ҚЫЗЫЛОРДА. 24 тамыз. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында «Серпін-2050» жобасының грант иегерлерін шығарып салу құрметіне салтанатты жиын өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жиынға аудан әкімі Руслан Рүстемұлы мен «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы Республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов қатысты.
Аталмыш жобаға деген аудан жастарының қызығушылығы расында да жоғары болды. Мысалы, өткен жылы 75 жас серпінші атанса, биылғы талапкер саны еселене түскен. Аудан бойынша 78 оқушы колледждерге, 194 оқушы жоғары оқу орындарына өздерінің құжаттарын тапсырған. Соның нәтижесінде 122 жас жоғарғы оқу орындарына, 66 жас колледж гранттарының иегері атанды.
Аудан әкімі Р.Рүстемов «Серпін-2050» бағдарламасының тиімділігі жастардың білім алуына жол ашып қана қоймай, мемлекет қолдауымен әлеуметтік жағынан көтермелеуге де зор мүмкіндік беретіндігін айтып, жаңақорғандық жас түлектерді болашақта сапалы білім алып, білікті маман болып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етуге шақырды. Мұнан кейін сөз алған «Серпін-2050» грант иегерлері өздері түлеп ұшқан алтын ұя мектептеріне алғыс білдіріп, сенімді ақтайтындарына сендірді Салтанатты кеш соңы аудан жастарының арнайы концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Ержан Байтілес.
Дерек, сурет: egemen.kz.