ПЕТРОПАВЛ. 5 наурыз. Петропавлда жергілікті полицейлер «Бомж» операциясының алғашқы күні үйсіз-күйсіз, дала кезіп жүрген екі жүзге жуық адамды тиісті орынға жеткізіп, жәрдем көрсетті. Бұл туралы қалалық ішкі істер басқармасы хабарлады.
Қабылдау-бөлу орталығы басшысының орынбасары Руслан Әлібаевтың айтуынша, не жұмыс, не баспана жоқ, әйтеуір сүйретіліп, өлмешінің күнін көріп жүрген бұл санаттағылардың арасында қылмысқа ұрынушылардың саны аз көрінбейді. Оған жыл басынан 80-ге жуық тәртіп бұзушылықтың, оның ішінде 6 қылмыстың жасалғаны дәлел.
Қабылдау-бөлім орталығына әкелінген қаңғыбас адамдардың 68-інде тиісті құжаттары болмай шыққан. Араларында әйелдер де бар. Енді олар медициналық тексерілуден өткеннен кейін кім екендіктері нақтыланғанша 30 күнге дейін арнайы бақылауда ұсталынатын болады.
54 жастағы бір кезбені полиция қызметкерлері жылу трассасы жанынан аш-жалаңаш күйінде кезіктіріпті. Бір кездері тәп-тәуір жұмыс атқарған ол отбасыдағы кикілжіңнің салдарынан араққақа салынған. Бала-шағадан айырылған соң қаңғыбастар қатарына қосылған. Соңында адам төзбес кейіпке енген.
«Ауылдық жерде күнелту қиынға соққандықтан облыс орталығына келген едім. Мұнда да тірлігім оңалып кете қойған жоқ. Жұмыс іздеп көрдім. Түріме қарап ешкім қабылдамайды. Орталықта жақсы тамақтандырады. Жуынып-тазаланып, әл жиып алғаннан кейін тағы жұмыс іздеп көремін», дейді Н. есімді азамат.
Өмір Есқали.
Дерек: Петропавл қалалық ішкі істер басқармасы.
Сурет: news.nur.kz.