АСТАНА. 5 наурыз. Ресей президенті Владимир Путин сәрсенбі, 4 наурыз күні өткен ішкі істер министрлігінің алқасында сөйлеген сөзінде күш құрылымдарынан «Ресейді масқара мен трагедиядан құтқаруды» талап етті. Бұл туралы Interfax хабарлады.
Ресей лидері мұны Борис Немцовтың «арсыздықпен өлтірілгеніне» байланыстыра айтты.
«Ақыр соңында Ресейді біз жақында ғана бастан кешкен және көрген масақара мен трагедиядан құтқару керек: мен мұнда астананың қақ ортасында Борис Немцовтың өлтірілуін еске алып, айтып отырмын», - деп мәлімдеді Путин.
Ресей президенті сондай-ақ экстремистердің Ресейдегі қимыл-әрекеттері «барған сайын арсыз болып бара жатқанын» атап көрсетті. Путиннің айтуынша, олар мұнда «түрлі-түсті технология деп аталатын – көшелерде заңсыз акциялар ұйымдастырудан бастап, әлеуметтік желілерде ашықтан-ашық жаулық пен жек көрушілікті насихаттауға дейінгі» әрекеттерді пайдаланып қалуға ұмтылады. Путиннің пікірінше, «олардың мақсаттары азаматтық қақтығыстарға жол ашып, біздің мемлекетіміздің конституциялық негіздеріне, оның егемендігіне соққы беру болып табылады».
Немцовты өлтіру версиялары арасында «Ресейдегі саяси ахуалдың тұрақтылығын бұзу» да бар.
Мұрат Айтқожа.
Дерек, сурет: Interfax.