• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2015

Жаңа экономикалық саясатқа көшу жоспары мақұлданды

429 рет
көрсетілді

Сенбі күні Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкіметтің селекторлық отырысын өткізді. Отырыста жаңа экономикалық саясатқа көшу жағдайындағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері қаралды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. Атап айтқанда, Орта мерзімді перспективада экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағыт­талған шаралар жоспары талқы­ланды, сондай-ақ, Үкімет пен Ұлт­тық банктің инфляциялық таргеттеуге көшу жағдайындағы шұғыл шаралары мақұлданды. Ұлттық экономика министрі Е.Досаев атап өткендей, Шұғыл шаралар жоспары бес бағыттан тұрады. Жоспар тұтастай экономиканы да әрі оның жекелеген салаларын да қорғауға бағытталған. Жоспарға сәйкес, Үкімет пен Ұлттық банктің қызметі эко­но­миканың нақты секторын қол­дауға, жеке инвестиция тартуды ынталандыруға, жұмыспен қам­туға, жаңа жұмыс орындарын құруға, қаржылық тұрақтылықты ұстап тұруға, Ұлттық қор қара­жатын тиімді пайдалануға, сон­дай-ақ, республикалық бюджет теңгерімдігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Министр «қаржы ресурстары шектеулі болып отырған жағдай­да қаражат басым бағыттарға қайта үлестіріліп, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды қаржыландыруды оңтайландыру жалғасын табады және аяқ­талады», деп атап өтті. Сонымен қатар, Е.Досаев «Шұғыл шаралар жоспары әлеуметтік маңызды тауарларға бағаның өсуіне жол бермеу, жеке тұлғалар мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының мерзімді депозиттері бойынша өтем­ақы төлеу механизмімен то­лық­тырылатынын» атап көрсетті. Жоспарға сондай-ақ, өнеркәсіп кәсіпорындарын, тұрғындардың әлеуметтік аз қамтылған топтарын қолдау және жұмыспен қамту бойынша жедел шараларды қамтитын өңірлік блок та қосылған. «Шұғыл сипаттағы басқа да амалдарды, соның ішінде, жал­пы алғанда экономиканың нақты сек­торындағы жағдайды тұрақ­тандыруға бағытталған сыртқы сауданы реттеудің тариф­тік емес әдіс­терін, ішкі нарықты қор­­­ғау амал­дарын іске асыру қарас­тырылып отыр», деп атап өтті министр. Сонымен қатар, Үкімет мүше­лері әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасының көтері­л­уіне жол бермеуді қарастыратын кешенді шараларды талқылады. Олар аталған тауарлардың маңыз­дылығын анықтап, жосықсыз бәсе­ке­лес­тердің жолын кесіп, монопо­лияға қарсы бақылау шараларын қа­растырмақ. Оған қоса, Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев аймақ басшыларына тұ­рақ­тылық қорлары арқылы та­уар интервенциясын жүргізу және тұ­рақты түрде ауылшаруашы­лық жәр­меңкесін өткізіп тұру керек­тігін айтты. «Одан басқа, әлеуметтік ма­ңыз­ды тауарлар бағасына күнде­лікті мониторинг жүргізіліп, жыл­дың аяғына дейін базарларда әлеуметтік маңызды тауарларға талдау жасалады. Баға бәсекесінің дамуына кедергілер анықталатын болады», деп түйіндеді Е.Досаев. Отырыс соңында Премьер-Министр мүдделі мемлекеттік органдар басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.