• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2015

«Түрксой»-дың тынысы ашыла түсті

348 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде «ТҮРКСОЙ» халық­ара­лық ұйымының қолдауымен «Алматы – ислам мәдениетінің астанасы-2015» бағдар­ламасы аясында ТҮРКСОЙ кафедрасы мен ғылым-білім және мәдени «ТҮРКСОЙ» орталығының ашылу салтанаты өтті. Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының  құрылғанына 20 жыл толуына орай өткізіліп отыр. Айтулы оқиғаға «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстан Республикасындағы Түркия, Әзербайжан, Өзбек­стан, Түрікменстан, Қырғыз­стан­ның елшіліктері мен консул­дықтарының қызметкерлері, Алматы қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған түркітілдес этно­мәдени бірлестіктер, сонымен қатар, ҚазҰУ-дың ғалымдары, оқы­тушылары мен студент-магис­транттары қатысты. Белгіленген мерзімде шақы­рылған қонақтар шығыстану факультетіне жиналды. Алдымен «ТҮРКСОЙ» кафедрасының ашылу салтанатына жиналған қауым тарихи лента қию рәсімінің куәсі болды, дәстүрлі шашу шашылды. Бұдан кейін ғылым-білім және мәдени «ТҮРКСОЙ» орталығы да лента қиюмен ашылды. Жиналған қауым үлкен залды лық толтырды. Алғаш сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов үлкен жиынды ашып, қатысушыларды құттықтады. Келесі сөз кезегінде Бас хатшы Дүйсен Қасейінов: «Бұл ашылған кафедра Қазақстан мен түркі елдері арасындағы тағы бір көпір болмақ, оның қызметі түркі халықтарының тілдерін, мәдени интеграция мәселелерін, әлеуметтік-экономикалық және сая­си процестерін зерттеу орта­лығы болатыны сөзсіз», деді. Сон­дай-ақ Алматы қаласында түрік мәде­ние­тінің халықаралық ұйымы («ТҮРКСОЙ») 1993 жылдың 12 шілдесінде түркітілдес елдердің басшылығымен құрылғанын, соңғы екі жылда бауырлас түркі халықтары мәдениетінің дамуы, ықпалдасуы, танытылуы және әлемдік аренада насихатталуы бағытында бірнеше көлемді шараларды іске асырғаны туралы айтты. Түркия елшілігінен келген Супхи Атан, Әзербайжан елшілігінен Рустамов Низами Исахоглы, тағы да басқа елшіліктен келген ­жау­апты тұлғалар айтулы оқиғаға үлкен баға беріп, шын жүректен құттықтады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ға­лым­қайыр Мұтанов Дүйсен Қора­байұлының ұйымға басшылық еткен үш жылға жуық уақыт ішінде көп шаруалар атқарғанын, ұйымның беделін көтергенін, оны түркі бірлігін нығайтатын ірі құрылымға айналдыра алғанын айта келіп, осы қызметі үшін Ұлттық университеттің «Алтын медалімен» марапаттады. ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановты «Түрксой» медалімен марапаттады. «Түрксойдың» халық­ара­лық баспасөз сыйлығымен «Еге­мен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрах­манов және «Алматы ақшамы» газетінің директоры-бас редакторы Қали Сәрсенбай марапатталды. «Егемен Қазақстан» басылымының Алматы бөлім­шесінің жетекшісі Қорғанбек Аманжол, университет профес­сорлары Өтеген Күмісбаев, Өмірхан Әбдиманұлы «Тоқтағұл» медалін омырауларына тақты. Шарафаддин ӘМІРОВ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.