Елбасы беделі – ел беделі. Осы тұрғыдан қарағанда, бұл күндерде біз ел беделін биіктететін тағы бір мерейлі оқиғаға куә болғалы тұрмыз.
Мәскеудің «Международные отношения» баспасынан ресейлік белгілі жазушы Сергей Плехановтың Нұрсұлтан Назарбаевтың өміріне арналған «Жібектей есілмеген жол» («Не щелковый путь») атты кітабы жарық көрді. Кітаптың аннотациясында былай делінген:
«Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің қалыптасуы Кеңес Одағының өркендеуімен және құлдырауымен, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің туындауымен қоса жүрген оқиғалармен байланыстыра берілген. Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен еңбек жолы көп жағдайда бұрынғы саяси жүйені жаңғыртуды қолдаған кеңес басшылығының сол кездегі топтарына тән. Бірақ қайта құру кезеңіндегі көптеген реформаторларға қарағанда Назарбаев о бастан күйретуге емес, жасампаздыққа бағыт ұстанды. Елде орнықты татулық пен тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, ол қазіргі заманғы табысты мемлекетті құрды. КСРО-ның бұрынғы республикаларымен тығыз байланыстарды сақтай отырып, Қазақстан Шығыстың және Батыстың шешуші елдерімен өзара тиімді әріптестік қарым-қатынастар орната білді.
Семей ядролық полигонының жабылуы және халықаралық бейбітшілік жолындағы бастамалардағы Назарбаевтың рөлі оны қазіргі заманның белгілі және беделді саяси қайраткеріне айналдырды.
Орыс жазушысы Сергей Плехановтың Нұрсұлтан Назарбаев туралы – адам және саясаткер туралы – кітабымен «Международные отношения» баспасы «Мировые лидеры» сериясын ашып отыр».
Бүгін Мәскеуде аталған кітаптың тұсаукесері өтеді. Соған орай «Егемен Қазақстан» газеті С.Плехановтың «Жібектей есілмеген жол» атты 480 беттік кітабынан алынған кейбір үзінділерді газеттің 6-бетінде оқырмандар назарына ұсынып отыр.
Кітап тұсаукесерінің қалай өткені, Елбасымыз жайындағы жаңа еңбектің Ресейдің зиялы қауымына қалай әсер еткені туралы Мәскеуге арнайы жіберілген тілшіміздің таяу күндерде жарияланатын мақаласынан оқи аласыздар.