ОРАЛ. 5 наурыз. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен түркиялық «Аккюн групп» компаниясы арасында индустриялық аймақ құру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл тралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Аталған компания басшысы Юсуф Аккюнның айтуынша, олардың қалаулары Орал өңіріне тектен тек түспепті. «Бізді біріншіден Батыс Қазақстанның логистика мен инфрақұрылым жағынан қолайлылығы қызықтырды», дейді ол.
Ендеше облыстық әкімдік үшін түркиялықтар несімен тартымды болды деген сауалға да жауап бере кеткеніміз жөн. Бұл ретте шетелдік компанияның индустриялық аймақ құрудағы мол тәжірибесі ескерілгенін айтуға тиіспіз. Олар әлемнің көптеген елдерінде жұмыстар жүргізуде. Индустриялық аймақтың қажеттілігі – шағын және орта кәсіпті өркендетуге аса қолайлы фактор туғызатындығында. Бұдан әрі өндірістің кез-келген саласын дамытуға жан-жақты мүмкіндіктер ашылмақ.
Бүгінгі күні Қазақ-Түрік индустриялық аймағын құру үшін Самара-Шымкент тасжолы бойынан 1 мың гектар жер телімі бөлінген. Мұндағы құрылыс жұмыстары алғашқы кезеңде 300 гектар аумаққа ғана жүргізілмек. Бұдан кейінгі кезекте қалған жер телімі бөліктері кәсіпкерлер мен инвесторлардың сұраныстарына сай одан әрі ұлғаймақ. Ең бастысы, бүгінде қол қоюшы тараптар жобаның барынша тиімді түрде, әрі қысқа мерзімде іске асуына мүдделі.
Қазіргі күні мұнда индустриялық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалау-сметалық құжаттарын жасау ісі белгіленіп отыр.
Темір Құсайын.
Дерек, сурет: egemen.kz.