Елімізді алға жетелейтін, әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылуға мүмкіндік беретін реформалық өзгерістерді өрістетуге арналған асқаралы асуларды бағындырудың жоспарымен егжей-тегжейлі танысып шыққанымда, шындығын айтқанда, келешегімізге деген сенім одан сайын өсе түсті. Жаһандану үдерісі бір жағынан экономикалық сын-қатерлерге ұшыратпай қоймауына байланысты оның алдын алуға, болдырмауға ұмтылумен бірге дамуды жеделдету өмір талабы екендігі даусыз. Сол себепті бәрі екшеліп, тұжырымдалған «100 нақты қадам» жөніндегі стратегиялық бағдарламаны айқын мақсаттың үлкен белгісі деп түсінемін.Әрине, оған жету оңай іс емес болмағанымен бұған дейін де Елбасының бастамаларына жұдырықтай жұмылып, көптеген міндеттерді шешудегі белсенділік бұл жолы да алға тартары анық.
Аталған жоспарды зерделеу барысында «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бөліміндегі 9-қадамда көрсетілген «Мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту – үш жылда бір олардың кәсіби шеберлігін арттыру» туралы талап орынды көрінді. Оның назар аударту себебі, бүгінде осы жауапты салада жас мамандар қатары ұлғайып келеді десек, алайда бірқатарының адамдармен жұмыс істей білуі, жұрт өтініш-тілектерін түсіністікпен қабылдауы уақыт, заман ырғағына байланысты біліктілік деңгейі жоғары талапқа сай келмейтінін жасыруға болмайды. Мұның сыртында технологиялық құрал-жабдықтарды жетік меңгеру қажеттігі де күннен-күнге күшейіп отыр. Сондықтан олардың кәсіби шеберлігін жетілдіру өте маңызды мәселе деп білемін. Жоғарыда аталған шара қызметтерін жемісті атқаруға сеп болады деген ойдамын.
Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты.
ЖЕЗҚАЗҒАН.