Жақында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, сыншы Жұма-Назар Сомжүректің «Сарыарқа сазы» атты қос томдығының тұсаукесері Астана қаласындағы «Тілеп-қобыз» сарайында өткізілді. Тұсаукесер жыр мерекесіне ұласты. Ақынның өлеңдеріне жазылған әндер шырқалып, жыр оқылып, арасында күй күмбірлеп жиналған қауымның құлақ құрышын қандырды. Жыр мерекесіне «Тілеп-қобыз» сарайында құрылған «Көк түріктер» халық аспаптары оркестрі қызмет көрсетті. Торғайлық талантты сазгерлер Қалибек Деріпсалдин, Айтбай Мұздаханов, Балқаш Нақанов және Қайыржан Мақановтың тамаша әндерінің тұсауы кесілді. Ол әндерді Астана опера-балет театрының жетекші солисі, бірнеше халықаралық конкурстардың лауреаты Сүндет Байғожин, Астана филармониясының сандуғаш үнді әншісі Сымбат Тасбергенова және Нұрболат Арзамасұлы сынды жастар орындады. Жыр мерекесінің екінші бөлімінде әдебиет сыншылары мен ақындар және өлең түсініп оқитын елге белгілі азаматтар сөз алып, Сомжүрек өлеңдерінің мәнділігі мен маңыздылығын, көркемдігін, сезімді қозғап жүрекке жетіп жататын ерекшеліктерін айтып, жоғары бағалады. Атап айтқанда, профессор Серік Негимов, Парламент Мәжілісінің депутаттары Алдан Смайыл, Абай Тасболатов, Рамазан Сәрпеков және ғалым, мемлекет қайраткері Әділ Ахметов, бұрынғы депутат Әбілмәжін Бәкір, ақындар Айнұр Әбдірәсілқызы мен Әбжан Әбілтаевтар өз сөздерінде Сомжүректің қос томдығы поэзияға қосылған олжа екенін шегелеп айтты.
Осынау жыр кешінде ерекше есте қалатын көрініс болды. Парламент Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатов: « Жүке, мен сіздің «Сарыарқа сазы» қос томдығыңыз қолыма тигелі оны бас ала алмай сүйсіне оқып, ақындығыңызға әбден риза болдым. Өлеңдеріңіз шетінен тамаша! Әсіресе,қыздар мен аруларға арнаған жырларыңыз бен поэмаларыңызды оқи бергің келеді.Табиғат құбылыстары мен тамашаларын суреттеген өлеңдеріңіз де өлең түсінетін оқырмандарыңызды еріксіз сүйсінтері сөзсіз!..» деді.
Сөйлеушілердің қай-қайсысы да Жұма-Назар жырларының шынайылығын, ал өзінің қарапайым көрінгенімен өмірде көсемсөздерімен үнемі проблемалар көтеріп жүретін күрескер екенін айтып, ақынның мерейін өсіріп, көңілін тасытты. Сөйтіп, поэзия-жыр кеші мерекесіне жиналғандар мол рухани азық арқалап қайтты.
Нарық заманында әр томы 35 баспа табақ жинақ шығару қай ақынға да қиын тиері анық. Мына рухани құндылық шымкенттік елге белгілі меценат кәсіпкерлер ағайынды Серікжан мен Әлімжан Сейтжановтардың демеушілігімен Астанадағы «Сарыарқа» баспасынан ерекше көркемделіп, жаңаша дизайнмен безендіріліп жарық көріпті. Жігіттердің мұндай жақсы ісіне автор да, жыр кешіне жиналғандар да алғыстарын жаудырды. Сөйтіп, Сомжүректің «Сарыарқа сазы» атты қос томдық жыр жинағы оқырмандарға жол тартты.
Төлемырза ТЕМІРБЕКҰЛЫ, журналист.
Астана.