыларына олардың тиімді жұмысы үшін барлық қажетті мәліметтер мен материалдарды ұсынуға дайын екенін айтты.
«Егемен-ақпарат».