• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2015

Денсаулық сақтау саласы серпінді дамуда

391 рет
көрсетілді

Кеше түстен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақтөбеге келді. Мемлекет басшысы бірден облыстық көп салалы ауруханаға атбасын тіреді. Ақ халаттылар сәуірдің шуағындай ақжарқын қуанышты жүзбен қарсы алды. Мұнда Елбасы аурухана ұжымымен кездесті. Бұл емдеу мекемесі Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған-ды. 320 кереуеттік облыстық көпсалалы аурухана құрылысына 11,8 миллиард теңге жұмсалды. Аурухана осы заманғы озық медициналық құрал-жаб­дықтармен жабдықталған. Емдеу мекемесінде кең ауқымды 1,5 Тесла магнитті-резонансты томограф, ангиографиялық, рентге­нологиялық, эндоскопиялық және реанимациялық қондырғылар, таза орта, медициналық газ жүйе­лері, қазіргі заманға сай эксперт­класты ультрадыбыстық сканер­лер, «жасанды бүйрек» және «жасанды бауыр» аппарат­тары, барокамералар бар. Ауру­хананың жалпы қабылданған 24 бө­лімінен басқа, облыстағы бір­ден-бір эндокринологиялық, ото­ларингологиялық, урологиялық, қан тамырлары хирургиясы, ГБО бөлімшелері де осында жұмыс істейді. Мұнда емдеудің, ота жасаудың жаңа технологиялары енгізілген, аорта-орта жілікті ұштастыру, васкулярлы оперативті араласу, жамбас-ортан жілік және тізе буындарын эндопротездеу, трансплантология, кең ауқымдағы эндобейнехирургия сияқты күрделі операциялар жасалады. Елбасын жаңа аурухананың жұмысымен егжей-тегжейлі таныс­тырып өткен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев өңірдегі осы саладағы оң өзгерістерге де тоқтала кетті. Оның мәлімдеуінше, 2014 жылы денсаулық сақтау саласына жұмсалған қаражат мөлшері 31,0 млрд. теңгені құраған. Өткен жылы денсаулық сақтау мекемелерін салу және күрделі жөндеу бойынша екі мемлекеттік бағдарлама ойдағыдай аяқталған. Елді мекендерде 10 дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріліп, 138 жұмыс орны ашылып, 16 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өткізілген. Елбасы сөз арасында басқарма бас­шысынан бала туу мен сәби­лер­дің шетінеу жағдайын сұрады. Өз сөзінде Әсет Қалиев өткен жылдың қорытындысы бойынша бала туу көрсеткіші 0,4 пайызға артып, 19740 сәби дүниеге кел­генін, халықтың табиғи өсімі көтерілгенін жеткізді. Әлеуметтік маңызы бар аурулардан болатын өлім-жітім саны төмендеп, әсі­ресе, бала өлімі тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақытта бес есеге дейін кемігенін, ауруды ерте анықтау нәтижесінде соңғы он жылда өмір сүру ұзақтығы 5,6 жасқа артып, ақтөбеліктердің орташа өмір сүру деңгейі өткен жылы 71,6 жасқа жеткенін мәлім етті. Содан кейін Нұрсұлтан Әбіш­­ұлы кездесуге жиналған ақ ха­латтылармен әңгімелесті. Қа­зақ­стан Президенті бұл ау­ру­хананың жаңа ғимаратта ор­наласқанын, заманауи құ­рал­дармен жабдықталғанын атап өтті. – Көп нәрсе енді сіздерге байланысты. Егер өз жұмыстарыңызды сапалы атқарып, қолда бар жабдықтардың мүмкіндігін толық пайдаланатын болсаңыздар, халық денсаулығын жақсартуға зор үлес қосасыздар. Біздің елімізде денсаулық сақтау саласына зор көңіл бөлініп отыр, Қазақстан жан басына шаққанда бұл салаға бөлінетін қаражат көлемі жөнінен дамыған елдер деңгейіне таяп келеді. Республикада соңғы 20 жылда мыңға жуық денсаулық сақтау нысаны салынды. Халық отандық медицинаға сенім арта бастады, ал көрші елдердің азаматтары емделу үшін бізге келетін болды, – деді Мемлекет басшысы. Сөзінің соңында Нұрсұлтан На­­зарбаев медицина қызмет­кер­леріне табыс және бақ-береке тіледі. Кездесуде сөз алған ауру­хананың госпитальды хирургия бөлімінің меңгерушісі Базыл­бек Жакиев, эндокринология бөлімінің меңгерушісі Влади­мир Котлобовский, денсаулық саласының ардагері Ізбасқан Аймағамбетов Қазақстан Пре­зидентіне республикада ден­саулық сақтау саласын дамытуға, біліктілікті арттыруға және тәжі­рибе алмасуға қажетті жағдай жасалғаны үшін зор ризашы­лықтарын білдірді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.