• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2015

Журналистерге Қарағандының 3D-макеті көрсетілді

583 рет
көрсетілді

ҚАРАҒАНДЫ. 6 наурыз. Кеше бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Қарағанды қаласының 3D-макеті көрсетілді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Осыған арналған көрме Кеншілер мәдениет үйінің екінші қабатындағы бишілер залынан орын алды. Мұнда кез келген тілек білдіруші келіп, қаланың жаңа макетімен таныса алар еді. Қарағандының 3D-макеті қаланың бұрынғы әкімі Мейрам Смағұловтың идеясы бойынша жасалды. Мұндай кең ауқымды картаны ол Астанада болғанында көрген екен. Сол жолы дуанбасы дәл осындай макетті кеншілер кентінде де жасаудың керектігіне ой түйіп қайтады. Сондықтан оған 30 млн. теңге қаржы бөлдіріп, қала құрылысы кадастры орталығына макет дайындауға тапсырыс береді. Жұмыс тоғыз ай бойы жүреді. «Макет үшін негіз жасау оңай болған жоқ, - деп мойындайды қазір «Қала құрылысы кадастры орталығы» ЖШС директоры Тимур Аужанов. – Мен бұл жерде Қарағандының 1:2000 масштабты картасын жасаудың қиын болғанын айтып отырмын. Себебі, жолдары мен үйлері көрсетілген мұндай ауқымдағы карта бұрын қалада болмаған. Сондай-ақ қала аудандарын бір-бірімен жалғап, координаттарын сақтап қалу оңай болған жоқ. Атап айтқанда, Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс ауданды қаланың орталығымен байланыстыруға қатысты біраз жұмыстар жасауға тура келді». Атап өту керек, қаланың Пришахтинскіден басқа бөліктерінің бәрі макетке енгізілген екен. Директордың сөзіне қарағанда, бұл осы ауданның жаңа жобасының жасалып жатуына байланысты болған. Ал келешекте ол қала картасы мен макетіне толық қосылады. Қала әкімі Нұрлан Әубәкіров шаһардың әлі де өсе түсетінін, онда көптеген жаңа ғимараттар пайда болатынын айтты. Айта кетейік, 3D-макетінің көлемі 11x17 метрді құрайды. Онда үйлер мен құрылыстардың 185 мың кішірейтілген көшірмелері орналастырылған. Макет 9 наурыз күнінің соңына дейін Кеншілер мәдениет үйінде көрме ретін тұрады. Айқын Несіпбай. Дерек, фото: Қарағанды қалалық әкімдігі.