• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2015

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов: «Бизнесті бәсекеге үйретеді»

369 рет
көрсетілді

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде  өткен кезекті баспасөз мәслихатына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қатысты. Баспасөз мәслихатында әңгіме өзегі теңге бағамының төмендеуі төңірегінде өрбіді. Әрине, қазіргі жағдай кім-кімге де оңай тиіп отырған жоқ. Доллар бағасының құбылмалы жағдайы қарапайым халықты былай қойғанда, кәсіпкер қауымды біраз күпті көңілге салғаны шындық. Себебі, Үкіметпен қатар жеке кәсіпкерлердің ал­дында да дәл осындай қиындау шақта зор жауапкершілік жүгі тұрғаны анық. Өйткені, теңге бағамын төмендетудегі түрткі болған бір себеп осы кәсіпкерлерге таянған тығырықтан шығудың жолы болатын. Әрине, уақыт талабынан туған мәжбүрлі шешім осы. Иә, Абылай Мырзахметов теңге бағамының төмендеуі отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін көтеруге, қосымша түсім алуға, ең бастысы, жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік беретіні туралы бұған дейін де айтқан болатын. ҰКП басқарма төрағасы бұл теңге құнын төмендету қажеттігінің ұзақ талдау­дан өтіп, талқыға түскенін айт­қан. «Экспортшылар қолдады, ал шағын және орта бизнесте кейбір салалардың кей дүниелерден айырылып қалуы мүм­кін деген қауіп болды. Себебі, біреуде валю­талық кредит бар, валюталық түсімі жоқ дегендей. Бұл жағдайды да талдаудан өткіздік, жүгінуіне болатын жедел штаб құрдық. Апта сайын дерлік Үкімет басшылығымен, барлық министрлермен байланыста болдық, бұл ақпаратты жет­кізіп, бірге талқыладық. Осы жартыжыл­дықта жағдай нашарлай бастады. ШОБ ба­ғам түзетілу қажеттігіне тап болды. Сондықтан, теңге бағамына қатысты ше­шімді бизнес өкілдері қолдайтынын жеткізді, деді ол. Брифинг барысында Абылай Мыр­захметов теңге бағамының өзгерісі сәтінде кәсіпкерлерге қатысты қандай шаралар қабылданатынын әңгімеледі. Сондай-ақ, тауар бағасын тұрақты ұстап тұруға қатысты мысалдар айтылды. Сонымен қатар, А.Мырзахметов халыққа қажетті әлеуметтік тауарлар құнын нарықтық жолмен қадағалау қажеттігін атап өтті. Ресеймен ортақ нарықта болғаннан кейін, әсіресе, тамақ өнеркәсібі салаларындағы бәсе­келестік шаралары бірдей болуы тиіс. Мәселен, теңге бағамы еркін айналымға жіберілгенге дейін ресейлік тауардың қазақстандық тауардан орташа құны 30 пайызға қымбат болған. Бірақ қазіргі уақытта біздің тауарлардың бағасын олармен бірден теңестіруге болмайды. «Оны бірден 100 пайыз ресейлік тауар құнымен бірдей қылайық деген саясат жоқ. Ол меніңше, дұрыс емес. Одан ке­йін Елбасымыз ешкімге де отандық тауар құнын көтермеу керек деген мақсат жүк­теген жоқ. Мемлекет басшысының жал­пы айтқаны, отандық кәсіпкерлердің тұтынушылардың, қоғамның алдындағы әлеу­меттік жауапкершілігін сезінуі. Яғни, бағаны күрт өсірмеу. Егер тауарыңыз им­порт болса, онда көтеруге болады. Бірақ импорт әкелетін сауда ұйымдарының, не бол­маса компанияның өз қоймасында бір айлық ескі бағамен әкелген тауары бола­ды. Сондықтан бірден тауар бағасын кө­теру бизнестің халық алдындағы әлеу­меттік жауапкершілігіне жатпайды»,  деді ол. Әрине, мемлекет өз тарапынан не­гізгі халыққа қажетті әлеуметтік тауарларға қадағалау жасайды. Бірақ оның да нарықтық және әкімшілік жолы бар. «Біздіңше, нарықтың жолын таңдаған жөн. Біз жыл сайын осындай жағдай болғанда әкімшілік жолды іске қосамыз. Әкімдіктер базарларды, дүкендерді аралап, бағаны көтерме деп айтады. Меніңше, бұл нарықтық саясатқа жатпайды»,  деді басқарма төрағасы. Сондықтан халыққа қажетті әлеуметтік тауарлар құнын нарықтық жолмен қадағалау қажет. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».