• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2015

5315 боздақтың есімі жазылған мемориал

297 рет
көрсетілді

Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Күршім ауданының орталығында Даңқ ме­мориалы ашылды. Отан қор­ғау­­­­­шы күні салтанатты түрде аш­ылған ескерткіштің еліміз­де ба­ламасы жоқ деуге болады.

– Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бо­йынша Ұлы Жеңістің 70 жыл­дық мерейтойы еліміздің бар­лық өңірлерінде ерекше атап өтілуде. Шығыс өңірі де мерекені жоғары деңгейде қарсы алды. Жалпы, Шығыс Қазақстаннан 170 мыңнан аса адам майданға алынып, олардың арасынан ерлігімен тарихқа енген 109 Кеңес Одағының Батыры, 22 Даңқ орденінің толық кавалері шықты. Бұл – еліміз бен өңіріміз­дің батырлығы мен қаһарман­дығының көрінісі. Алтайдың темірі мен қорғанысы жауға оқ болып атылса, Алтайдың жас өрен­дері қайсар жауынгер болып қан майданда шайқасты. Жанқиярлықпен жауға атойлап қарсы тұрған боздақтарымыздың рухына тағзым ету үшін Күршім ауылында Даңқ мемориалы бой көтерді. Бізге бұл ескерткіш тарихтан тәлім алу, келешек буынды отаншылдық рухта тәрбиелеу үшін керек, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар. Күршім ауданының әкімі Алтайбек Сейітовтің айтуынша, Күршім-Марқа өңірінен со­ғыстың алдыңғы шебіне 9456-дан астам азамат аттанған екен. Оның ішінде 2462 жауынгер хабар-ошарсыз кетсе, 2853 сарбаз май­данда опат болған. Мінекей, осы­ Ұлы Отан соғысынан қайт­паған 5315 боздақтың есімі жаңа­дан бой көтерген Даңқ мемориалының қабырғаларына габбро мәрмәрға ойылып жазылды. Құрылыстың жалпы құны 65 млн. теңгені құрады. 5 гектар жерге орналасқан кешен аумағы екі сектордан тұрады. Яғни, мемориал аумағы халықтың сейілдеуіне де қолайлы орын саналады. Сектордың бір жағына гүлзар, субұрқақ, орындықтар мен аллея орын тепкен. Ал екінші жағы – тағ­зым алаңы. Қос қанаттың дәл орта­сында көкке шаншылған төрт қырлы стела бар. Дүниенің төрт бұ­рышы ұғымын беретін стеланың ұзындығы 18 метр, ауданы 1,29 гектарды құрайды. Ұшар басындағы жұлдыздың нышаны дәстүрлі діни нанымдар бойынша тіршілік атаулы мен о дүниедегі кеңістіктің байланысын жеткізеді. Құрмет тақтасында қан майданда қаза тапқан жауынгерлердің аты-жөндерінен бөлек Күршім ауданынан шыққан Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, Қазақстанның Еңбек Ері, жоғары әскери және мемлекеттік қызметте болған қайраткерлер мен тұлғалардың есімдері көрініс тапқан. Кешеннің маңдайында «Еш­кім де өлгендерді тірілтуге құдіретсіз, дегенмен де оларды мәңгі есте сақтау – біздің қасиет­ті парызымыз» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі ойып жазылыпты. Ақын Сырбай Мәуленовтің соғыс қасіретін бейнелеген жыры да ескерткіштің мәнін аша түскен. – Өмір бойы бірі әкесін, бірі атасын, бірі асыл жарын күт­кен аға ұрпақтың қасіреті қайталанбасын, – десті салтанатты шараға ортақтасқан күршімдік соғыс ардагерлері Ахмедкәрім Ахмадиев, Жүнісқали Ихиев. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы.  
Соңғы жаңалықтар