• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2015

Сәулетті өмір кепілі

290 рет
көрсетілді

Туған еліміздің, ұлы Отанымыздың тарихында алтын әріптермен жазылар шуақты күннің бірі – 30 тамыз. Осы күні Қазақстан Республикасының Ата Заңы өмірге келді. 16 желтоқсанда қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялап, іргелі жұрт екенін танытса, 30 тамызда тәуелсіздігімізді заңмен қорғайтын Ата Заңымыз дүниеге келді. Еліміз үшін тәуелсіздік күні қаншалықты құрметті болса, бұл күн де соншалықты ардақты. Ал биылғы жылы бұл күн екі есе нұрлы, екі есе шуақты. Себебі, биылғы жылы Ата Заңымызға тура жиырма жыл. Қасым ханның қасқа жолының, Есім ханның ескі жолының, әз Тәукенің «Жеті Жарғысының» мұрагері – тәуелсіз елдің Ата Заңына 20 жыл толды. Осыдан 20 жыл бұрын бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан халқы өз таңдауын жасап, өз Ата Заңын таңдап алған болатын. Міне, осы Ата Заңымыз 20 жыл елімізге қалтқысыз қызмет етіп келеді. Ата Заңымыз – сәулетті өмірдің кепілі. Бұған әрбір Қазақстандық сенеді. Ғасырлар тоғысында Мәңгілік Ел – Қазақстанның Ата Заңы өмірге келді. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болмағына Ата Заңымыздың қосар үлесі зор, қосқан дүниесі де мол. Тәуелсіздігіміздің 24 жылына аяқ басқан ортақ Отанымыз Қазақстанның гүлденуі жолында Ата Заң бағыт беруші темірқазық іспеттес. Ата Заң – мемлекеттің құқықтық жүйе­сінің мәйегі, қайнар бұлағы. Себебі өзге заң Ата Заң негізінде ғана жүзеге асырылады. Конституциямызда күнделікті күйбең тіршілікте қолданылатын дүние­лерден бас­тап, мемлекеттің саяси стратегиясына дейін толық қозғалған. Біздің Ата Заңымыздың басты нысаны – адам өмірі және адам құқықтары. «Мемлекеттің басты байлығы – адам» деген ұранды алған алты Алаштың құқығын қорғап, адамзаттың мүддесін мақсат тұтқан Ата Заңымыз – сәулет­ті өмірдің кепілі. Бұған әрбір Қазақстандық сенеді. Азат еліміздің айбарлы ар-намысының қорғаушысы әрі қолдаушысы – Ата Заң. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде «Конституция біздің тәуел­сіз­дігімізді нығайтты, мемлекетті және бүкіл қоғамды берік етті. Сондықтан да, біздің ортақ парызымыз – Негізгі Заңға құнттылықпен қарау, оны өз Отанымызды, өз тарихымызды құрметтегендей құрмет­теу» деп атап айтқан болатын. Тұғыр­лы тәуелсіздігіміздің, мерейлі мемле­кеттігіміздің кепілі – айбарлы Ата Заңымыз. Біздің Ата Заңымызда адам құқықтары толықтай қорғалған. Бұл Ата Заңымыздың ІІ бөлімінде толықтай айтылған. Осы бөлімнің 12-бабында «Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айырыла алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады», деп жазылған. Қазіргідей зымырап аққан жұлдыздай жедел дамыған заманда жаһандық даму көшінен қалыспай, дамудың даңғыл жолына түскен болсақ, бұл да Ата Заңымыздың саламатты өмір кепілі екендігінің дәлелі. Ата Заңымызды қабылдар алдында «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, өзіміздің егемендік құқы­ғымызды негізге ала отырып, қазіргі және болашақ Конституцияны қабылдаймыз» деген ұлы мақсат қойған болатын. Қазақстан халқы сол ұлы мақсатына қол жеткізе білді.  Бақытжан ОТАРБАЕВА, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің студенті.