Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ұйымы «Қазақстан Республикасында малдың генетикалық ресурсын тұрақты басқару және сақтау» тақырыбына семинар өткізді. Семинарға ғалымдар мен шаруашылық жетекшілері қатысты. Басқосудың мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін малдардың генетикалық ресурсын сақтау мен оны тиімді пайдаланудың маңызына жалпы жұртшылықтың, әсіресе, мал шаруашылығымен, азық-түлік дайындау ісімен тікелей айналысатын кәсіпорындар мен мамандардың назарын аудару. БҰҰ көтеріп отырған мал генетикасын сақтау мәселесі біздің еліміз үшін де маңызды. Себебі, мал шаруашылығы біздің экономикамыздың негізгі бір саласы болып табылады. Азық-түліктің негізгі бөлігі осы мал шаруашылығынан алынады. Семинарға қатысқан Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Көпмағамбет Елемесов дүниежүзінде ғана емес, Қазақстанда да мал тұқымының кейбір түрлерінің қалмағанына, мал санының бұрынғыдан тым азайып кеткеніне назар аударды.
– Бұрын Қазақстанда қойдың саны 35 миллион болатын, содан қазір 16 миллион қалды, 10 миллион ірі қарадан бүгінде 6 миллионға жетер-жетпесі бар. Қойдың биязы жүнді Бесқарағай тұқымы қазір жоқ. Қаракөл тұқымы уақытысында 6 миллионнан асқан болатын, одан қазір 950 мыңдайы ғана қалды. Қостанай облысындағы Карл Маркс атындағы шаруашылық секілді бірілі-жарым шаруашылықтарда жылына бір сиырдан 6 мың литр сүт сауылады, ал Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 2250 литрден аспайды. Медицинаның талабы бойынша әр адам жылына 142 литр сүт ішуі тиіс екен, біздің халықтың санына қарағанда оны өзіміз толық қамтамасыз етуге күшіміз келеді, соған қарамастан сырттан жылына 1 миллион литр сүт сатып алынады, – дейді ғалым.
Республикада мал өнімін көбейту, жайылымды құнарландыру, тиімді пайдалану мәселелері де семинарда сөз болды. БҰҰ Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ұйымының жұмысына Қазақстан 2005 жылдан бастап қосылған болатын. Қазір осы ұйымның жұмысы бойынша Орталық Азияда орталығын Қазақстанда ашу жұмысына дайындық жүргізілуде. Ол орталыққа Моңғолия мен Қытай да кіретін болады. Ұйымның Қазақстан Республикасындағы үйлестірушісі Талғат Қарымсақовтың мәліметінше, Қазақстанда мал өнімдерінің барлығын да сыртқа шығарудан гөрі сырттан тасу басым. Сонымен қатар, мемлекеттен 2007-2012 жылдар арасында берілген субсидия көлемі 5 еседен астам өскен. Соған қарамастан Қазақстан мал өнімін өндіру көрсеткіші жөнінен дамыған елдермен салыстырғанда көш артта келеді. Мысалы, бір сиырдан жылына сауылатын сүттің көлемі АҚШ-та – 8,6 мың, Канадада – 7,8, Германияда – 6,7, Ресейде – 3,5, ал Қазақстанда 2,2 литр екен. Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы жасалды. Осының негізінде ауыл шаруашылығы салалары бойынша шеберлік-жоспар құрылды.
– Осының барлығын талдай келе, біз малдың генетикалық ресурстарын сақтау мен жақсартуды басқарудың ұлттық стратегиясы мен жоспарын жасадық. Оны Ауыл шаруашылығы министрлігі мақұлдады, – деді Талғат Қарымсақов.
Ұйымның Қазақстандағы кеңесшісі Михаил Тамаровский ұлттық стратегия мен жоспардың негізгі ережелерін түсіндіріп берді. «Қазақ тұлпары» асыл тұқымды жылқы зауытының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Нәбидолла Кикебаев жылқының генетикалық ресурсы, Батыс Қазақстан мал шаруашылығы және жем өндірісі ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұржан Әжіметов қаракөл және түйе шаруашылығын дамытудың жай-жапсарына тоқталды. Сонымен қатар, Қостанай облысы бойынша бас асыл тұқым инспекторы Марк Гумеров Қостанай облысындағы малдың генетикалық ресурсын сақтау жұмыстары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Досқали Найманов ірі қараның отандық тұқымының генетикасын сақтау мен жақсарту жөнінде айтып берді. Семинар соңында тиіс қарар қабылданды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.