АТЫРАУ. 6 наурыз. Атырауда қоғамдық көліктерде орын алатын қалта ұрлығының алдын алуға байланысты «Қалта ұрлығы» жедел-алдын алу шарасы өткізіліп жатыр. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Аталған шара аясындағы жұмыстардың алғашқы нәтижелері байқала бастады. Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлназира Мұхтарованың мәлім етуінше, 5 наурызда №14 бағыттағы автобуста қалта ұрлығын жасаған 18 жасар жігіт ұсталған. Атырау қалалық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері бұлтартпас айғақпен ұсталған жігіттен ішінде 20 мың теңгесі бар әмиянды тауып алған. Қалта ұрлығына әуестенген жігіттен жауап барысында оның бұған дейін де бірнеше рет қоғамдық көліктерде ұрлық жасағаны белгілі болды. Мұны ұсталған жігіттің өзі мойындап, дәлел ретінде «Насиха» сауда орталығына таяу орналасқан көп қабатты үйдің жертөлесіне жасырылған заттай айғақтарды өз еркімен көрсетіп берген. Ол жерден зардап шегушілердің түрлі құжаттары, сонымен бірге, 10 әмиян табылған.
Дәл осындай жеңіл жолмен табыс табуды көздеп, №12 бағытта қатынайтын қоғамдық көлікке мінген жолаушылардың әмиян ұрлаумен айналысып жүрген тағы бір «суық қолдыны» ұсталды. Ол аталған қоғамдық көлікте екі жолаушының әмиянын ұрлаған. Мұны полицейлер ұрыдан тәркіленген әимяндар ішіндегі жәбірленушілердің құжаттары негізінде дәлелдеп берді. Кейін белгілі болғандай, 26 жастағы жігіт бұған дейін екі рет осындай ұрлық жасағаны үшін сотталған екен.
Қазір аталған фактілер бойынша тергеу-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек: Атырау облыстық ішкі істер департаменті.
Сурет: next87.livejournal.com.