«Қарттарым – асыл қазынам» деп құрметтейтін «Қазхром» ТҰК» АҚ-тың филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты әрдайым өз ардагерлеріне қол-ұшын беріп, қамқорлығына алып отырады. Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай кәсіпорын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлерін жөндеуге 2 миллион 600 мың теңге көлемінде қаражат бөліп, күрделі жөндеуден өткізді.
Бүгінгі таңда Ақтөбе ферроқорытпа зауытының ардагерлер кеңесінде 687 қарт есепте тұрады. Оның төртеуі Ұлы Отан соғысының ардагері, үш адам осы мәртебеге теңестірілгендер, 130-ы тыл еңбеккері, 7-уі соғыста қаза тапқандардың жесірлері болып табылады. Ардагерлер әрдайым зауыт әкімшілігінің басты назарында. Олардың талап-тілектері, өтініштері қашанда шешімін таппай қалған емес. Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында зауыт әкімшілігі соғыс ардагерлерінің пәтерін, үйлерін жөндеу жұмыстарын ойдағыдай аяқтап, мереке алдында үлкен қуаныш сыйлады.
– Ардагерлерге құрмет көрсету біздің азаматтық парызымыз. Біз тек 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнінде ғана емес, оларға әрдайым қамқор болып, талап-тілектерін, өтініштерін қанағаттандырып отырамыз. Биыл да осы игі дәстүр өз жалғасын тауып, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында ардагеріміз Николай Пащенконың өтініші бойынша оның пәтеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің тапсырмасы бойынша қаламыздың тұрғыны, соғыс ардагері Өтеш Жалмағамбеттің тұрғын үйінің шатыры алмастырылып, іші жөнделіп, сырты заман талабына сай материалдармен қапталды. Жалпы, ардагерлердің үйлерін жөндеу жұмыстарына 2 миллион 600 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалды. Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай зауыттың 4 соғыс ардагеріне 70 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық және азық-түлік салынған қалталар, осы мәртебеге теңестірілген 3 ардагерге 50 мың теңге, 130 тыл еңбеккеріне 26 мың 600 теңге, 7 соғыста қаза тапқандардың жесірлеріне 20 мың теңге және 27 ауған соғысының интернационал жауынгері мен Чернобыль апатына қатысқандарға 17 мың 800 теңге көлемінде ақшалай сыйлық жасалды. Сондай-ақ, 9 мамыр – Жеңіс күні 30 ардагерге дастарқан жайылып, құрмет көрсетілді, «Евразия» медициналық орталығында тегін емделуге мүмкіндіктер қарастырылды, – дейді кәсіподақ ұйымының төрағасы Бақыткерей Каванов.
– Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында менің үйіме күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, демеушілік жасаған Ақтөбе ферроқорытпа зауытының әкімшілігіне алғысым шексіз. Бұл мен үшін, менің отбасым үшін тосын сый болды. Мерекені жаңарған, іші, сырты заман талабына сай жөнделген үйде көтеріңкі көңіл күймен қарсы алдым, – дейді Ақтөбе қаласының Гагарин көшесінде тұратын соғыс ардагері Өтеш Жалмағамбет қуанышын жасыра алмай.
Өтеш Жалмағамбет 1942 жылы әскер қатарына шақырылып байланысшы мамандығы бойынша дайындықтан өтіп, 1943 жылы Белгород – Харьков бағытындағы Курск шайқасына қатысқан. 1947 жылы елге аман-есен оралды. Ардагердің 1941-1945 жылдардағы соғыстағы ерен ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз», «Ерлігі үшін», «Еңбек ардагері», «Курск шайқасы үшін» Украинаның «Құрмет төсбелгісі» сияқты орден, медальдары кеудесінде жарқырайды.
Міне, өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан кәсіпорын басшылығы әлеуметтік жауапкершілікті де жете сезініп, қарттарды қамқорлығына алып, олардың алғысына бөленіп келеді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.
Суретте: ардагер Николай ПАЩЕНКО зайыбымен.