• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2015

Жанымен де, жүрегімен де Ана!

729 рет
көрсетілді

Ана деген ұлы ұғымның мәнін түсіну қиындау болып бара жатқан мына заманда нағыз ана, шынайы ана қандай болуы керек деген сауалдың көкейге келіп тұрып алары да бар. Әрине, Ұлы Жаратушының адам баласына берген ұлы сыйы өмір болса, сол өмір дегеніңізді дүниеге әкелер ұрпағы арқылы жаңғыртып келе жатқан ана ұлылығы мәңгілік ұлылық! Бұл – талас тудырмайтын ақиқат! Алайда, сол жаратушының кей жаратылысын өзгертуге бағытталған адам пенденің ісі мен әрекеттері қаншалықты ақтала қойғандығы да белгісіз. Әсіресе, адам баласының ана қасиетін төмендету, болмаса ана ұлылығын танымау сияқты қасиетсіздіктерге ұрынып бара жатқандығы алаң көңіл қылады. Бүгінгінің адамының ең басты қателігі сол дүниеге әкелер өз ұрпағын шектеу ме деп қаламын. Ұрпақты шектеу өмірді шектеу, мәңгілік өмірдің тіршілігін өз қолыңмен саналы түрде тежеу, болмаса тоқтату болар! Тіпті, мына өмір сонда анасыз да болмақшы ма?! Ал анасыз өмір орнаса дүниенің ақыры да сол емес пе?! Неге екенін қайдам, мені осы бір ойдың мазалағаны да бар. Осы бір алаң ойдың шырмауында отырдым да, өзім білетін бір аяулы ананы есіме түсірдім. Ана дегеніңіз қандай болуы керек дегенге, Ана дәл осы Нағытай апа Әбітайқызы Сағадиевадай болуы керек деуге әбден бармын! Өмір атты айдында тіршіліктің біраз ауыртпашылығын да, қиын­дығын да, жетімдігін де, жоқшылығы мен тарыншылығын да бала күнінен қаншалықты тартып өссе де, өз бойындағы адами асыл қасиеттерінен бір айнымай, осы күндері бақытқа кенеліп отырған Нағытай апа нағыз Ана және жанымен де, жүрегімен де Ана! Осы күндері жанымен де жүрегімен де ана болып жүргендер сиректеу кездесері де бар. Дүниеге бала әкеліп, ана болу бір басқа да, алайда жан жүрегіңмен ана бола білу бір басқа! Осы арасын тарата айтар болсақ, ананың аналығы-мен бірге даналығы, кеңдігімен бірге кемеңгерлігі, адамның қасы мен қабағына қарап отырар байқампаздығы мен жайсаңдығы, адам баласының бәрін бірдей өз бауырына тарта білер, жан жылуымен жылыта білер жүрек ізгілігі мен кеңдігі де керек болар! Нағыз ана деп сипаттап отырған Нағытай апамыздың бар бітім-болмысында бір тектілік бар. Бәлкім бұл тектілік өзі жаралған топырақтан да дарыған болар! Өз әкесі Әбітай Кішкенов соғысқа аттанып кете барғанында небәрі екі-ақ жастағы сәби Нағытай әлі әке дегеніңіздің не екендігін де, оның өмірдегі орнын да толық сезіне алмағаны да анық жай. «Не баласы болып тізесіне отыра алмаған, не болмаса еркелеп бірде-бір рет мойнына асыла алмай, тіпті, оны айтасыз тірі күніндегі бейнесін де еркін тани алмай кеткен әкемнің... жан әкемнің өзімен болмаса да, оның рухымен міне, осылайша табысқан едім»,...деп Нағытай апаның ұзақ жылдардан кейін іздестіре жүріп, майдан даласында Невель қаласы үшін опат болған әке қабірінің басындағы тебіреністі сәтін көз алдыңызға бір елестетіп көріңізші! Нағытай апа сол әкенің жер бетінде қалдырған жалғыз ғана ұрпағы, жалғыз ғана ізі болатын. Енді сол ізді жалғастыру Әбітайдың өз қызы, жалғызы Нағытайдың мойнында, тағдыр болып қалған-ды. Өмір жалғасты! Өмір мәңгілікке жалғасты! Майдан даласында опат болған Әбітайдың қызы Нағытай өз әкесінің ғұмырын тұтас бір өмірге, енді сөнбейтін күні бар, солмайтын гүлі бар, мәңгі маздайтын ошағы бар, мәңгі қайнайтын қазаны бар, Алла қаласа таусылмайтын дәулеті бар, кіндігі үзілмейтін әулеті бар Мәңгілік бір шырақты шаңыраққа ұластырды. Ғаламды дүниенің дегеніне жазар ғұмырлы өмірдің ұзаққа тартып келе жатқан жазығымен де, кең жайлауымен де, арагідік кездесіп келген тар соқпағымен де, бұралаң-бұлтарысты өткелімен де, қол ұстасып бірге жүріп, бірге өтіп келе жатқан және бүгінгі күні тұтас қазақ елінің Абырой атты ауылының төріне қатар шығып, қатар отырар Нағытай апаның бар ғұмырын да, өзін де, өмірін де Кенжеағасыз, Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевсіз елестетудің өзі әсте де мүмкін емес! Бірін-бірі жан тазалықтарымен де, ақыл парасаттарымен де, сабыр саят­тарымен де, кісілік келбеттерімен де, кішілік әлпеттерімен де, көңілдерінің кеңдіктерімен де, сырбаз салдықтарымен де, сыйлас қалыптарымен де, әйтеуір бір жан жарасымдылықтарымен толықтырып та, толтырып та қатар жүрер Нағытай мен Кенжеғали Сағадиевтер мына қазақ даласының абыройы мен ары, ырысы мен байлығы, дәулеті мен сәулеті, шыңы мен шырайы, самалы мен шуағы, ажары мен арайы, биігі мен белесі, нуы мен нұры, салтанаты мен салған да, салар да әні болып келе жатқан қос ғұмырдың тілеуін бұл күндері бүкіл ел тілейді, сүйсінеді оларға, сыйлайды, ақылшымыз деп пана тұтады, алға ұстап дана тұтады! Тіпті менің өзі де биік Кенжеғали ағамды онан әрі биіктетіп тұрған да, абыройын асырып келе жатқан да Нағытай Әбітайқызы екендігін де айтқанды жөн санап отырмын. Міне, Нағытай Әбітайқызының жанымен де, жүрегімен де Ана бола білуі ең әуелі апамыздың өз жан жолдасы ерін сыйлап, ерін ардақтап, ерінің абыройын биіктете білген қасиетімен бірге аталуы керек. Өйткені, әр әйелдің бағы мен байлығы өз жанындағы ері мен бауырындағы баласы ғана екендігін енді ашық та, ашып та айтар кез келген сыңайлы. Бұл бүгінгі қоғамға керек! «Әйелдің бағы ері мен бесігі» дегенді Нағытай анамыз ұдайы айтып отырады. Бұл өз сөзі! Және де жан дүниесімен түйсініп барып айтқан сөзі! Ананың бұдан да басқа «ер-азаматтың бағын да ашатын, жолын да ашатын...әйел», «көңілі кең әйелдің дастарқаны да кең», «қолыңдағы бар дәулетіңді қызықтай білу де дәурен», «төзген әйел жеңген әйел» деген сынды Нағытай анамыздың даналық сөздерінің өздерінен де бір кітап құрастыруға болар еді! Алдағы уақытта даналық дәптеріне жазылып қалар Нағытай ананың бұл сөздері құр қызыл тілге ғана сүйеніп айтыла салмаған, керісінше, жар мен баланың қасиетін, одан қалды тұтас өмірдің мәнін терең түсіне білген адамның жүрек сөзі! Өмірді тереңінен түсіне білу де екінің бірінің маңдайына жазылмағаны тағы да бар. Өмірді түсіне білу үшін сол өмірдің ащы дәмін қаншалықты татсаң да, сол ащы да кермек дәмнің өзінен де сол өмірдің тәтті бір дәмін сезіне алу керек. Ал енді оған Нағытай ана­мыз­дың өміріндей өмір, Нағытай анамыз­дың тағдырындай тағдыр, Нағытай анамыздың жаратылысындай жаратылыс пен жан мен жүрек керек! Мына қараңыз, не құдіреті бар екендігін қайдам, Нағытай анамыз­дың жиі қайталап айтар «өз ұрпа­ғымның амандығын тілегенім, елімнің амандығын тілегенім» және де «дүниені сүйгенім... адамның баласын сүйгенім»,... деген сөздері де санамызда мені де айт дегендей қайыра бір жаңғырып тұрып алғаны бар. Өз ұрпағының өсуін де елінің тілеуімен тілеп келе жатқан Нағытай ананың сол тілеуін Тәңір иесі де қабыл көріп келе жатқандай. Кенжеғали Әбенұлы мен Нағытай Әбітайқызы Сағадиевтердің отбасында дүниеге келген Нұрлан, Ерлан, Ербол аты перзенттердің бәрі де қазір азамат болып, әрқайсысы бір-бір шаңырақ ұстап отыр. Бұлардың да ұл-қыздары желкілдеп жақсы өсіп келеді. Білімді, тек қана білімді өмірдің азығы мен шырағы деп таныған Сағадиевтер әулетінің балалары мен немерелерінің бәрі де осы заманның озық ілімі мен ғылымын меңгеруден шет қалып отырған жоқ, керісінше, алдыңғы лекте келе жатыр. Сол терең білімнің жаққан шырағы болар, қазір Сағадиевтердің біреуі Ерлан Кенжеғалиұлы Қазақстан Республикасының Индустрия вице-министрі. Бұл ана бағының жемісі емес пе?! Ана бағының жемісті болуы ниеттің де ісі. Сол ойды Нағытай анамыздың Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жайлы айрықша бір ой әлемімен таратқанды жөн санап отырмыз. Елбасы да Нағытай анамыздың қолынан дәм татқан адам. Кең дастарқан басында отырған Елбасыға: «Сіз, туған халқыңыздан құл емес, ұл жасай алдыңыз! Мен осы жасымда біраз жерді аралап, біраз алыс және жақын шетелдерге сапарға барып жүрмін. Сол барған шетелдерімнің бірде-бірінде біздің қазақ баласының әлдекімдердің құлы болып жүргендерін көрген жоқпын. Қаншама қазақтың балаларын дамыған мемлекеттерге жіберіп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқытып, білім бергізіп жатырсыз. Сол үшін Сізге үлкен ризашылығымды білдіремін, алғысымды айтамын», деп Нағытай анамыздың өз ризашылығын білдіруі ана кемеңгерлігі емес пе?! Мұны сол кемеңгерлік деп бағалай отырып, Нағытай Әбітайқызының Қазақ елінің қаншама жақсы мен жай­саңдарының, даналары мен дара тұл­ғаларының сүйікті де сыйлы ке­ліні бола білгендігінің өзі тұтас бір өмірден тұрары бар. Өтпелі өмірдің өткелімен адам өмірі кетіп барады. Жақсылықтың жүгін арқалап өтіп бара жатқан анау бір керуеннің басындағы ақ жаулықты ана шыққан күнге де, ескен самалға да, өзі жұтқан ауаға да, әйтеуір мына бір жарық сәулелі өмірге де риза бір кейіппен, барша адам баласының тілеуін тілеп барады. Ол нағыз Ана және де жанымен де, жүрегімен де Ана Нағытай Әбітайқызы болатын. Ей, әлем, жол беріңіз АНАҒА! Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сенатор. АСТАНА.