Мен өмірлік тәжірибесі, көрген-түйгені бар, кезінде Қостанай сияқты іргелі облысты басқарған, Қазақстан Парламенті Мәжілісіне депутат болған адам ретінде, жалпы Тәуелсіз Қазақ елінің бір азаматы ретінде кезектен тыс президенттік сайлауды биыл, яғни 2015 жылы өткізу туралы ұсынысты дәл уақытында, жан-жақты ойластырылып барып жасалған байлам деп қабылдаған едім.
Біріншіден, мұндай ұсынысты Қазақстандағы 140-тай ұлт пен ұлыстың басын қосып, біріктіріп, ұйытқы болып отырған, беделі мен ұстанымы жөнінен жалғанның жалпағына танылған Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі жасады. Бұл құрылым Қазақстандағы барлық ұлт пен ұлыстың мүддесін, олардың ой-арманын дөп басып, білдірді.
Екіншіден, Ассамблеяның осы ұсынысын еліміздегі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, шығармашылық одақтар, жастар, ардагерлер кеңесі мен әйелдер қауымдастығы – бір сөзбен айтқанда, жалпы, жұртшылық бірауыздан қолдады. Тіпті, мен мұндай ұсынысқа қарсы болған бірде-бір жанның пікірін естіген жоқпын. Өйткені, президенттік сайлауды дәл биыл, қазіргідей ерекше көкейкесті мәселелерді түбегейлі шешу қолға алынып жатқан тұста өткізу бұл Тәуелсіз Қазақстанның қамын, оның экономикасы мен әлеуметтік саласын тұрақты дамытудың қамын ойлағандық еді. Бұл – «Нұрлы Жол» бағдарламасын түбегейлі жүзеге асырудың, «Қазақстан-2050» Стратегиясында алға қойылған әлемдегі аса дамыған 30 елдің бірі болу, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын бекемдей түсудің қамын ойлағандық болатын. Бұл – Қазақстандағы өте тиімді тұрақтылық моделін сақтаудың, бірлігімізді бекемдей түсудің, барлық күш-жігерімізді, ой-мақсатымызды Көшбасшымыз – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев төңірегіне топтастырудың қамы еді. Бұл – әлемді жайлаған дағдарысқа қарсы тұрудың, одан аман-есен өтіп, елімізді биік белестерге бастаудың қамы болатын. Бұл – Қазақстанда қалыптасқан дана да сара ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымдарды сақтап, Отанымызды ел мүддесіне, Қазақстанда тұратын әр ұлттың мүддесіне сай дамытудың қамы еді.
Осының бәрін бізден артық білетін Елбасы өз Жарлығымен сайлау күнін белгілеп берді.
Ал енді осындай асқаралы міндеттерді атқарып, ауыр жүкті көтеріп, Қазақ елін бүгінгі қойылып отырған асқаралы міндеттерге сай дамыта алатын тұлға бар ма? Әрине, бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев!
Мен Нұрсұлтан Әбішұлының қайраткерлік, көшбасшылық қасиеттерін жақсы білетін жандардың бірімін. Ол 1995 жылы 29 қыркүйекте мені өзінің Жарлығымен Қостанай облысының әкімі етіп тағайындады. Бұл кезең бұрынғы экономикалық байланыстардың үзіліп, жаңа жүйе әлі қалыптаспаған, тәуелсіз еліміздің енді ғана жаңа Қазақстанды құрып жатқан ерекше бір қиын шағы еді. Халықтың қиналған тұсы да дәл сол сәт болатын. Сол тұралап қалған экономиканы алға бастырған, халықтың ел болашағына деген сенімін арттырған, шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, шекарасын шегелеген, кеденін орнатқан, жаңа экономикалық қатынастарды реттеген, жүргізілген реформаларға ерекше серпін берген, халықтың сеніміне ие болған кім еді? Әрине, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!
Бұдан бұрын өткен сайлауларда асқан басымдылықпен жеңіске жеткен, ел тізгінін берік ұстап, бүкіләлемдік қоғамдастық арасында орасан зор беделге ие болған, Қазақстан халқының барлық жігінің қолдауы мен сенімін иеленген, елінің көшін бастаған даланың дана ұлы кім еді? Әрине, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!
Олай болса, біз осындай ұлымызға, халқының адал перзентіне ел тізгінін ұстатып, өзі бастаған істерді табысты жалғастыруына мүмкіндік беруіміз қажет. Міне, мен сондықтан да кезектен тыс президенттік сайлауды биыл өткізуді қолдаған едім.
Тоқтарбай ҚАДАМБАЕВ,
қоғам қайраткері.
ҚОСТАНАЙ.