АТЫРАУ. 6 наурыз. Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Қашаған» кенішінен тартылған құбырлар жақын арада ауыстырыла бастайды. Бұл туралы NCOC компаниясы басқарушы директорының орынбасары Жақып Марабаев мәлім етті.
«Қашаған» кенішінен мұнай алу үдерісі тоқтап тұр. Оған кен орнынан «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысына дейін тартылған құбырдағы ақаулықтың анықталуы себеп болған еді. Содан кейін кен орны мен кешенді қондырғы арасын жалғаған құбырды ауыстыру мәселесі қозғалып келеді. «Құбырларды ауыстыру Каспий мұзы еріген кезде бастау көзделіп отыр. Бастапқыда кен орнын «Болашақ» қондырғысымен байланыстыратын құбырлар төселеді. Экологтар талабымен балықтардың уылдырық шашуына байланысты маусымға дейін теңіз операцияларын жүргізуге тиым салынды. Тиым алынғаннан кейін теңіздегі учаскелерде құбырларды төсеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстарды 2016 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланды», деді Атырауда өткен «Мұнай-газ құрылысы мен инжиниринг» конференциясына қатысқан NCOC компаниясы басқарушы директорының орынбасары Жақып Марабаев.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: Рахым Қойлыбаев.