Осы аптаның еншісіндегі елеулі оқиғалардың бірі – елордада өтетін VIII Астана экономикалық форумы болғалы тұр. Төрткүл дүниеден делегат жинап, ғаламдық ғалымдардың басын қосатын, Нобель сыйлығы лауреаттарын шақырып, жаһандық мәселелерді бірге отырып талқылайтын үлкен шараға еліміз биыл да өз деңгейінде дайындалып отыр.
Жалпы, Астана экономикалық форумының негізгі қызметі әлемдік қоғамдастықтың және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, мәдени мәселелеріне тиімді жауап іздеп, Қазақстан Үкіметі, АЭФ-ке қатысушы мемлекеттер үкіметтері үшін және «Үлкен жиырмалық» мемлекеттерінің көшбасшылары үшін ұсыныстар әзірлеу екені белгілі. Астана экономикалық форумы – экономикалық міндеттерді талқылап, шешім шығаратын Еуразиядағы бірінші үнқатысу алаңы. АЭФ-тің мақсаты әлемдік сарапшылар қауымдастығын жаһандық экономиканың ең өзекті деген мәселелері бойынша нақты шешім шығаруға жұмылдыру болып табылады. Форумда ірі шарттар мен келісімдерге қол қойылады. Форум жұмысының басты қорытындысы – әлем сарапшыларына жаһандық экономиканың даму бағыттары үшін нақты кеңес беру. Жыл сайын АЭФ Қазақстанның индустриялық-инновациялық жобаларына миллиардтаған теңге инвестиция тартады. Бұл әлемнің ең ірі халықаралық форумы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және тікелей қатысуымен өткізіледі. Жыл сайын үзбей өткізіліп отырған мұндай форумның ел үшін де, әлем үшін де қажеттілігін аңғару қиын емес.
Бұрын-соңды «Алтыншы форумға аз уақыт қалды», «Жетінші форумға дейінгі жол» деген сияқты тақырыптармен осы форумның мән-маңызын жүйелеп жазған едік. Енді, міне, кезекті VIII форумды да шежіреге қосқалы отырмыз. Ендеше, жылдағы дәстүрмен Астана экономикалық форумдарының өткеніне тағы бір шолу жасап шығуды жөн санадық.
Иә, Астана экономикалық форумы алғаш рет 2008 жылы ұйымдастырылған болатын. Қазақстан Президентінің бастамасын жүзеге асыру үшін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мен Экономикалық зерттеулер институты сол жылы «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығын құрып, соның аясында «Жаһандану жағдайындағы экономикалық дамудың заманауи аспектілері» тақырыбында I Астана экономикалық форумын өткізген болатын. Бұл форумға саясаткерлер, экономистер, кәсіпкерлер және ғалымдар, әлемнің 40 елінен 400-дей адам, сонымен қатар, 100-ге тарта БАҚ өкілдері қатысты. Ал 2009 жылы «Еуразияның жаһандық қатерлер жүйесіндегі экономикалық қауіпсіздігі» атты II Астана экономикалық форумында елордаға 59 елдің өкілдері келді. Форумға Қазақстаннан 900-дей, әлемнің 59 елінен 250-ден астам шетелдік қонақтар, Қазақстандағы шетел елшіліктерінен 74 өкіл және халықаралық ұйымдардан 69 адам қатысты. 2010 жылы III Астана экономикалық форумы «Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі тұрақты экономиканы құруды қамтамасыз ету» тақырыбында өтті. Бұл жолы форумға әлемнің 50-ден астам елінен 2000-нан астам саяси және іскер топ өкілдері жиналды. Сонымен қатар, жаһандық экономиканың дамуына байланысты өзекті мәселелерді талқылау үшін әлемнің жетекші ғалымдары, қоғам және БАҚ өкілдері қатысқан еді. 2011 жылы IV форум «Жаңа онжылдық: сын-қатерлер мен перспективалар» тақырыбын қамтыды. Форумға әлемнің 80-нен астам елінен 5000-нан аса қатысушылар келді. Бұл жолы барлығы 18 отырыс пен панелдік сессиялар өткізілді. Форум нәтижесі бойынша меморандумдарға және ынтымақтастық келісімшарттарына қол қойылды, сонымен қатар, G-20 мемлекеттері көшбасшылары үшін әлем экономикасын дамыту мен сауықтыруға байланысты ұсыныстар әзірленді. 2012 жылы «Жаһандық экономикалық өзгерулер: сын-қатерлер және даму перспективалары» атты V Астана экономикалық форумы өткізілді. Форумға әлемнің 93 елінен 8000-нан астам қатысушы келді. Форум барысында әртүрлі пішінде пленарлық және панелдік сессиялар, конференциялар мен конгрестер, жалпы, 55 іс-шара өткізілді. Нәтижесінде, 50-ден астам ынтымақтастық келісімі мен меморандумдарға қол қойылды. Сонымен қатар, G-20 көшбасшыларына ұсыныстар әзірленді. Бұдан басқа, форумға республиканың 2000-нан астам студенті қатысып, Нобель сыйлығы лауреаттарының дәрістерін тыңдады. Ал VI Астана экономикалық форумы «G-Global форматында теңдестірілген экономикалық дамуды қамтамасыз ету» тақырыбын әлем назарына ұсынды. Осы форум мен тұңғыш Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференциясына «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығы 136 мемлекеттен 12 мыңнан аса қатысушыны жинады. Форумға 35 қазіргі және бұрынғы министрлер, 40-тан астам халықаралық ұйымдардың, корпорация мен кәсіпорындардың жетекшілері, 10 Нобель сыйлығының лауреаты қатысты. Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция кезінде жалпы 73 шара, соның ішінде, «G-Global форматында тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету» «Көшбасшылар диалогы» өтті. Тұңғыш Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция нәтижесі бойынша «Астана декларациясы» қабылданды. VI АЭФ-тың бизнес-форумдарының қорытындысы бойынша 2,7 млрд. АҚШ доллары сомасында әрі қарайғы ынтымақтастық жайлы шамамен 80 келісім мен меморандумдарға қол қойылыпты.
Ал өткен жылы жетінші рет өткізілген Астана экономикалық форумына әлемнің 139 мемлекеттерінен беделді сарапшылар, белгілі саясаткерлер, экономика ғылымының көшбасшылары қатысты. Оның басты ерекшелігі, G-Global ақпараттық коммуникативтік алаңы негізінде белгіленген Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасы қабылданды.
Биылғы жылы форумда ең жоғары тиімділік пен мазмұнға баса назар аударылып отыр. Ұйымдастырушылар талқыланатын мәселелер санын қысқартып, негізгі тақырыптарға басымдық берген. Небәрі екі күн ішінде 30 маңызды сессия өткізілмек. Бұл сессиялардың барлығы дерлік негізгі тақырып – экономиканың басым бағыты ретіндегі инфрақұрылымды дамыту мәселесіне арналады. Биылғы Астана экономикалық форумының негізгі тақырыбы «Инфрақұрылым – экономиканың тұрақты дамуының драйвері» деп аталды. Бұл форум – елімізге жаңа көлемді инвестициялар тартудың негізгі көзі. Қазақстан тікелей шетел инвестицияларын елдің индустриялық-инновациялық дамуына тартып, кейбір арнайы экономикалық аймақтарды шетелдік серіктестердің басқаруына беруге ниетті. Ал жыл сайын АЭФ-те ең ірі деген шарттар мен келісімдерге қол қойылатындығын ескерсек, биыл да форумнан күтеріміз көп. Себебі, бұл форумға да инвесторларды тарту жөніндегі шаралар кешені мен ұсыныстар даярланды.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».