Тәуелсіздіктің елең-алаңында қандай едік? Зауыт-фабрикалар жұмысын тоқтатып, жұмысшылар сенделіп кетті. Жалақы да, зейнетақы мен балалар жәрдемақысы айлап қолға тимеді. Қазір соның бәрі көрген түстей өте шықты. Тәуелсіздік еліміздің қарқынды өркендеуіне серпін берді. Қазақстанды әлем елдері таныды. Қазақстанға әлем елдерінің назары ауды. Әлемнің барша елімен іскерлік, әріптестік байланыс орнықты. Елімізге инвестиция салуға ұмтылған елдер қатары, шетелдік компаниялар көбейді. Өз жастарымыздың шетелдік мамандармен бәсекелестік деңгейі артты. Еліміздің экспорттық әлеуеті көтерілді. Әрине, мұның бәрі бір мезетте іске аса қойған жоқ. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдыру идеясының өміршеңдігі оң ықпалын тигізіп отыр.
Енді алдымызда үлкен мақсат тұр. Ол – Қазақстанды ең дамыған 30 елдің қатарына енгізу. Бұл үшін отандық экономиканы жан-жақты өркендетіп ғана қоймай, келешекте қуатты әрі мәңгілік мемлекетке айналдыруды іске асыруымыз қажет. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған нақты 100 қадамның маңыздылығын баршаға кеңінен насихаттау қажеттігі туындайды. Өйткені, нақты 100 қадамның әрқайсысына зер салар болсақ, бұл құжатты тәуелсіз Қазақстанымызды әлемдегі көшбасшы елге айналдыру мақсатын көздейтін кешенді стратегия деуге әбден болады. Соның бірі – 89-шы қадам. Мұнда «НҰРЛЫ БОЛАШАҚ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру. Мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына МӘҢГІЛІК ЕЛ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ЕНГІЗУ» делінген.
Шын мәнінде, мектептердің оқу бағдарламаларына «Мәңгілік Ел» құндылықтары туралы мол мәлімет енгізілуі дұрыс дер едім. Өйткені, бұл батыстық даңғырлақ музыка мен интернет желісіндегі ұлттық құндылықтарымызға жат ақпаратпен әуестенетін жас буынды отаншылдық рухта тәрбиелеуге жол ашар еді. Әрбір жас өз Отанын сүюі, Отанға қызмет етудің парыз екенін жете сезініп өсуі қажет қой. Ендеше, қазіргі оқу бағдарламаларына әр саланың нақты деректеріне құрылған мәліметтермен қамтылуы керек.
Айдар САБЫРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті.
АТЫРАУ.