Ата-бабаларымыз қара сөздің қаймағын қалқып, астарлап сөйлеп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп ұлағатты сөздер қалдырған. Мысалы, «мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» деген сөздің астары теңіздей тереңде жатыр. Бір қиындықты ауырсынып жүрген, одан да ауыр қиындыққа тап болған кезде айтылған. Мұның дәлелін алыстан іздемей-ақ өзімізден табуға болады.
Өткен жылы электр қуатының бір КВт-на 14 теңге 56 тиыннан төлегенде тұтынушылар қатты қиналып жүрді. Әсіресе, тек қана зейнетақыға қарап отырған зейнеткерлер мен жұмыссыздар, бір үйде бір адам ғана жұмыс істейтін аз қамтылған отбасылары қатты қиналды. Күнделікті қажеттіліктің өзіне жұмсағанда айдан-айға зейнетақысы әпіл-тәпіл жетіп жүрген зейнеткер биыл электр қуатының әр КВт-ның құны 19 теңге 57 тиын болып, бірден 5 теңге 1 тиынға өсіп шыға келгенде төбесіне қазандай қара тас құлағандай есеңгіреп қалды. Оның үстіне дүкендердегі заттардың, азық-түліктің бағаларын да кәсіпкерлер шарықтатып тұрғанда, мынау ауыр соққы болды. Өткен жылғы 14 теңге 56 тиыннан азайтудан үміттеніп жүргенде тоқтың бағасы шарықтап шыға келді. Бұл «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп жүріп құлағынан айырылыптының» кері болды.
Бір таңғаларлығы, монополияны реттеу агенттігі бұған қалай жол беріп отыр, әлде бұл мекеме ешкімді мойындамайтын, халықтың жағдайын ойламайтын аяғы аспаннан салбырап түскен мекеме ме? Тым болмағанда зейнеткерлерге, аз қамтамасыз етілген отбасыларына, мүмкіндігі шектеулі жандарға жеңілдік жасамай ма? Мұндай жандар енді не тамақтан тапшылық көруі керек, не жарықсыз отыру керек қой.
«Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» деген осы. Жоғары жақтағылар мұны ескеретін шығар деп ойлаймыз.
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ұлытау ауданының құрметті азаматы.
Қарағанды облысы.