«Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингіне – 20 жыл
Ғылым жолы әрқилы болады. Сәтімен басталып, жетілдіріп әкетілуі көбіне соның негізін құрушы адамдарға байланысты екені белгілі десек, мұны айтуымыздың себебі бар. Бүгінде жоғарыда аталған алысқа аян холдингтің бастапқы тарихы кешегі дәуірдің 70-ші жылдарынан тамыр алуын атап өтпеуге болмайды. Бұл ретте алдымен академик Е. Бөкетовтің бастамашылығы сол кезде жергілікті биолог, химик ғалымдардың арманы болып жүрген үлкен ғылыми ізденіске жол салғанын айтпай кете алмайсыз. Саланың ірі ғалымы ретінде Евней Арыстанұлы органикалық химия және дәрілік заттар химиясының дамуына талапты жас ізбасарларын топтастыруға ұйытқы болуы сан қырлы істерінің бірі болған еді. Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры міндетін атқара жүріп,өзі іргетасын қалаған химия-металлургия институтында химия гербицидтері зертханасын құруға мұрындық болды. Мұны қуана қолдап, алға тартқан директоры Е.Әзербаевтың ісін жалғастырушы басшы Жантөре Әбішев осы бағыттағы жұмысты жандандырды. Бөкетовтің кеңесімен Бүкілодақтық дәрілік өсімдіктер институтында кандидаттық диссертация қорғаған жас ғалым М.Мұхамеджанов жұмысқа шақырылып, атауы табиғи қосылыстар химиясы деп өзгертілген зертханаға жетекшілік ету тапсырылды. Ғалымдық та, ұйымдастырушылық та жағынан қабілеттігі жарасты ол Қазақстанның өсімдіктер флорасынан дәрі жасауға сипаттары барын зерттеудің ғылыми бағытын, осыған ынталы құрам қалыптастырды. Марат Нығметжанұлы кенеттен ауырып, өмірден озған кезде профессор Александр Кагарлицкий жетекшілік етіп, дәрілік заттардың молекулаларын синтездеу жолына көп көңіл аударды. 1983 жылы зертхананы басқару Мұхамеджановтың шәкірті, ғылым кандидаты Серғазы Әдекеновке жүктелді. Ол Бүкілодақтық комсомолдың ХІХ сьезіне делегат ретінде қатысу кезінде КСРО Министерлер Кеңесі төрағасының орынбасары Г.Марчуктің және КСРО ҒА президенті А.Александровтың қабылдауында болып, табиғи қосылыстар химиясы зертханасына арнайы ғылыми тақырып бекіттіріп алды. Зерттеудің маңыздылығы республика Ғылым академиясының ұсынысымен Қарағандыда «Фитохимия» ғылыми-зерттеу институты құрылуына негіз қалады. Оны басқаруға сенім бұл уақытта Мәскеудегі Ресей биоорганикалық институтта докторлық диссертация қорғап, жергілікті өсімдіктер бойындағы фармолокогия үшін бейімді биологиялық белсенді заттарды зерттеп, одан дәрілік препараттар жасауда танылған Серғазы Әдекеновке көрсетілді.
Үкіметтің 1995 жылғы сәуірдегі қаулысына сәйкес құрылған ғылым ошағының жұмыс ауқымы кейінде одан сайын кеңейіп, халықаралық ғылыми-өндірістік холдингке айналған бірегей бұл орталық бүгінде отандық фармацевтикалық өндірістің көшбасы ретінде белгілі. Қазір құрамында химия, фармакология, биология, фармацевтика салаларына бағытталған 13 ғылыми-зерттеу бөлімдері бар, 1 академик, ҰҒА-ның 2 корреспондент-мүшесі, 17 ғылым докторы мен 38 кандидаты дәрілік шикізатты іздестіруге, табуға, пайдалануға асыруға жұмылған, жанынан «Қарағанды фармацевтикалық зауыты» ЖШС жұмыс істейтін оның алға ұмтылысы артып келеді.
Бұл іс қалай басталған еді делінгенде, фитопрепаттардың ежелден емдік қасиеті бар табиғи өсімдіктерден жасалып келе жатуы мәлім. Кейінгі кезде әлемдік фармацевтикалық рынокта содан дайындалған дәрі-дәрмек көздеріне сұраныс көбейіп те отыр. Бұл ретте Қазақстанның қай аймағынан болсын жарамдысын тауып, өңдеп, тұтынушылар игіліне жаратуға мүмкіндіктің кеңдігі жергілікті ғалымдар ізденісіне көптен өзі сұранып тұрғандай-тын. Осы бағыт бойынша бұдан біраз жылдар бұрын қолға алынған шаралардың нәтижесінде Қарқаралының тықыр жусанынан, Нұраның итмұрынынан, Жаңаарқаның шырғанағынан, Қызыларайдың қарағайы майынан, Ұлытаудың қаңбағынан, Баянауылдың қырмызы гүлінен бөлініп, шипаға айналдырылған «Арглабин», «Салсоколлин», «Биалм», Тополин», Калиор» сияқты препараттардың қатерлі ісік, бауыр, өт, асқазан ауруларын тежеп емдеуге, жарақатты жазуға, күйікке жағуға, гаймориттен сауықтыруға қолданылуы іске асты. Осының ішінде, әсіресе, «Арглабиннің» атағы алысқа жайылды. Оны алғаш рет клиникалық сынақтан өткізуші белгілі онколог оташы, профессор Ғани Мұсылманбековтің бағалауынша, бауырдың бірінші сатыдағы қатерлі ісік, геаптоцеллюрлі ісік және өкпе, сүт безінің регрессиясына объективті оң әсері анықталса, сонымен бірге оны қолдану арқылы бауыр ісігіне шалдыққан сырқаттардың бауыр ісігі көлемі кішірейетіндігіне, биологиялық қанның жалпы анализі көрсеткіштері, иммундық қасиет жақсаратындығына, ісіну үдерісінің бәсеңдеп, тежеле бастайтындығына көз жеткізілген. Оның тағы бір ерекшелігі, осындай тектес шетелдік басқа фитопрепараттармен салыстырғанда құрамында улылығы жоғары цитостаиктердің аздығы науқас ағзасының белсенділігін әлсіретпейді. Жаңа басталып келе жатқан қатерлі ісікті одан әрі өршітпей ыдыратып жіберуге қабілеті жетеді. Мысал үшін, онкологиялық ауруға ұшыраған 3 мың науқастың «Арглабин» препаратымен емделе алуы, клиникалық оң әсері 73 пайыз құрауы шипалық қасиетін аңғартады.
1999 жылдан бастап жақын және алыс шетелдердің, еліміздің барлық онкологиялық және ғылыми орталықтарында қолданысқа енгізілген бұл дәрінің шипалық қасиеті, сондай-ақ, Германиядағы «Леонардис Клиник», АҚШ-тың Хьюстон штатындағы «Нью Онколоджи Лабз» және Мәскеудегі Н.Блохин атындағы Ресей онкологиялық ғылыми орталықтарында дәлелденді. Бірнеше елде соның ішінде, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Германияда, Францияда, Швейцарияда патенттелген, ТМД елдерінде тіркелген оған сырт жерлерден тапсырыс көп. Қазір тықыр жусан өсімдігінен алынған сесквитерпенді лактон субстанциясы негізінде тамыр жүйесі арқылы жіберуге арналған лиофилденген түрі де шығарылуда.
Бір қызықты жайт, кезінде «Арглабинге» қызығып, өздерінде бірлесіп өндіру жөнінде ұсыныс жасаушылар аз болмапты. Егер оған келісілген жағдайда құрамын анықтап алушылар өзімізге бұйыртпай кетуі мүмкін еді. Қазақстандықтар мүддесі үшін оны қандай да қиындықтарға қарамастан тек елімізде шығарудан айнымау дұрыс болғандығын өмір өзі көрсетті.
Үлкен сұранысқа ие «Салсоколлин» препаратын да атап өтуге болады. Кәдімгі қаңбақтың негізінде жасалатын осы дәрінің клиникада улы және өткір вирустық гепатиттердің , бауырдың созылмалы диффуздық зақымдануларының түрлі формаларын емдеуде жоғары тиімділігі дәлелденген ол түйіршік таблетка ретінде шипалы. Ішек құртына қарсы «Саусалин», гиполидемиялық әсері бар «Атеролид» дәрілері де өтімді.
– Ғалымдарымыз бен мамандарымыз дәрілік заттардың түр-түрін дайындауға үлкен құлшыныс танытуда. Сондай-ақ, Қарағандыда халықаралық стандарттарға сәйкес фитопрепараттар, оның ішінде қатерлі ісік ауруына қарсы қолданылатын «Арглабин», жалпы алғанда жылына 2 млн. ампула,150 млн. таблетка мен капсулаларды, 2 млн. жұмсақ дәрілерді шығаруға қуаты жететін фармацевтика зауытының салынуы холдингтің ірі әрі табысты жобасы болды. Таяу жылдарда еліміздің тұрғындары мен медициналық мекемелерін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша отандық фармацевтика өнімінің үлесін 30 пайызға жеткізу мақсаты алда тұр. Бұл үшін инвестициялық тартымдылықты және өндірістік әлеуетті дамытуға, экспортқа бағдарлану мен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, жаңа технологияларды өндіріске енгізуге басым көңіл бөлінуде, – дейді холдинг басқармасының төрағасы, ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серғазы Мыңжасарұлы.
Жалпы алғанда мұнда 70-ке тарта фитопрепаратттар шығарылса, бұлар бәрінің түп негізі қазақ даласының өсімдіктері. Айталық, Қазақстан флорасы 6 мыңнан астам жабайы өсімдіктерден құралса, соның 667 түрі эндемикалық, ал 300-ге жуығы дәрілік сипатында қолдануға жарамды. Олардан 1 мыңнан астам табиғи қосылыстар алынып, терпеноидтар, флавоноиодтар, стериодтар және алкалоиодтар тобына жататын жаңа туындылар синтезделді. Бірқатары вирусқа, қышымаға қарсы антихолестеринимиялық, анальгетикалық белсенділік көрсетті. Бұқар жырау ауданындағы арнаулы шаруашылықта өсірілетін шөптер дәрілік шикізат қорын қамтамасыз етуге қол жеткізіп жүр. Ал биологиялық белсенді қосылыстардың республикалық банкін құру 3600 табиғи қосылыстың және олардың туындылары бойынша мәліметтердің ақпараттық базасын, дәрілік заттардың стандартты үлгілерін қалыптастырды.
Бүгінде холдинг ғылым мен өндірістің тығыз қабысқан, ортақ міндет ұштасқан ошағы. Ол отандық дәрілік препараттардың қосылған құнына қатысатын 30 өндіруші ұйымды біріктірген республикалық серпінді фармацевтикалық кластердің базалық кәсіпорны болып табылады. Үш кезегі бірінен соң бірі іске қосылып, іргелі буынға айналған фармацевтикалық зауытта барлық жұмыс үдерісі Жапонияның, Францияның, Германияның, Австрияның заманауи технологиясымен басқарылып жүргізіледі. Кәсіпорын директоры Евгений Толоконников таныстырғандай, инновациялық жобалардың аясында жаңа фармакологиялық өндіріс қалыптасуда екен. Жыл сайын шығарылатын дәрілік препараттардың көлемі ұлғайтылуда. Мұның өзі экспорттық әлеуетті де арттырмақ. Ең алдымен зауыт отандық дәрі-дәрмекті өндірудегі үлесін 50 пайызға көтеруді басты мақсат санайды. Бұл алынбас асу емес. Іске асырылуына ұжым мүшелері аянып жатқан жоқ. Талпыныс қашанғыдай таудай, білікті маман жеткілікті, жинақталған тәжірбие мол. Шетелдердегі салалас 30 ғылыми орталықпен, айталық Чехияның химия және технология университетімен, Германияның Ульма университеті фармакология институтымен және Ресейдің И.Ворожцов атындағы Новосибирск органикалық химия институтымен, АҚШ-тың Бетесда қатерлі ісік ұлттық орталығымен бірлескен ізденіс ең қатерлі дертке қарсы күреске халықаралық ауқымда жұмылдырылуда.
Маман демекші, холдингті қарағандылық талапты, танымал биолог, химик ғалымдардың топтасқан ынтымақты ортасы деуге болады. Сырқаттарға шама келгенше шарапат тигізуді, шипа сыйлауды мерей тұтқан жандардың қай-қайсысын да үздіксіз ізденіс үстінде екенін көресің. Солардың бірі, аға ғылыми қызметкер Қорлан Итжанова өз әріптестері атынан білдіргендей, ғылыммен алаңдаусыз шұғылдана алуларына ризалығы бөлек. Бір топ мүдделестерімен «Қазақстанда табиғи сесквитерпендік лактондар химиясы бойынша зерттеулерді дамыту, олардың негізінде жаңа дәрілік заттарды әзірлеу мен жасау, бірегей отандық фитопрепараттардың өнеркәсіптік өндірісін ұйымдастыру» атты жұмыстар циклы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болған ол осы саладағы істерді жетілдіру, отандық дәрілердің түр-түрін жандандырудағы жұмыстардың жемістілігіне, бұл күнде дәрілердің ең жаңа түрлері, нанобөлшектер, капсулалар, жақпа майлар және суппозиттердің соңы технологиясы жасалуына қуанады. Өздері бұл істің бұрыннан басы-қасында жүрсе, қатарларына келіп қосылған жас талапкерлердің қадамдары да сәттілігі назарға іліккен ғылыми еңбектерінен, халықаралық байқауларда тұщымды баяндамаларымен көзге түсулерінен білінеді. Ғылым кандидаттары Жанкелді Нұрмағамбетов, Анар Дүйсентаева сынды зерек ойлы жастардың сапының жылдан жылға мақсаттастарымен толығуы төл фармацевтикалық өндірісіміздің кемел келешегін көрсетеді.
Тегінде ғылымның қиындығы сол шығар, жемісі ұзақ уақыт білінбейді. Оның пайдалы екенін дәлелдеуде, игілік-шарапатына көз жеткізуде қандай ерік-жігер жұмсалары ғалымдарға ғана белгілі. Осыдан 20 жыл бұрын дәрі жасаушы топтың үнемі шөптерді қайнатып, суын түтіктерге сүзіп, қайта ауыстырып жататындықтарын талай көріп, жалығусыз іс-әрекеттеріне таң қалушы едік. «Сен істі сүйсең, іс саған бас иеді» делінген ғой. Енді міне, алыс-жақындағы жұртқа дәру дарытқан дәрілерімен аян. Дүниежүзіне танымал биологтардың, химиктердің таяуда Қарағандыда өтетін «Фитохимиядағы жетістіктер және даму жолдары» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысуға ынтызарлығы да жайдан-жай болмаса керек.
Денсаулық сақтау саласын бәсекеге қабілетті отандық препараттармен қамтамасыз етуді, олардың маңызды түрлерін жасауды, игерілуін және өндірілуін ұйымдастыру үшін құрылған қазіргі заманғы фармацевтикалық ғылыми-өндірістік орталығы тынысы осындай.
Холдингке алғыс хаттар жиі түсіп жатады.Емделуші Е.Қайырбеков былай деп жазады. «Былтыр қатерлі ісіктің бастапқы сипаты анықталып, облыстық онкологиялық ауруханада емделдім. Дәрігерлер жасырмай айтқандай, сырқаттың 3-ші сатысына ілігіп қалыппын. Ісікті өршітпеуге ауыр соғатын химия-терапиялық, радиологиялық тәсілі орнына «Арглабин» дәрісін қолдануға кеңес берілді. Біраз уақыттан соң ісіктің таралуы тоқтады. Осындай ғажайып дәрі жасаған сіздерге алғысым шексіз. Көпшілік тілеуі жолындағы еңбектеріңіз жемісті бола берсін!»
Жұрт алғысына бөленген, ел мүддесі үшін білімі мен күш-жігерін аянбаушы, адамдарға жақсылық шарапатын себуді мұрат еткен холдинг ғалымдары мен мамандарының қуантарлық жетістіктері мол бола бермектігіне сенім зор.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.