ШЫМКЕНТ. 5 наурыз. Шымкентте табиғи газдың жарылысы салдарынан баспанасыз қалған сегіз отбасыға пәтер кілті тапсырылды. Бар-жоғы екі айдың ішінде зардап шегушілердің тілегі орындалып, қуанышқа кенелді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Салтанатты шара қала әкімдігінде өтті. Бұл сегіз отбасы қақаған қыстың ортасында баспанасыз қалған болатын. Содан бері жатақхананы паналады. Билік берген уәдесінде тұрып, екі айдың ішінде қайтадан үйлі етті.
«Бюджеттен 69 миллион теңге бөлінді. Ол қаржы қала әкімдігінің төтенше жағдайдың салдарынан жоюға бағытталған қаражат. Бұл ақшаға үш бөлмелі екі пәтер, екі бөлмелі алты пәтер сатып алынды»,– дейді қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов.
Еске салайық, 20 желтоқсан күні Ақназархан көшесіндегі №62 үйде газ жарылып, оқыс оқиға орын алған болатын. Соның салдарынан 8 пәтерлі үй қирап қалды. Тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Күшті жарылыстан үйдің негізгі қабырғалары қирағандықтан, оны қалпына келтіру оңай болмаған. Үйді апатты деп тапқан мамандар баспананың қалдығын сүріп те тастады.
Бақтияр Тайжан.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: kz.otyrar.kz.