• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2015

Жан жарасымы

417 рет
көрсетілді

Қазақ Ұлттық өнер университетінің Жамбыл Жабаев залында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында «Тарих тағылымы» атты қазақстандық кино күндері басталып, оның шымылдығы қазақстандық танымал режиссер Сламбек Тәуекелдің «Жерұйық» фильмімен ашылды. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары. Өздері ашпа жалап, жоқтықтың зарын тартқан қараша үйлі қазақ ауылы. Қыстың көзі қырауда осы ауыл сыртына репрессияның, депортацияның диірменінде қос тастың арасына жаншылып, сағы сынып, аш-жалаңаш күйінде жаны бар адам емес, жансыз мүлік таситын тауар вагондарына тоғытылған, жолшыбай қырылып, тұз-дәмі таусылмағаны қазақ жеріне Қиыр Шығыстағы мекендерінен күштеп көшірілген, халдері адам аяғандай корейлерді рақымсыз билік төге әкеліп тастаған. Ауыл қазақтарына алдын ала «Жақында адам жейтін жаман жұрт келеді, оларға жақындағандардың, аяушылық жасағандардың өздерінің басы сорға қалады, атылып кетеді», деп айтылып қойылған. Бірақ қазақтың езгу жүрегі бейшара кейіптегі, халдері мүшкіл жандарға теріс қарай алмайды. Ә, дегеннен-ақ осындай оқиғаға құрылған фильм жаныңды түршіктіре отырып, мейірімділікке, бауырмалдыққа шақырады. Тәлімі мен тағылымы мол фильм қайткен күнде де көрерменін бейжай қалдырмайды. Залда отырғандардың дені жастар болғанына, оқиғаның олар өмір сүріп жатқан дәуірден мүлде өзгелігіне қарамастан, болашақтағы өздерінің өмірлерін өнермен байланыстырғаннан болар, көрерменнің қабылдауы да салиқалы. Фильмдегі оқиғаның өрбуімен, қаталдық пен мейірімнің, айуандық пен адамгершіліктің тайталасын демдерін іштеріне алып көріп отырған өрімдей жастар. Ұрпақтар сабақтастығы, меймандос дархан халықтың кешегісі қандай болса, ертеңі де сондай деген ой қылаң береді де, сол ойдың фильм барысында орныға түскенін аңдамай қаласыз. Фильм сценарийінің авторлары Сламбек Тәуекел мен Лаврентий Сонның, режиссер Сламбек Тәуекелдің негізгі айтар ойының бірі осы шығар дейсің. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-та түсірілген «Жерұйық» фильмі кино күндерінің алғашқы фильмі болса, бұдан кейін түрлі кезеңдерде шыққан Нұрмұхан Жантөриннің «Летняя баллада», Шәріп Бейсембаевтың «Возвращение сына», Амангелді Тәжібаевтың «Долгий млечный путь», Ермек Шынарбаевтың «Сестра моя, Люся», Аяған Шәжімбаевтың «Жансебіл» көркем фильмдері Жабаев залында көрермендерімен қайта қауышады. Фильм режиссері Сламбек Тәуекел: «Бүгінгі шара негізінен ҚХА жылына арналған. Ұлтаралық қатынастарға арналып, түрлі кезеңдерде жарық көрген фильмдердің тақырыптық бірлігі, мен тақырыптың ұмтылыстарының барлығы Қазақстанда тұратын барша халықтың өзара қарым-қатынасы мен ауызбірлігінің негізінде өрістеп, өрбуі турасында. Сол кезгі зұлматта ел тізгінін ұстағандар аш-жалаңаш халықты табиғаты қатал жерімізге төгіп, оларды түп-тұяғымен құртамыз деген ойда болуы керек, бірақ олар қазақ халқының жанын білмеген болып шықты. Ал қиналғанды көрсе өзінің қоң етін кесіп беруге бар қазақ, бірді-екілі емес, тұтастай этностардың, қарттар мен балалары, аяғы ауыр әйелдері бар топты ажал тырнағынан алып қалды десе, кино күндерінің ашылу салтанатында сөз сөйлегендер – театр және кино сыншысы Бауыржан Нөгербек, режиссер Сәулебек Асылхан, басты рөлдердің бірін сомдаушы Нұрболат Жақыпбаев мен ҚХА өкілінің ойлары да осы бір пікірді жібек желідей әрі тартып кетті. Шараны Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, ҚХА, Қазақстан Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ, Астана қаласының әкімдігі мен Қазақ ұлттық өнер университеті бірлесе ұйымдастырып отыр. Ал қазақстандық кино күндерін өткізу жөніндегі бастаманы 2015 жыл­дың 28 ақпанында өткен ҚХА форумында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Айма­нов атындағы республикалық шығар­машылық өндірістік бірлестіктің режис­сері Сламбек Тәуекел көтерген екен. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.