• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2015

Энергия бағасын төмендетті

331 рет
көрсетілді

Жалпы, Екібастұздағы Болат Нұржанов атындағы ГРЭС-1  стансаның жобалау қуаты 4 000 МВт болатын конденсаттық типтегі аса ірі жылу электр стансасы саналады. Өткен жылы электр энергиясын өндіру 14,1 млрд. кВт/сағатқа жетті. 2014 жылғы сәуірден бастап «Екібастұз 1-МАЭС» АҚ-тың 100 пайыз қатысу үлесіне еліміздегі «Самұрық-Энерго» АҚ ие болды. – Стансада шекті тарифтер бағдарламасы бойынша соңғы бес жыл ішінде жабдықтарды жаңғырту, қоршаған ортаға тигізетін әсерді азайтатын озық технологияларды ендіру, бойын­ша жобалар іске асырылды. «Самұрық-Энерго» АҚ еліміз экономикасының дамуына ықпал ете отырып, тарифтерді төмендету және тұтынушыларымызға қол­дау көрсету туралы осындай шешім қабылдады, – дейді стан­саның бас директоры Рысқан Свамбаев. Сөйтіп, алып станса ақпан айы­нан бастап электр энергиясын босату бағасын 1 кВт/сағат үшін 8,65 теңгеге дейін  азайтты.  2015  жылға Екібастұз ГРЭС-1 үшін бекітілген тариф мөлшері кВт/сағ. үшін 8,8 теңгені құрайды. Ал, бұл күндері «Инвестицияға алмас­тыратын тариф» қағидаты бо­йынша 2009 жылдан бастап станса жобалық қуатын 4 000 МВт-ға дейін арттырды. «Стансаны қайта құру және кеңейту» жобасы іске асырылуда. 2012 жылы қуаты 500 МВт қайта қалпына келтірілген № 8 энергия блогы пайдалануға берілді. Өткен жылы қалпына келтірілген №2 энергия блогы да (500 МВт) желіге қосылды. Қазіргі кезде іске қосу мерзімі 2017 жыл деп белгіленген №1 энергия блогы бойынша (қауаты 500 МВт) жұмыстар жүргізілуде. Шекті тарифтер есебінен барлық жұмыс істеп тұрған энергия блоктарында электр сүзгілерін орнату бойынша жобалар іске асырылды. Отын беру жүйесін және жалпы станса жабдықтарын жаңғырту басталды. 2009 жылдан бастап ГРЭС-1 стансасына шекті тарифтер бағдарламасы аясында 202 млрд. теңгеден астам инвестиция салынды. Биыл қаржыландыру көлемі 53 млрд. теңгені құрайды. Стансаның пайдаланатын  негізгі отыны Екібастұздың тас көмірі екені белгілі. Өндірілген электр энергиясының басым бөлігі еліміздің энергетикалық нарығына шығарылады. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ЕКІБАСТҰЗ.