Щучье қаласындағы «Kazbeef LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заманауи ет комбинаты Ресейге мәрмәр ет жеткізу ісін табысты жалғастыруда. Бұл жерде тәулігіне 35 бас Герефорд және Ангус асылтұқымды сиырлары қасапханадан өтеді. Жоғары сапалы өнім вакумдық қаптамада, еуропалық стандарт бойынша тереңдетілген әдіспен өңделеді.
Кәсіпорын өткен жылы көршілес елге 224 мың тонна өнімді экспорттады. Сондай-ақ, мәрмәр етке Астана және Алматы қалаларында да сұраныс жоғары. Осыған байланысты ет комбинаты биыл 1800 тонна мәрмәр ет өңдеуді жоспарлап отыр.
Жалпы, «Kazbeef LTD» компаниясы 2010 жылдан бері еттік бағыттағы Ангус және Герефорд асылтұқымды малын өсірумен айналысып келеді. Компания осыдан 4 жыл бұрын АҚШ-тан 2000 бас асылтұқымды мал әкелген болатын. Бүгінде бордақылау алаңындағы ірі қараның саны 12 мыңға жетіп отыр. Сондай-ақ, «Kazbeef LTD» серіктестігінің Ақмола облысының Зеренді (Пухальск) және Еңбекшілдер (Мамай) аудандарында мамандандырылған екі шаруашылығы бар. Бұл болашаққа биік жоспарлар құруға мүмкіндік береді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы.