2015 жылғы 16 наурыздан Қазақстанда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына және «Өрлеу» жобасына қатысу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін құрамына ДСӘДМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің өңірлік департаменттерінің, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, жұмыспен қамту бөлімдерінің қызметкерлері кірген арнаулы мобильді топтар жұмыс істей бастады.
Мобильді топтар алғашқы жұмыс күнінің қорытындысында 8 облыстың 10 ауылдық ауданын қамтыды.
Мобильді топтар «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына және «Өрлеу» жобасына қатысуға ниет білдірген азаматтарды анықтайды.
Өтінім берілгеннен кейін мамандар жергілікті жерлерде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының және «Өрлеу» жобасының нақты бағыттары бойынша қатысуға азаматтармен әңгімелесу және кәсіби бағдарлау жұмыстарын жүргізіп, аталған бағдарламаларға қатысуға қажетті құжаттар топтамасы бойынша кеңестер береді.
Мобильді топтардың жұмысы нәтижесінде кәсіби бағдарлаудан өткен және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы және «Өрлеу» жобасының қандай да бір бағытына қатысуды шешкен тұлғалар қажетті топтамасын әзірлейді. Әрі қарай жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері азаматтарды жұмыспен қамтуға тікелей қолдау көрсетеді.
Жалпы, Қазақстан бойынша құрамына 441 қызметкер енген 178 мобильді топ құрылды. Олар жұмыссыздық деңгейі, нәтижесіз жұмыспен айналысатындар және аз қамтылған тұлғалар саны жоғары, сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына қатысу деңгейі төмен 191 ауданның 404 елді мекені тұрғындарын қамтуды жоспарлап отыр. Мобильді топтардың жұмысы ағымдағы жылғы 15 сәуірге дейін созылады.
«Егемен-ақпарат».