АСТАНА. 5 наурыз. Ресейдің белгілі кино және театр әртісі Ирина Апексимова Мәскеудегі Таганка театрының директоры болып тағайындалды. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Танымал актриса бұл қызметте Владимир Флейшерді алмастырды. Мұны Мәскеу мәдение департаментінің басшысы Сергей Капков құлақтандырды.
«Мен жақын күндерде оны ұжымға таныстырамын», - деді ол.
Актриса өзінің Таганка театрындағы жұмысын 2012 жылдан бері директор болып келе жатқан Роман Виктюк театрындағы қызметімен бірге атқаруды жоспарлап отырғанын айтты.
«Менің келісімшарт мерзімім бітті, біз мәдениет департаментімен менің қызметтен кететінім туралы келістік», - деп түсіндірді бұл ауыс-түйісті Таганка театрын 2013 жылдан бері басқарған Флейшер.
Ирина Апексимова 1990 жылы МХАТ-тың мектеп-студиясын (Олег Табаковтың шеберханасы) бітіріп, А.П.Чехов атындағы МХАТ-қа жұмысқа тұрды. Мұнда ол 2000 жылға дейін жұмыс жасады. Осыдан кейін Виктюк театрында әкімшілік жұмыс атқара бастады. Театр мен кинода 60-тан астам рольде ойнады. Олардың арасында «Буржуйдың туған күні», «Шырли-мырли», «Жаналғыш» секілді танамыл фильмдерге түсті.
Таганка театрының негізін қалаушы және көркемдік жетекшісі Юрий Любимов 2014 жылғы қазан айында қайтыс болды. Режиссердің жасы 97-де еді.
Мұрат Айтқожа.
Дерек, фото: lenta.ru.