Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен кешегі жалпы отырыста депутаттар «Бітімгершілік қызмет туралы» заң жобасын жан - жақты талқыға салды. Сондай-ақ, палата «Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы», сондай-ақ, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері бойынша тиісті өзгерістерді көздейтін заңдық құжаттарды да қарады.
«Бітімгершілік қызмет туралы» заң жобасының негізгі мақсаты Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес, Қазақстан Республикасы ұлттық контингентінің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияларға (миссияларға) қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу болып табылатынына Мәжіліс депутаты әрі осы заңдық құжаттар бойынша жұмыс тобының жетекшісі Абай Тасболатов тоқталды. Ал ағымдағы жылдың 2 наурызында еліміздің БҰҰ-ға мүшелікке кіргеніне 20 жыл толғанын тілге тиек еткен Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров осы тарихи күннен бастап Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың толыққанды және ажырамас бөлігі болып қана қоймай, әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуші ел ретінде халықаралық міндеттеме қабылдап, соларды абыроймен орындап келе жатқандығын ерекше атады.
«Қазақстанның бейбітшілік қағидасын ұстанудағы тағы бір маңызды саясаты бұл, әрине, республиканың Қарулы Күштері мен әскери құрамдарына жүктелген бітімгершілік қызметке қатысуға жоғары дайындығы мен осы бағыттағы жоғары жетістіктері жетеді деуге толық негіз бар», деді Талғат Сәбитұлы. Мұндай жеткен жетістік ретінде 1993 жылмен 2001 жыл аралығында – Тәжікстандағы, 2003 жылмен 2008 жыл аралығында Ирактағы қазақстандық батальондардың бітімгершілік қызметке қатысуын атап кеткен орынды.
Бұл атқарылған іс-шаралар әлемдік қоғамдастық тарапынан жоғары бағаға ие болып, ел беделін арттыруға, отандық әскери қызмет саласында баға жетпес тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп отыр.
Қорғаныс вице-министрі осының барлығы бітімгершілік қызметтің еліміз үшін маңыздылығын айқындайды дегенді баса айтты. Оның сөзіне қарағанда, бітімгершілік операцияларға тек әскери қызметшілер ғана емес, сонымен қатар, азаматтық тұлғалар да қатыса алады. Әйтсе де, бітімгершілік операцияларға қатысушылардың әлеуметтік қамсыздандырылуын заң жүзінде реттелмеуі дұрыс дүние емес. Атап айтқанда, тек 2012 жылы миссия аяқталғаннан кейін 4 жылдан соң «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заң арқылы ғана Ирактағы бітімгершілік міндеттерін орындаған әскери қызметшілерге бірқатар жеңілдіктер беруге қол жеткізілген. Ал тәжік-ауған шекарасында орын алған оқиғаларға қатысушыларға ешқандай жеңілдіктер болмаған.
Заң жобасын әзірлеу барысында еліміздің шетелдердегі бұрынғы іс-тәжірибесі мен ТМД-ға мүше елдердің бітімгершілік операцияларына қатысу туралы модельдік заңының нормалары ескерілген. Заң жобасының жаңа редакциясымен әскери қызметке: әскери қызметшілер мен азаматтық тұлғаларға әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер беру мәселелеріне қатысты бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы көптеген олқылықтардың орны толтырылыпты. Заң жобасының қабылдануы Қазақстанның әлемдік саяси сахнада халықаралық беделін арттыруға өз септігін тигізеді деп күтілуде. Және еліміздің халықаралық ұйымдар мен қауымдастықтардағы мүдделерін қорғау; басқа елдердің әскери және азаматтық персоналымен тиімді қарым-қатынас орнату және әріптестікті нығайту көзделуде.
Қарулы Күштерді, басқа мемлекеттік органдарды ел қауіпсіздігін қорғауға, төмен және орта деңгейдегі қақтығыстардың алдын алуға, әскери қақтығыстардан зардап шеккен тұрғындарды, тұлғаларды, босқындарды азық- түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге дайындап, осы жолда жиналған тәжірибені әскери қызметшілердің әскери дайындық бағдарламасына енгізу де назардан тыс қалмаған. Әлемде орын алып отырған саяси ахуал қоғамның барлық мүшелерін, әсіресе, жастардың Қарулы Күштер сапында мемлекет мүддесін қорғау жолындағы міндеттерін ойдағыдай орындауы үшін аталған заңды қабылдау қажеттігін айқын көрсетеді.
Осының барлығын ескере келіп, Мәжіліс заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдауды ұйғарды.
Сондай-ақ, жалпы отырыста кейбір заң жобалары екінші оқылымда қаралды. Атап айтқанда, «Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы» заң жобасы ілеспелі түзетулерімен екінші оқылымда қолдауға ие болды. Заң жобасы ұлттық заңнама нормаларын Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа және Дүниежүзілік сауда ұйымының келісімдеріне сәйкес келтіру мақсатында әзірленген. Осы заң жобасы бойынша түскен ұсыныстар мүдделі министрліктер мен ведомстволар, сондай-ақ, бірқатар үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының жеті отырысында, Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген екі отырысында талқыланып, 100-ден астам ұсыныс есепке алынғаны белгілі болды.
Депутаттар, сонымен қатар, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері бойынша заң жобасын да екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы еліміздің бизнес қатысатын экономика салаларына мемлекеттің қатысу үлесін қысқарту үшін құқықтық негіздерді бекіту арқылы мемлекеттік активтерді басқару саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Бұл бәсекелестікті дамытуға және тұтастай алғанда, жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді.
Кешегі отырыста палата күн тәртібіне шығарылған Қырғыз Республикасымен Шекара ауданындағы сенім шаралары жөніндегі келісімді және Шекара өкілдерінің қызметі туралы Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық келісімін ратификациялауға қатысты заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін бекітіп берді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».