Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөнінде Қазақстан халқына өз Үндеуін жариялағаны белгілі. Үндеу жариялауға себеп болған мыңдаған азаматтың ұсыныстары, саяси партиялар мен демократиялық күштер, республикалық қоғамдық бірлестіктер мен 500-ден астам үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен келген ұсыныс-тілектер еді.
Елбасы өз атына келіп түскен ұсыныс-тілектерге орай шешім қабылдау қажеттігі туындағанына тоқталды. Кезектен тыс президенттік сайлау өткізу елдің бүгінгі ішкі саяси тұрақтылығы мен экономикалық қуатын одан әрі нығайту мүддесінен туындап отырғанын атап өтті. Халыққа Үндеуінде Елбасымыз алдағы сәуір айында президенттік сайлау өткізудің конституциялық нормаларға сәйкестігі жөнінде Сенаттың сұранысы бойынша Конституциялық Кеңестің шешімі болғанын, осы шешімге негіздеп Конституцияның 41-бабы бойынша сәуір айының 26-сында президенттік сайлау өтетінін жариялады.
Қазақстан әлемдегі барынша дамыған 30 елдің қатарына қосылуға бағыт алып, «Нұрлы Жолды», нұрлы болашақты таңдады. Ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған «Мәңгілік Ел» болу мұратын жалпыұлттық идея ретінде басты бағдар етіп алды. Осындай жетістікке жетуіміздің негізінде Қазақ елін тәуелсіздіктің мәңгі тұғырына шығарған, экономикалық қиыншылықтар мен саяси шиеленістерден алып шыққан Елбасымыздың ерен еңбегі жатыр. Сондықтан бұл тарихи маңызы ерекше сайлауға Елбасымыздың қатысуы туралы шешімін Қазақстан халқы үлкен үмітпен, зор сеніммен күтуде.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлар құрамы мен студент жастары да президенттік сайлауға белсенді қатысуды азаматтық борышы және перзенттік парызы деп біледі.
Қылышбай БИСЕНОВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректоры, профессор.
ҚЫЗЫЛОРДА.