• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2015

Тарту

484 рет
көрсетілді

Ұлттың мәртебесін көтеріп, жұрттың беделін арттыратын Қазақ хандығының 550 жылдығы Отанымызда үлкен үрдіске ие болып, ұрпақтың рухын оятып, төңірегін түгендей қарауға мүмкіндік беріп отыр. «Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы!» деген Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың сөзі алдағы ойымызға арқау болды. «Жеті жарғы» және Қо­жаберген жырау» халық­аралық қоғамдық қоры айтулы мерекеге тарту ретін­де, қазақ тарихын хатқа тү­сіріп кеткен Қожаберген жыраудың «Алла өзі алсын бізді панасына, Дұшпанның қол жеткізсін жағасына. Майданда ерлеріме қуат беріп, Көрші елдің қал­дыр­масын табасына. Алаштың алты ұлының бірі-қазақ, Жұрт еді қайырымды салты ғажап. Тілеймін жалба­рынып жаратқаннан, Хал­қымды еткізбе деп жауға мазақ» деп басталатын, «Елім-ай» дастанын «Зерде» баспасынан шығарыпты. Ұлт тарихын танып білуде алтын арқаулы айғақ болып есептелетін, бұл дастан туралы әңгіменің алдында Тәуке хан тұсындағы Қазақ хандығы жайлы мол деректер келтіріліп, жоба жетекшісі, аталмыш қоғамдық қордың төрағасы, профессор Бекет Тұрғараевтың көлемді мақаласы желі тартыпты. Одан кейін бұл күнде арамызда жоқ, бірақ артына өлмес мұра қалдырған академиктер Манаш Қозыбаев пен Салық Зимановтың және қазақ ғалымдарының бүгінгі ақсақалы Серік Қирабаевтың, профессорлар Амангелді Айталы мен Мекемтас Мырзахметовтің Қожабергеннің халық тарихына қалдырған деректерін талдаған зерттеу мақалалары орын алыпты. Алпыс бір жасының 45 жылын жорықта өткізген жыраудың бұл дастаны «Жұртымнан неге аяйын өнерімді, Жоғалтпан тірі жүрсем беделімді, Халқымның ауыр халін баян етіп, Бастайын «Елім-ай» деп өлеңімді» деп өзі айтқандай, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан мол дерек береді. Еліміздің төрт құбыласын түгел хатқа түсіргенін әр шумақтан айқын аңғарасың. Қалмақпен қақтығыста Сібір мен Сыр, Омбы мен Қаратау арасы өлең өрнегіне түскенде, сол өңірлерде қазақтың Толыбайдай толысқан ақылманы, «Қанжығалы арғын Бөгенбай – Алтынды тонның жағасы. Осы күнгі сардардың, Бәрінен артық бағасы. Бес жасы кіші Бөгеннен, Албанның ері Хангелді. Бөлінсе де жұртынан, Бастауға жарар ғаскерді», деп хас батырларың кескін келбетін, бітім-болмысын әдемі суреттейді. Кітап сапалы қағазға басылып, қазақ жұртының байтағындағы керемет табиғат көріністерімен, киелі орындарының суреттерімен, қасиетті саналатын жәдігерлермен безендірілген. Бұл жинақтан қалың оқырман халқымыздың тасқа басқан тарихын дәл танып білері сөзсіз. «Қаратау, Сыр, Сарыарқа, Еділ-Жайық, Тұрақты қазақ жұрты қонысы деп. Санаңдар түп қазаққа соны лайық, Әуелден мал жайылып, өрісі деп», мұнда жер тұтастығы да жақсы тиянақталған. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».  
Соңғы жаңалықтар