• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2015

Әйелдердің әлеуетін ескерген меморандум

241 рет
көрсетілді

Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова мен «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ-тың басқарма төрағасы Талғат Ермегияев ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат еліміздегі әйелдерге ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуде өз үлестерін молынан қосуларына мүмкіндік бермек. Гүлшара Әбдіқалықова ме­мо­рандумға қол қою рәсімі барысында аталмыш құжаттың бекітілуі еліміз үшін елеулі оқиға екенін айта келіп, «Халқымыздың шамамен 52 пайызын әйелдер құрайды. Сондықтан, Ұлттық комиссия қазақстандық әйелдердің, сондай-ақ, отандық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың орасан зор әлеуетін жан-жақты іске қосуды өзінің басты міндеттерінің бірі санайды. Осы орайда, әйелдер қауымдастығы тарапынан түрлі ұсыныстар түсіп жатыр. Соған байланысты бүгін біз «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компания­сымен арнайы меморандумға қол қоюды жөн көрдік», деді. Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарапынан ЭКСПО-2017 көрмесін дайындау және өткізу кезінде отандық экономиканың, әсіресе, шағын және орта бизнестің ресурстарын барынша пайдалану жөнінде тапсырма берілгенін баса айтты. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда Ұлттық комиссия жасыл технологияларды пайдалану арқылы қанатқақты жобаларды іске асыру, инновациялық энергия жинақтаушы тех­нологиялармен шұғылданатын әйелдер қауымдастығын ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға тарту жөніндегі жұмыстарды жандандыра түскен. Мәселен, осы бағытта «Ақбота» қоғамдық қоры белсенділік көрсетіп отырған көрінеді. Бұл қор пиролиздік пештерді, жарық диодты шамдарды, био-вегетарилерді және тамшылатып суару арқылы табиғи ресурстарды үнемдеуге бағытталған инновациялық технологияларды кең көлемде енгізу үшін тәжірибелік-сынақтық алаң құруда. Ал өз кезегінде Талғат Ермегияев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қауымдастықтарды, кәсіпкерлерді «ЭКСПО» көрмесін ұйымдастыру және өткізу шараларына тарту бағытында берген тапсырмасына орай көптеген шаралар атқарылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, ол әйелдер ұйымдарын ЭКСПО-2017 көрмесінің жұмыстарына кеңінен қатыстырудың маңыздылығына тоқталды. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».