Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Алдымен екі мемлекет басшылары шағын құрамда, яғни екеуара кездесу өткізіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстар жайында әңгімелесті.
Қазақстан Президенті кездесу кезінде В.Путиннің елімізге жасаған сапарына өз ілтипатын білдіре келе, былай деді: «Сіздің Қазақстанға соңғы мемлекеттік сапарыңыз төрт жыл бұрын болды. Осы мерзім ішінде біз ортақ мәселелерге қатысты көзқарастарымызды әрдайым өзара үйлестіріп, екіжақты қарым-қатынастың өзекті тұстарын түрлі алаңдарда шешіп отырдық. Сіздің бұл жолғы сапарыңыз да қазіргідей күрделі кезеңдегі ынтымақтастығымызды нығайтуға және кеңейтуге ықпал ететініне сенімдімін».
Осылай деген Қазақстан басшысы 16 қазанда, яғни бүгін өтетін ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесі мен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес аясындағы келіссөз мәселелерін қозғады. «Бүгінде ЕАЭО халықаралық аренада құрмет пен беделге ие бола отырып, өзінің аясын кеңейтіп келеді. Демек, біз дұрыс жолда келеміз деп есептеймін», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, екі мемлекеттің әріптестігін дамыту келешегіне де тоқталып өтті. «Біз Сочиде өзара қарым-қатынастарымызға қатысты негізгі мәселелерді талқылауға мүмкіндік алдық, енді бүгін соларға қатысты тиісті құжаттар дайындалып отыр. Біздің қарым-қатынастарымыз «ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы» іргелі келісім негізінде дамып жатқанын да айтқым келеді. Одақтастық Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартпен, ал экономикалық тұрғыдан ЕАЭО-ның жарғылық құжаттарымен бекітілген. Қазақстан әрдайым Ресейдің жақын әрі сенімді көршісі, одақтасы болған, алдағы уақытта да солай болып қала береді. Бұл Қазақстан халқының түпкі мүдделерімен тоғысып жатыр», – деп атап өтті Н.Назарбаев.
Н.Назарбаевтан кейін сөйлеген В.Путин бүгінде жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын жеткізді. «Менің Ресей-Қазақстан қарым-қатынасына сипаттама беруімнің керегі жоқ. Бұл – жай өзара сенімді серіктестік қана емес, толық мағынасында одақтастық қарым-қатынас. Қазақстан – біздің ірі сауда-экономикалық серіктестеріміздің бірі. Қазіргі таңда 6 мыңға тарта ресейлік компания Қазақстанда жұмыс істеп жатыр, нәтижесінде, долларлық эквивалентпен есептегенде мол көлемдегі инвестиция жинақталды. Сіздің төл бастамаңыз – Еуразиялық экономикалық одақ белсене дамып, экономикаларымызға оң ықпалын тигізуде. Біз басқа да көптеген серіктесіміздің ЕАЭО-мен түрлі пішімде ынтымақтасуға ниетті екенін көріп отырмыз», – деді Ресей Президенті.
Екеуара кездесу аяқталған соң, келіссөздер кеңейтілген құрамда жалғасты. Бұл шара Ресей Президенті В.Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылды. Қазақстан Президенті Ресей біздің еліміздің стратегиялық серіктесі әрі одақтасы екенін атап өтті. «Біз Еуразиялық экономикалық одақта өзара ықпалдасып отырмыз. Елдеріміз екіжақты байланыстар аясында экономика, ғылым және гуманитарлық салалардағы жобаларды табысты жүзеге асырып келеді. Соған орай біз екі мемлекеттің ынтымақтастығына соны серпін қосатын бұл жолғы кездесуге айрықша мән береміз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Қазақстан Президенті өзара тауар айналымы көлемінің қазіргі құлдырауы әлемдік экономика дамуының кезеңділігіне және негізгі экспорттық тауарлар бағасының төмендеуіне байланысты уақытша құбылыс екеніне назар аударды. Бұл турасындағы ойын Елбасы: «Біз ұлттық деңгейде де, ЕАЭО аясында да үйлесімді жедел шаралар қабылдау қажеттігін түсінеміз. Экономикалық мәселелердің салдарын жеңілдете түсу үшін резервтерді пайдаланған жөн. Еуразиялық экономикалық одақ Ұйымның барлық мүшесінің тең құқылығы жағдайында қызмет ете алады, мемлекеттеріміздің өкілдері барлық елдің мүддесіне және ортақ экономикалық ұстанымдарға сәйкес жұмыс істеуі тиіс», – деп түйіндеді.
Өз кезегінде Владимир Путин екіжақты қарым-қатынас барлық салада, соның ішінде саясат, экономика және қауіпсіздік бағыттарында тиімді дамып келеді деген ойын жеткізді. «Біз статистикалық көрсеткіштердің аздап төмендегенін байқап отырмыз, бірақ нақты көлем тұрғысынан іс жүзінде өзгеріс жоқ. Біз 2013 жылы қабылданған, 2015 жылы мерзімі аяқталатын екіжақты жоспар негізінде жұмыс істеп жатырмыз. Қазір біздің әріптестеріміз 2016-2018 жылдарға арналған бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеуде. Оны жыл аяғына дейін бекітеміз деп үміттенемін», – деді Ресей Президенті. Сонымен қатар, В.Путин Ресейдің Қазақстан экономикасына салған инвестициясы шамамен 9 миллиард доллардан асқанын да атап өтті.
Қазақстан мұнайының сыртқы нарыққа арналған негізгі көлемі Ресей аумағы арқылы өтетініне, мәселен, Қазақстан мұнайының басым бөлігі Атырау – Самара, Махачкала – Новороссийск және Каспий мұнай құбырлары арқылы экспортқа шығарылып жатқанына назар аударды, сондай-ақ, жоғары технологиялар, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларында бірлескен ірі жобалар бар екенін атап көрсетті.
Ақордадағы келіссөздер аяқталғаннан кейін мемлекеттер басшылары брифинг өткізіп, Бірлескен мәлімдеме жасады. Брифинг, күтілгеніндей, Қазақстан мен Ресей президенттерінің келіссөз қорытындысына арналды. Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путиннің Қазақстанға сапары мәртебесінің биіктігі екі ел қарым-қатынасының ерекше сипатын айғақтайтынын атап көрсетті. «Біздің елдеріміздің арасында өзара іс-қимылдың, достық пен ынтымақтастықтың ілгеріден келе жатқан және нағыз табысты тәжірибесі қалыптасқан. Біздің әрбір кездесуіміз – бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі нақты уағдаластықтарға, ынтымақтастықтың өзара тиімді шартқа негізделген жаңа бағыттарын айқындау мәселелеріне арналады», – деді Н. Назарбаев.
Қазақстан Президенті қазіргі күрделі ахуалды ескере отырып, келіссөздерде экономикада үйлесімді іс-қимылдар жүргізу мәселесі басты тақырып болғанына назар аударды. «Бұл үшін бізде екіжақты пішімде де, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да қажетті нәрсенің бәрі бар. ЕАЭО құрудың өзі елдеріміз үшін маңызы зор игі қадам болып саналады. Қазақстанның өнім өндірушілері ЕАЭО-ға мүше елдердің ауқымды нарығына шектеусіз қол жеткізді. Енді осы нарықта орнығу үшін тауар мен жұмыс және қызмет көрсетудің бәсекеге қабілеттілігін арттыру керек», – деді Қазақстан басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер кезінде әлемдік экономикадағы түйткілдердің салдарын жеңілдету үшін бірқатар нақты шаралар белгіленгенін айтты. «Бұлар – Ресейдің газы мен мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға транзиттеу, Каспийдегі «Центральное» және Хвалынское» кеніштерін бірлесіп игеру, көмір өнеркәсібі саласында ынтымақтасу, транзит үшін Каспий теңізінің бойымен Парсы шығанағына шығатын жаңа жолды пайдалану жайын пысықтау мәселесі. Біз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасының аяқталуы, сондай-ақ, инфрақұрылымдық саладағы ынтымақтастық туралы арнайы сөйлестік. Осы бағыттардағы серіктестікті дамыту үшін зор әлеуетіміз бар», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Әбішұлы екі елдің сауда-экономика саласындағы өзара іс-қимылының келешегіне бөлек тоқтала келе, Ресей Қазақстанның сауда саласындағы дәстүрлі ірі серіктесі екенін айтты. «Өзара тауар айналымының орташа жылдық көлемі шамамен 21 миллиард долларды құрайды. Ресей компаниялары Қазақстанның ірі көмірсутегі шикізаты кеніштерін игеруге қатысуда. Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 5600-ден астам кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Бүгінде Қазақстанның Индустрияландыру картасы аясында қазірдің өзінде бірлескен 20 ірі инвестициялық жоба іске асырылды, 4-еуі атқарылып жатыр, тағы 3-еуі болашақта қарастырылмақ», – деді Н.Назарбаев.
Брифинг барысында, сондай-ақ, күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерге қатысты Қазақстан мен Ресейдің ұстанымдары айтылды. «Біз Минск уағдаластықтарының жүзеге асырылу барысын, жаһандық және өңірлік ұйымдар аясындағы ықпалдастық аясын, әсіресе, Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейту мәселелерін талқыладық. Бұл ретте, Ауғанстандағы, Сирия мен Ирактағы ахуалдың мәні зор. Біз Владимир Владимировичпен осы өңірде қалыптасқан жағдайды талқыладық. Бүгінде шииттер мен сүнниттер арасындағы текетіресті өз мақсатына пайдалану белсенді жүруде. Алайда, бұл әңгімелер шындыққа еш жанаспайды. Сирияда болып жатқан жайт – біздің бәріміз үшін, әсіресе, Орталық Азия өңірі үшін ортақ қатер. Осыған байланысты біз «Ислам терроризмге қарсы» форумын өткізу идеясын ұсынып отырмыз», – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы, сондай-ақ, Қазақстан мен Ресейдің әлемдегі ахуалдың өрістеуіне және оны бағалауға қатысты көзқарастары ортақ екені, екі ел халықаралық мәселелерді шешу жөніндегі қадамдарының тығыз үйлесімділігі, бұл мәселелер бойынша пікір алмасулар мұны тағы да дәлелдегені атап өтілді. Сөзінің қорытындысында Нұрсұлтан Назарбаев Ресей тарапына Қазақстан тарихындағы үшінші ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарыш экспедициясын ұйымдастыруға жәрдемдескені үшін алғыс айтты.
Ал Ресей Президенті Ақордада сындарлы әрі мазмұнды келіссөздер жүргізілгенін жеткізді. «Дәстүр бойынша бұл келіссөздер ашық әрі достастық ыңғайында өтті. Біз сауда-саттық, инвестиция, энергетика, көлік, ғарыш, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану сияқты салаларға айрықша көңіл бөліп, екіжақты қарым-қатынастардың барлық мәселелері бойынша пікір алмастық», – деді В. Путин. Сонымен қатар, Ресей Президенті екі елдің Каспий мұнайын бірлесіп игеріп жатқанына тоқталып өтті. «Каспийден бірлесе мұнай өндіруге қатысты үлкен жоспарлар бар. Мәселен, біз Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің қайраңын межелеу туралы 1998 жылғы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы құжатқа қол қойдық. Бұл екі елдің компанияларына ірі көмірсутегі кен орнын игеруге кірісуге мүмкіндік береді», – деді Ресей Президенті.
Сонымен қатар, В.Путин екі елдің энергия жүйесі синхронды, яғни қапталдасқан режімде жұмыс істеп тұрғанын, бүгінде Қазақстан мен Ресейдің ортақ электр энергиясы нарығын құру бағдарламасы әзірленіп жатқанын айтты. «Мәселен, қазір Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту және қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Бұған қоса, Қазақстандағы бірінші атом электр стансасын салуға дайындық үстіндеміз», – деді В.Путин.
Ресей Президенті сыртқы конъюнктураның қиындығына, экспортқа шығарылатын қазақстандық және ресейлік негізгі тауарлар бағасының құлдырауына, валюталар бағамының құбылмалығына қарамастан, өзара сауда-экономикалық байланыстардың қарқынын сақтап қалуға мүмкіндік бар екенін айта келе, былай деді: «Үстіміздегі жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы рубльмен есептегенде 23 пайызға артты. Өзара инвестиция ағыны да өсуде. Мәселен, Қазақстанның Ресейдегі инвестициясының көлемі шамамен 3 млрд. долларды құрайды. Яғни, бұл – ресейлік бизнес іс жүзінде Қазақстан экономикасының барлық саласында бар деген сөз».
В.Путин өз сөзінде Қазақстан Президентінің терроризммен күрес мәселесінде әлем елдерінің күшін біріктіру ұсынысын қолдайтынын да жеткізді. «Біз Қазақстан Президентінің барлық елдің, ең алдымен халқы ислам дінін ұстанатын елдердің лаңкестікпен күрестегі күш-жігерін біріктіру ұсынысына қолдау білдіреміз», – деді В.Путин.
Бірлескен брифинг барысында Ресей Президенті Ақордадағы келіссөздер кезінде Еуразиялық экономикалық одақ қызметінің бірқатар аспектілері, халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды арттыру болашағы қаралғанын да айтып өтті.
Брифинг қорытындысында В.Путин Ресейдің Сириядағы халықаралық лаңкестікпен күрестегі іс-қимылын АҚШ-тың сынға алуына қатысты журналистер тарапынан қойылған сұраққа былайша жауап берді: «Мен мұны түсіне алмаймын және бұл ұстанымды дұрыс емес деп санаймын. Бұл ретте, америкалық ұстанымның әлсіз болуының негізі аталған мәселеде қандай да бір күн тәртібінің болмауында жатқан секілді». Сонымен қатар, ол алдағы уақытта бұл күрделі үдеріске қатысушылардың барлығымен, оның ішінде америкалық әріптестерімен сындарлы үнқатысуға үміт артатынын айтты.
Ресей Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында төмендегідей екіжақты құжаттарға қол қойылды:
– Жер қойнауын пайдалануға қатысты егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 1998 жылғы 6 шілдедегі келісім хаттамасына өзгерістер енгізу туралы хаттама;
– Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
– Қазақстан Республикасының аумағындағы жер учаскесін пайдалана отырып, Домбаровский позициялық ауданынан зымырандар ұшыру кезіндегі өзара іс-қимыл тәртібі туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы келісім.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.