Кезекті оқу жылы да аяқталуға жақын. Биыл Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебін 75 тәрбиеленуші бітіргелі отыр.
Оқуды бітіруші ұландықтардың алдында екі маңызды міндет тұр. Бұл – ұлттық бірыңғай тест тапсыру немесе мамандық таңдау. Мектепте оқушылардың ҰБТ-ға даярлық деңгейі айына 3-4 рет тексеріліп, сынама тестілеу тапсырады.
Сонымен бірге, бітірушілер арасында мамандыққа бағыттау жұмыстары да кеңінен жүргізілуде. Статистика бойынша, «Жас ұлан» түлектерінің шамамен 90-95%-ы әскери маман болуды таңдайды.
Әскери тәртіп, дене және жауынгерлік даярлық, сап түзеу, тәртіптілік және жинақылық – мұның барлығы ұландықтарды азаматтық мектеп оқушыларынан ерекшелеп қана қоймай, әскери оқу орнына түсуге де мол септігін тигізеді.
Болашақта өз өмірлерін әскери қызметпен байланыстырғысы келетін балалар «Жас ұлан» мектебінде тәлім-тәрбие алады. Қазір аталған мектепте 449 ұлан білім нәрімен сусындауда.
Өткен жылы мектепті 67 ұлан бітіріп шықты. Бүгінде олар Құрлық әскерлерінің әскери институтында, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында, Радиоэлектроника және байланыс әскери институтында, ҚР ҰҚК, ТЖМ және ІІМ жоғары оқу орындарында, сондай-ақ, Ресей, Беларусь және Қытай елдерінің Қорғаныс министрлігіне қарасты жоғары әскери оқу орындарында білімдерін шыңдауда.
«Егемен-ақпарат».