Елі үшін туған кез келген ер-азаматтың қиын-қыстау сәтте байыз тауып отыра алмайтыны анық. Қалай дегенмен де, елім деп еміренген әрбір жан осылай етсе керек-ті. Біздің кейіпкеріміз Талқа Әуелұлы да өзі қатарлас жастардың алды болып, әскери комиссариатқа барып, майданға жіберуді өтінеді. Инженерлік-саперлік полктің құрамына іліккен ол 1942 жылдың ақпан айында Оңтүстік-Батыс майданына жол тартып, Харьков бағытында ұрысқа түседі. Сол бір жылдардың ерте көктемінде ол радиомен басқарылатын, сондай-ақ, миналардың басқа да түрлерімен жұмыс істеуді Мәскеу түбіндегі Нахабинода үйренеді.
Осы кезде Талқа Әуелұлы талай рет ажалдың өзімен бетпе-бет келіп, майдандастарымен бірге жеңісті жақындатуға сүбелі үлес қосты. Сталинград шайқасындағы ауыр күндер оның жүрегіне жазылмас жара салып жадында ұмытылмастай із қалдырды. Кейінгі жылдарда Талқа Әуелұлы бұл туралы есіне алып былай дейтіні бар еді: «Маңдайға жазғаны осы екен дә... Біз қою қараңғы түсісімен-ақ баржамен қалаға баратын ек. Көбіне-көп қарша бораған оқ астында, зымырандардың жарығымен ілгері адымдап, жаудың қойылған миналарын залалсыздандырып, жаңа бір нысандарға миналар қоятынбыз. Күздің қара суығында жағалауға қарға адым жер қалғанда баржамызға жау снаряды түсіп, тас-талқан етті. Снаряд жарқыншағы тиген бәзбіреулер ыңырана ыңырсып, кейбіреулері Еділ өзеніне батып жатты. Тынық түнді әрі-сәрі күйге түсіріп, айнала-төңіректің бәрі азан-қазан болды да кетті. Есімді еміс-еміс жинағанымда: «Досым, тірі екенсің ғой», деп әлдекімнің мені судан шығарып алып, сүйрелей жөнелгенін көрдім. Бұл кәдімгі өз взводымдағы Николай Кислых болатын. Соғыстан кейін де ұзақ уақыт хат алысып тұрдық».
Сталинград шайқасынан аман қалған Талқа Әуелұлы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Кейіннен ол Орел-Курск иініндегі қанқұйлы ұрысқа қатысады. Осынау шайқаста немістің ТМ-35 танкісін жоюға күш салып, жауынгерлеріміздің жолын тазартып отыру секілді ауыр міндетті орындайды. Оның жарқын мысалын жаудың 40 мыңға жуық мина мен қопарғыш орнатылған алқаптың залалсыздандырылғанынан көруге болады. Сол бір кірпі секілді алып болат құрылғылардың қып-қызыл жалынға оранып, күлі көкке ұшқанын көргенде Талқа Әуелұлының саперлер бригадасы іштей ғана үнсіз қуанып, «бұл – біздің ісіміз!» деп марқайып қалатын-ды. Өздері тазалаған жолмен біздің бөлімдер алға ұмтылатын.
Сұрапыл соғыстың қан майданында ажал аузынан аман қалып, жауынгерлік шеберлігі әбден шыңдалған Т.Әуелұлы кеңес әскерінің құрамында Белоруссияны, Польшаны азат етіп, Берлинді алуға қатысады. Әсіресе, Белоруссияны азат етуде Т.Әуелұлы бастаған саперлер бригадасы жанқиярлық ерлік танытып, небәрі жиырма күннің ішінде 34 мың жау минасын залалсыздандырып, жаяу әскер мен танк колоннасының 193 жол арнасын ашып беруге, сонымен бірге, оншақты өткел жолын жүргізуге ерекше үлес қосты. Осынау шайқастардың қалың ортасында жүріп, екі рет жараланды. Ол ұрыс кезіндегі жауынгерлік ерліктері үшін екі рет «Қызыл Жұлдыз», екі рет «Отан соғысы» ордендерімен, 8 медальмен марапатталды.
Талқа Әуелұлы соғыс аяқталған соң 1945 жылғы 24 маусымда өткен Жеңіс шеруіне 30-ға жуық оңтүстікқазақстандық сарбаздың ішінде қатысқан жалғыз қазақ болатын. Ұлы Жамбыл Талқаұлының айтуына қарағанда, әкесінің 1945 жылдан кейін де 9 мамырдағы Мәскеудегі шеруге қатарынан екі рет қатысуға мүмкіндігі болған екен. 1995 және 2000 жылдары Жеңістің 50 және 55 жылдығына арналған шерулерге ол екі рет шақыру алады. Бірақ та сол екі шақыруында да Т.Әуелұлы денсаулығы сыр беріп, бара алмай қалады.
Соғыстан кейінгі мамыражай бейбіт заманда Талқа Әуелұлы Алматыдағы су-құрылыс шаруашылығы басқармасында қызмет істеп жүріп, ардагерлердің арнаулы емханасында емделіп тұратын еді. Сонда тағдырдың сыйымен халықтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлымен бір палатада жатады. Тегінде «жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» демеуші ме еді. Жан адамды жанына оңайшылықпен жуытпайтын туабітті қайсар да өжет мінезді, бірбеткей, тау тұлғалы батырдың бабын тауып, онымен емен-жарқын әңгімелесіп, сыр шертісудің өзі неге тұрады?!
Зады, алыпты алып алыстан таниды деген бар. Солай десек, даңқты батыр Баукең екеуара әңгімеде қазақ баласына мағынасыз есім бермейтінін тарқата келіп, Талқа дейтұғын аттың нендей мағынасы бар екендігін суыртпақтап сұрапты. Сонда Тәкең «Әбуталқа» дейтін есімін әкесінің молда ағайыны азан шақырып қойғандығын алға тартады. Ал Баукең болса: «Е, солай де, «Әбуталқа» деген сөздің мағынасы «көкке өрлеу» болса керек, сірә», дей келіп, әңгіменің төркінін майдан даласындағы сұрапыл жылдарға қарай ойыстырады. Талқа Әуелұлының ұрыста шарболаттай шыңдалып, һәм Жеңіс шеруіне қатысқанын білген соң Баукеңнің Тәкеңе деген ықылас-ілтипаты бөлекше өріліп, шешіле сыр тарқатысады. Осында Баукеңнің: «Сен өзі нағыз батыр екенсің ғой. Жеңіс шеруіне қатысу Кеңес Одағының алтын жұлдызды батырымен тең, тіпті, олардан да жоғары дәреже десе болады. Өйткені, Кеңес Одағының батырларының бәрі бірдей Жеңіс шеруіне шақырылған жоқ қой», деп ағынан жарылып, ағыл-тегіл ақтарылуы тегін емес.
Расында, Тәкеңнің – Талқа Әуелұлының Баукең сияқты сайын даланың сайыпқырандарымен жүз көрісіп, жақын-жуық болғаны бір бұл емес. Шәуілдір аудандық су шаруашылығы мекемесінде жұмыс істеп жүрген кезі болатын. Ұжымшардың қарбалас тіршілігінде мақта егіп, оған дер кезінде су жеткізу маңызды еді. Айтсын-айтпасын, қазекем қашанда кеңқолтық, ас та төк, бейпілдікке үйреніп қалған дархан халық емес пе? Суды үнемдеп пайдалану сол күннің өзекті мәселесіне айналған-ды. Сондықтан Тәкең жұртқа суды кестелеп бөліп, мақта егістігіне суды молайтып беруді қолға алады. Сондай күндердің бірінде Қажекеңе – Қажымұқан Мұңайтпасұлына ауылдың бір айтқышы келіп: «Ана жас инженер сізге су берілмесін деді», деп балуанның таңдайын көтеріп кетеді. Осы бір уақытта қазақтың хас балуаны Шәуілдірде тұратын-ды. Қауын-қарбыз егіп, қарапайым ғана тіршілік кешетін Қажекең мұны естіп, кәдімгідей ашуға мінеді. Балуанның қаһарынан қаймыққан Тәкең оның көзіне түспей, үш күн, үш түн көрінбей жүріпті.
Халқымызда «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше» деген мақал тегін айтылмаған сыңайлы. Өйткені, орайын тауып, оның ашуы басылған соң Тәкең арнайы іздеп барып, мән-жайды ұқтырғанда, бала мінезді балуан судың да сұрауы барлығын ұғынып, жөн сөзге тоқтаған екен. Шынтуайтында, қазақтың қос бірдей тау тұлғалы ұлымен тағдыры тоқайласып, олармен ішінара сыйласып, бір-бірін мойындауы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, тағылым болары анық.
Ұзақ жылдар бойына басшылық салада қызмет етіп, ерен еңбегімен халық игілігіне жарап, айрықша қолтаңбасын қалдырған Талқа Әуелұлы бүгінде тірі болса 93 жасқа келер еді. Ардақты азамат, асыл ағаның есімі су шаруашылығының майталман маманы, Отырар, Арыс, Шардара, Мақтаарал аудандарының, Түркістан қаласының құрметті азаматы ретінде жұртшылыққа белгілі. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерін бейбіт өмірде омырауына таққан ер. «Адам ұрпағымен бақытты» десек, Тәкеңдей тұлпар тақылеттес тектіден тараған ұл-қыздары да әке атына қылаудай кір келтірместен, талайларға үлгі болып, еліміздің әр саласында өзіндік орнын тауып, хал-қадерінше еңбек етіп келеді.
Сейдехан ӘЛІБЕК,
М.Әуезов атындағы
ОҚМУ-дің деканы,
тарих ғылымдарының докторы.
ШЫМКЕНТ.